Құрметті ұстаздар мен оқушылар!

Қадірлі республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандары!

Баршаңызды жаңа 2025-2026 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Білім – игілік пен бірлік, байлық пен дәулеттің, жарқын болашағымыздың негізгі қайнар көзі. Бәсекеге қабылетті дамыған ел болу үшін, біз жоғарғы білімді ұлт болуымыз керек.

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін елдің сауаттылығын арттыру, соның ішінде, барлық жеткіншек ұрпақтың сауаттылығына зор көңіл бөлу, білім берудің жаңа әдістеріне көшу қажет.

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаев «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Сондықтан бүгінгі жастар ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел игілігіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар болыңыздар дегім келеді.

Газет, журнал оқыған бала кітапты да оқиды. Ал газет пен кітап оқыған бала жақсы адам болып өседі. Газет-журнал, кітап оқыған бала ана тілін терең меңгеріп, сауатты жазады, сөз байлығы артып, ойын анық жеткізеді. Санасы жетіліп, өзін таниды. Қазақтың даналық сөзде «Оқу инемен құдық қазғандай» делінеді. Шынында да, қандай мамандық иесі болсақ та, бәріміз ұстаздың алдынан тәлім аламыз. Бүгінгі заман – білімнің заманы. «Білімді мыңды жығар» деген аталы сөз осыған дәлел.

Ел ертеңі Сіздерсіздер қиялдарыңыз ұшқыр болып, қанаттарыңыз талмасын жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жағымды жаңалықтарға толы болсын!

Қымбатты шәкірттер!

Технология дамып, жасанды интеллект пайда болған мына заманда кітап оқудың маңызы ешқашан жойылмайды. Білімнің қайнар бұлағы – кітап. Кітап оқыған баланың рухы – биік, ойы – кемел. Ондай бала Отанына адал азамат болып өседі. Сіздерге өзіміздің классик жазушыларымыз М.Әуезовтың, І.Есенберлиннің, Б.Соқпақбаевтың шығармаларын, сондай-ақ, әлем әдебиетін оқуды ұсынамын. Бұл – болашақта үлкен жетістіктерге бастар жол.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – білімді, бірнеше тілді меңгерген тұлға. Ол кісі жастар үшін үлкен үлгі-өнеге. Сіздер де алдағы өмір жолдарыңызда білім арқылы биікке көтеріледі деп сенемін.

Биыл дана ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Хакім Абайдың сөзімен айтсақ, «Кемел дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануға» әрқайсыңыздың мүмкіндігіңіз бар. Мемлекетіміз білім сапасын арттыру үшін жаңа мектептер салып, осыған барлық жайлы жағдайды жасауда.

 

Құрметті ұстаздар қауымы!

 

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының алтын қазығы. Сіздер шәкірттеріңізге білім беріп қана қоймай, жас жүректерге жол тауып, өскелең ұрпақ өміріне бағыт-бағдар беретін ең қастерлі мамандық иесісіздер. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы — адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай.

Ұстаз – шәкірт бойына асыл ой, адамгершілік, ұлттық сана-сезімді сіңіре білетін тәрбиеші. Ел болашағын сеніп тапсырар, Тәуелсіз Қазақстанның әрі қарай нығаюына үлес қосар өскелең ұрпақты тәрбиелейтін беделді тұлға. Сондықтан да, ұстаздық – қай кезде де сый-құрметке лайық әрі сұранысқа ие қадірлі де қастерлі мамандық болып қала береді. Себебі, қарапайым жұмысшы да, ел басқарып отырған тұлға да, ғалымдар мен өнертапқыштар да, әлемді бағындырып жүрген өнерпаздар да ұстаз алдынан өтіп, мұғалімнің тәлім-тәрбиесін алатыны сөзсіз. Сондықтан ұстаздар күні – қоғамдағы орны ерекше мерекелердің бірі.

Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деп ұстаздарды мектептің жанына теңеген.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп бес арысымыздың бірі, әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев атамыз айтқанындай, мемлекетіміздің тірегі жастардың бойына ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды сіңіретін жан —  ұстаз.

 Қазақ халқының қаһарман перзенті, әйгілі батыр, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деп ұстаздарға құрметін білдірген.

Жазушы, әдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдолов «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – демекші, ұстаздық – мәртебелі мамандық. Себебі ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы — елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала.

Осынау қажырлы еңбектеріңізге алғыс айта отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, оқушыларыңыздың және ата-аналардың құрметі мен елдің ыстық ықыласын тілеймін.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Ізгі тілекпен:
Ақмола облысының әкімі
Марат Мұратұлы Ахметжанов

 

 

ПІКІР ЖАЗУ