Табанды еңбек табысқа жеткізеді

«Алты алаштың басы қосылса, төр ұстаздыкі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, еңбегі өлшеусіз болсада, кейде елеусіз қалатын ұстаздарымыздың аты тарихта алтын әріппен жазылуға тиіс. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, дана Абай атамыз айтқандай бүгінгі сыр-сұхбатымыз бала жанының шырағданы болып, сәулелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылы, №28 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Маушанова Ақгүл Сайранқызы туралы болмақ.

 

— Ақгүл Сайранқызы, сәлеметсізбе! Республикалық ұстаздар арасында өткен «Алтын тұғыр» олимпиадасынан алған жүлделі орыныңыз құтты болсын! Сіздей білімді, білікті ұстаздарымыздың қатары көбейе берсін деп тілеймін!
— Рахмет, айтқаның келсін! Қош көрдік!
— Туған жеріңіз, балалық шағыңыз қайда өтті? Бала кезіңізде басыңыздан өткен қызықтарыңыз есіңізде ме? Бөлісе отырсаңыз?
— Туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Тарбағатай тауының етегіндегі Тасбастау елді мекенінде өтті. Балалық шағымның ең қызықты, ең тәтті сәттері осы ауылда өтті, осы ауылдағы мектептен білім алып, оқушылық кезімді бастан кешірдім. Балалық шағым қызықты сәттерге толы болды. Біз туған өлкеден «Алтын адам» табылды, ал біз сол обаларды басып, обаларға шығып ойнайтын едік. Тіпті, төбелердің әрқайсысына ат қоятын едік. Мысалы, бәйге өткенде төбесіне шығып бақылап отыратын биіктеу біреуін «Бәйгетөбе» дейтінбіз. Менде сен сияқты бала болдым, әжемнің дорбасынан құрт алып жеп, тауға шығып ойнап, жазықтан ауылға қарай жүгіріп жарысатын едік. Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Спорттық сайыстардан жеңіл атлетикамен айналыстым. Әлі күнге дейін спортпен доспын, ауылымыздағы «Шымыр» спорт кешеніне жаттығу залына барамын. Әркім өз денсаулығын күтуі үшін спортты серік етуі керек деп ойлаймын.
— Ақгүл Сайранқызы, «Алтын тұғыр» олимпиадасына дайындық барысында қандай қызықтар мен нендей оқиғалар басыңыздан өтті? Сізге не оңай, не қиын болды?
— «Алтын тұғыр» олимпиадасына дайындықты былтырғы оқу жылынан бастадық. Былтырғы жылы атамыш олимпиададан ауданнан І орын, облыстық кезеңнен ІІ орын алған едім. Бірақ жеңілген күреске тоймас дегендей, қалайда Республикалық деңгейге жетуім керек деп алдыма мақсат қойып, сол мақсатыма биылғы оқу жылында жеттім десем болады. Биылғы оқу жылында аудандық, облыстық кезеңдерден І орын, Республикалық кезеңнен ІІІ орын иелендім.
— Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Қанша баланың анасысыз? Кейде қауырт жұмыстан отбасыңызға көңіл бөле алмай қалатын кездеріңіз болама? Ондай кезде жағдайдан қалай шығасыз?
— Отбасымда жолдасым бар, 2 қыз бен 1 ұлдың анасымын. Қыздарым студент. Ұлым мектепте 7 сынып оқушысы. Кейде жұмыс деп отбасына көңіл бөле алмай, әттеген-ай, дейтін кездеріміз жоқ емес. Ондай жағдайда олар маған ренжімей, керісінше қолдау көрсетеді. Жұмыстан кеш келсем ұлым шайымды дайындап, қыздарым тамағымды жасап жан-жақты қолдап отырады. Мен бір биікті бағындырған болсам, оның артында отбасым тұрады. Себебі, әр әйелдің жердегі жұмағы ол – отбасы деп ойлаймын. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүруге тырысамын. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», — дегендей, барлығына уақытымды жоспарлап, үлгеруге тырысамын.
— Мен сияқты шәкірттеріңізге не айтасыз?
— Сен сияқты шәкірттеріме оқуда озат болыңдар! Еліміздің тұтқасын ұстар білімді, білікті азамат болыңдар деймін. Келер оқу жылында бұйыртса 2 сынып оқисыңдар. Сендерге де «Алтын тұғыр», «Алтын сақа» олимпиадаларына қатысып, биікті бағындыруларыңды тілеймін. Ол үшін математика оқулығындағы соңғы шығармашылық тапсырмаларды мұқият зейін қойып орындасаңдар, сол сендердің олимпиадаға дайындықтың алғашқы баспалдағы болмақшы. Үлкен қадамдар кішкентай адымдардан басталатындығын естен шығармаңдар. Ары қарай 2-8 сыныптарға «Алтын сақа», 10-11 сынып оқушыларына арналған «Алтын түлек» олимпиадалары өз жалғасын табады. Білім алу жолында сәттілік серіктерің болсын, айналайындар!
— Ақгүл Сайранқызы, сұхбат бергеніңізге рахмет! Президентіміздің қолынан төсбелгі алыңыз! Сіздей ұстаздары бар мектептен білім алып отырған мен өзімді бақытты шәкіртпін деп есептеймін.
— Рахмет, айтқаның келсін! Баланың тілегі қабыл болады деген, ақ тілегің қабыл болсын! Алла зейініңді ашсын!
— Рақмет апай!

Сұхбаттасқан – Бейсембек Кәусар, Алматы облысы, Іле ауданы №28 мектеп-гимназиясының 1 «А» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ