Мемлекеттік тілдің мерейін қалай арттыруға болады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де — тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі — ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», — деген болатын.
Алайда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолдану аясын кеңейту мәселесі бүгінгі күнге дейін әлі өзекті күйінде қалып келеді. Қазір қазақ тілін дамытудың айналасында жүрген азаматтар мемлекеттік мәртебесін көтеру бағытында мемлекет тарапынан жасалған Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сүйенеді. Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленген бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Яғни мемлекеттік бұл бағдарламаның негізгі мақсат-міндеттерінің бірі қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесіне басымдық береді. Бірақ қазір қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруден гөрі өзектісі – қазақ тілінің толық мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы мен балабақша және мектеп қабырғасындағы білім беруді түгел қазақ тілінде, мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі болып отыр. Осы орайда мемлекеттік тілді дамытудың айналасында жүрген азаматтар алдымен «латын тіліне қазақ тілді орта ғана көшеді екен» деп желдей ескен әңгімені де ескеріп, тілге реформа жасаудың нақты критерийлері қандай екенін ашық айтып, халыққа жеткізу керек. Сонымен қатар балалардың тілінің қазақша шығуына, білім мен тәрбиені мемлекеттік тілде беру мәселесіне, аула тілінің қазақшалануына, ғаламтордағы контенттердің қазақша таралуына жағдай жасалуы тиіс. Өскелең ұрпақтың өз елінде өз ана тілінің мерейлі мәртебесінің биіктігін сезінуі – халқына, ұлтына, Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухының оянуына, құндылықтарды құрметтей білуіне жасалған үлкен қадам болар еді. Балаларға мемлекеттік тілдің мәртебесі, еліміздің биік абыройы – қазақ тілімен, мемлекет құрушы қазақ халқының ана тілімен байланысты екенін ұқтырудың, санасына сіңірудің маңызы зор. Қазақтың біртуар азаматы, ақын, жазушы Қадыр Мырза Әлі:
«Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің» деп, еркіндік, теңдік, елдік мәселесі ана тілінің асқақ болуымен өлшенетінін жас ұрпаққа өсиет етіп, санасына сіңіргісі келеді. Сондықтан алдымен қазақ тілін дамытамыз деген үлкен мақсат жолында алдымен бала тілінің ана тілінде – қазақ тілінде шығуы мен қалыптасуына мән берген жөн. Ал Алаштың арда азаматы Мұстафа Шоқай «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дейді.
Биыл 26 маусымда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Заңнама тілінің ғылыми-әдіснамасы және безендіру жүйесі» деген тақырыпта заңгер мамандар мен тілтанушы ғалымдарды жинап, талқылау өткізді. Егер ойлап қарасақ, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі дегенде алдымен «Билік неге қазақша сөйлемейді?» «Үкімет, Парламент қашан қазақша сөйлейді?», «Заңдарымыз қашан қазақ тілінде жазылады?» деген сұрақтар жиі қойылатынын көреміз. Қарап отырсақ, қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналу үшін жоғары жақ қазақша сөйлеп кетсе болғаны деген түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ білім беру саласында қазақ мектептерін көбейту, аралас мектептерді азайту, балабақшалардың түгелдей тек қазақ тілінде болуы секілді шешуін күткен мәселені айналып өту үрдісі басым. Тәуелсіз 30 жылда заң саласы, сот секілді құқық қорғау органдарының қазақша сөйлемеуі де тіл мәселесін күрделендіріп отыр. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қазақ тілі кафедрасының профессоры, академик Шерубай Құрманбайұлы заң саласындағы терминжасам, заң терминдерін біріздендіру үшін нақты жүзеге асыру алгоритмін жасау керек дейді. Ал М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты PhD Алмас Жұмағали Алаш зиялылыары шығарған заң құжаттарындағы қазақша терминдердің аса сапалы болғанын, осы сөздіктердегі терминдерді айналымға енгізу қажет екенін айтты.
Шынында да қазақ тілін реформалау мәселесінде алдымен бір ғасыр бұрын қазақтың болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап кетуді мақсат еткен Алаш зиялыларының еңбегін қажетімізге жаратсақ ұтар ма едік. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп халқымыздың ертеңгі жарқын болашағы жолында қасқая қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов сынды алаш ардақтыларының еңбегінен қол үзуге болмайды. Әлихан Бөкейханов жасап кеткен «Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ», «Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек» және «…Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек… Ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек…» деген тұжырымдамасын үнемі жадымызда жаттауымыз керек.
Қазақтың түрлі еміледе ғасырлар бойы таңбаланып келе жатқан әдеби-мәдени, тарихи мұрасын сабақтастыра отырып, халқымыздың жазба тілінің бірізді қалыпқа түсуінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы екенін өскелең ұрпақ біле ме?! Қазақтың әдеби ортасының қалыптасуы, әдеби ой-өрісінің өркендеуі мен ғылыми-қоғамдық танымның жетілуі – Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі. Бұл бағытта да әлі де қыруар іс атқарылмай жатыр. Алаш арыстарының бекзат болмысын, оқу-білім жолындағы ізденісін, елге қызметін насихаттаумен қатар, қазақтың батырлық, ерлік, өрлік, тарихы, халқымыздың ұрпаққа мұра өнері, өрелі философиясы, ұлттық педагогикасы мен қазақтың шаруашылық, тұрмыстық мәдениеті, сауда-саттық, экономикалық танымы, бай-бағланның атымтай жомарт келбеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, қолданған ожау, ат-әбзел, ер-тұрманынан бастап, текемет-сырмағы, киіз үйіне дейінгі тұрмыстық бұйымдарының өнер деңгейіне жеткен жасампаз тарихын ұрпақ санасына сіңіру жолында жасалатын жұмыс жүйеленуі керек.
Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының білім саласын ұлттың жарқын болашағына балай отырып жасаған «Оқу ережесі» атты еңбегіне сүйеніп қазіргі оқулық жазуда басты тәжірибе ретінде қолданса қателеспес едік. Атап айтар болсақ, тіл үйрету мен жазуға үйрету де оңайдан қиынға қарай ауыса келе, мақал-мәтелдер арқылы оқытудың өзіндік жүйесін құру, халық поэзиясын оқытудың методикасын жасау ерекшеліктері бүгін де оқулық жазудың алғышартына айналса… Яғни бүгінгі қазақ тілінің қуатты тілге айналуына қызмет етіп жүрген тұлғаларымыз бағдарлама аясында алдымен балабақша, мектеп тілінің және жалпы оқыту тілінің, білім беру тілінің қазақшалануына, қазақы болмысқа, қазақы мазмұн мен мағынаға көбірек мән беруі маңызды болар еді деп ойлаймыз. Өйткені ұлттық өзегіне жалғанған ұлттың болашағы зор екенін қарт тарих үнемі дәлелдеумен келеді емес пе?!
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ