Кітапханадағы кіл жүйріктер

Сәуірдің 9-күні Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханада «Менің сүйікті кітабым» атты республикалық челлендж аясында айтулы шара өтті. Алатау ауданының мектеп кітапханаларының ұйымдастыруымен аудан мектептерінің оқушылары арасында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша қойылымдар көрсетілді. «Бердібек Соқпақбаев бірінші жақпен жазуды мықтап меңгерген жазушы. Мұның өзі оқиғаға өмірде болған қилы-қилы құбылыстарға сенімділікті, жазушының нақтылы оқиғаға тікелей қатысын танытады. Бердібектің «мені» маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса, қуаныш-сүйініші боп көрінеді» — деп жазушы Тахауи Ахтанов айтқандай, бүгінгі іс-шарамыз қазақтың классик жазушысы, белгілі балалар қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналады. Бұл шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Сайдембаева Алия Шуратқызы құттықтап, ресми түрде ашып берді.


Байқаудың шымылдығын №41 мектептің оқушысы Тоқтар Досхан «Саржайлау» әнімен ашты. Әр мектеп оқушылары қойылым барысында кішкентай Қожаның мектеп жасындағы шағында бастан кешкен әр түрлі қызықты сәттерінен қойылымдар көрсетті. Артында өшпес мұралар қалдырған қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаев зі тірісіндегідей ұстаздығынан жазбай, рухани тірлігін жалғастыра беретіні ақиқат. Бұл шығарманың басты мақсаты: Оқушыларды жақсылыққа тәрбиелеу. Қожаға еліктеген бала сүрініп кетсе де, қайта тұрып, түбінде жаман болмайды. Бас кейіпкер Қожаға ұқсағысы келген қаншама бала кітап оқып кетті, қаншама талапкерлер жазуға құлшыныс танытып, қаламгер болуға бел буды. Сондықтан жазушының шығармасын іздеп жүріп оқитындардың қатары күн өткен сайын көбеюде. Болашақта да кейіпкер Қожаның сырлас замандастары көп болады.
Көзі тірі кезінде бірде-бір шығармасы үлкен сыйлықтарға ие бола алмаса да, оның оқырманы азайған емес. Шығармасының тартымдылығы мен құндылығы уақыт өткен сайын күш алып келеді. Жазушының бақыты да, ғұмырының ұзақтығы да осы болу керек. Қаламгерлікті биік бағалап әдебиетті арым деп білетін жазушының ғұмыры ұлтымен бірге жасайды. Шара қызықты, мән-мағыналы болып өтті. Байқау өз мәресіне жетіп, озып шыққандар марапаттарға ие болды. Үлкен кітапханада өткен бұл жолғы айтулы шара А.Қарсақбаев атындағы №41 мектептің кітапхана меңгерушісі, үздік қызметкер Кабдулкаримова Алмагүл Дүйсенқызының ұйымдастыруымен үйлесім тапты. Осылайша Алмагүл Дүйсенқызының күш салуында аудан бойынша үлкен байқау табыспен аяқталды.
Кітап адам баласының ақыл-ойынан туған байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім және тәрбие беретін құрал. Кітап біздің ақылшымыз, сырласымыз, досымыз. Кітапты оқи білу, түсіну оқырманның білім көкжиегін кеңейтіп, есте сақтау қабілетін арттырады. Тіл байлығы молайып, шешендік қырлары ашылады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған «Менің сүйікті кітабым» Республикалық челенджі бастамасымен Астана қаласы оқуға ұсынған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы жаппай оқылып жатыр. Бұрында үздіксіз оқылып келген, киносы көріліп келген әйгілі еңбек бірден көптің қолдауына ие болды.
Ең әуелі балаларға арнап өлең жазудан бастаған Бердібек Соқпақбаев уақыт өте келе еліміздегі балалар әдебиетінің нағыз шеберіне айналды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» секілді еңбектер дәуірдің шаңының астында қалмайтын, тот баспайтын алтын секілді, замана белестерінен жарқырап жанып тұратын қазына. «Менің атым Қожа» еңбегінің экранға жол тартып сан ұрпақтың сүйіп тамашалайтын көркем фильміне айналуына атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың еңбегі ұшан теңіз. Алпыс жыл бойы сан буынды тәрбилеп, тамсандырып келе жатыр.
Бұл жолғы оқушылар арасындағы байқауға Алатау ауданындағы № 30 мектептің оқушылары қатынасты. Жүйрікке жүйрік кез болса, төрт аяғы тыпырлайды деп, балаларда барын салып бақты. Қойылым барысында байқағанымыз, оқушылардың таланты да, ұстаздары мен жетекшілерінің ерен еңбегі де айқын көрініп тұрды. Озып шыққан үздіктерге Сайденова Алия Шуратқызы, Алпамышева Динара Жұмақадырқызы, Емишова Аманкүл Бастаубайқызы марапат тапсырды.

Сарсембек Дария Ермекқызы,
Алматы қаласы, А.Қарсақбаев атындағы №41 ЖББ мектептің 10 «А» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ