«Мектепке жол» – ізгілікке толы игі жол

Балам мектепке барды дегенше, өмірдің қилы да қызықты бір парағы ашылды деген дұрыс. Кеше ғана көңілі көктем алаңсыз ойын баласы мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ қоғамның белді бір мүшесі ретінде «адам» болып шыға келеді. Көзқарасы, балалық балғын сезімдері, еркелігі бәрі-бәрі өзгереді. Өзінше жауапкершілікті сезініп, қиялдарына қанат біте бастайды. Аш болсын, тоқ болсын, бар болсын, жоқ болсын (материалдық тұрғыдан) барлық баланың сәби жүрегіндегі «Мен үлкен болғанда…» деген арманы әдемі әлемнің әліппесіндей мақсаттарға жетелейді.

 

Сондай үлкен әлемнің бір бөлшегі болып қалыптасуы жолында бала арманның жүзеге асуы үшін алдымен ата-ананың, сосын қоғамның және мемлекеттің үлкен қамқорлығы керек. Баланың балғын қиялын ұштап, әдемі әлемге жолдама беретін де оны қоршаған орта, қоғам. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес еліміздің барлық балалары тең дәрежеде жалпыға міндетті орта білімді алуға құқылы. Алайда, құқығы бар болғанымен, әлеуметтік жағдайы төмен балалардың арамызда бар екені өкінішті.
Елімізде 2008 жылдың 1 тамызынан бастап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл аталмыш акцияның өту барысы туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан:
– Мемлекет жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатыр. Бұл санаттағы балалардың саны республика бойынша 450 мыңды құрап отыр. Елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін жалпыға бірдей білім беру қоры қалыптастырылған. Биыл осы қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасын және оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде, — деп хабарлады, Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Атап айтар болсақ, «Мектепке жол» акциясы аясында жалпыға білім беру қоры арқылы берілетін қолдау қаражаты жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған. Биыл мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар бірнеше есе қымбаттаған. Сонда да болса, баласының мектепке барынша құлпырып, жайнап, керек-жарағы түгел болып баруы үшін ата-аналар қазірден қамданып жатыр. Дүкендер мен базарларда сауда қызып тұр. Cаудагерлер биыл бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін 50-60 мың теңге қажет болады деп отыр. Ал «Мектепке жол» акциясы шеңберінде республика бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін әр балаға берілетін қаражат 43 мың теңге көлемінде ата-анасының есепшотына түседі.
Биыл Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 8500-ден астам баланы қамту жоспарланып отыр. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, қалалық Білім басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражат бөлініп, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына үлес қосатын болады. 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жалғасатын биылғы акция «Жақсылықты жаса!» ұранымен басталды. – Материалдық көмекті көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар ала алады. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қандай құжаттарды тапсыру керектігі туралы ақпаратты мектептер ұсынады, — дейді басқарма басшысы Қ. Сенғазыев.
Белгілі болғандай азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары (және қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар 5 тамыздан бастап қаланың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Астана қаласының аудан әкімдіктері және инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, Байқоңыр ауданында Аймақтау сауда орталығы, Нұра ауданында цирк тұрағы; «Сарыарқа» ауданында Қосшығұлұлы көшесі, 14 үй. Алматы ауданында, Абылай хан көшесі, 20 үй. Есіл ауданында «KIDS EXPO. EXPO халықаралық көрме орталығында» 2023 жылдың тамыз айының демалыс күндері мектеп жәрмеңкесін өткізу бойынша дайындық жұмыстарын жасап жатыр.
Бала – бақыт, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы. Олардың күлкісі шат, ұйқысы тыныш, қарны тоқ, көйлегі көк, рухани әлемі ұлттық құндылықтармен толысқан, өз елінің толыққанды азаматы болуы үшін бар жақсылықты жасауымыз керек. Бала өзінің арман-қиялының жетегінде білім алуға талпынып, «тез ержетсем..» деген үмітпен әдемі әлемді аңсайды. Үлкендердің күйбең тірлігінен пәк. Олардың әдемі әлемін, мөлдір сезімдері мен алғаусыз сенімдерін лайламауымыз керек. Алаңсыз бақытты балалық шақ құшағында білім нәрімен сусындап, ақ парақтай аппақ жүректерін ғылым қуатына, ізігілік пен ар-ұятқа толтырып, еліне қызмет етуге үйренуі керек. «Мектепке жол» қайырымдылық акциялары барлық баланың тең құқылы азаматтық болмысына сызат түсірмей, шын жүректен жақсылық жасауға, мейірімділік пен сүйіспеншілік қасиеттерін бала бойына сіңіруге қызмет етсе дейміз…

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ