Қазақстандық өнім: шағын саудадан үлкен фабрикаға дейін

Қазақстанда кәсіппен айналысатын адамдар көп. Біреулер шағын саудамен шектелсе, енді біреулер үлкен өндіріс ашып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүр. Осындай табысты кәсіпкерлердің бірі – Майя Минамова. Ол қарапайым саудадан бастап, бүгінде өз фабрикасын ашқан кәсіпкер әйел.

Майя Минамова бұл салада шамамен 30 жыл еңбек етіп келеді. Оның кәсіпкерлік жолы Кеңес Одағы тараған кезеңде басталған. Ол кезде адамдарға күнкөріс үшін түрлі жол іздеуге тура келген еді. Майя мектепті жаңа бітірген кезде ҚазГАСА университетінің бірінші курс студенті болатын. Сол кезде табыс табу үшін Қытайға барып, тауар әкеліп сатуды бастайды. Кейіннен шұлық бизнесіне қызығушылық пайда болады.

– Бір күні енем Түркиядан әдемі, жұмсақ, бантигі бар балалар шұлықтарын әкелді. Оларды көрген адамдар қатты қызығатын. Сол кезде мен адамдарға жылы әрі әдемі шұлықтар ұнайтынын түсіндім. Содан кейін осы іспен айналысқым келді, – дейді кәсіпкер.

Осылайша отбасы болып шұлық сатумен айналыса бастайды. Анасы шетелден тауар әкеліп тұрса, Майя жолдасымен бірге Алматыдағы базарда сатқан.

Отбасылық кәсіп

Бүгінде Майя Минамова – екі баланың анасы. Қазір оның балалары да бизнеске араласып, анасының ісін бірге дамытып келеді. Кәсіпкер болашақта бұл бизнесті отбасылық дәстүр ретінде балаларына табыстауды жоспарлап отыр. Майя тек кәсіпкер ғана емес. Ол спортпен де айналысады. Мысалы, ашық суда ұзақ қашықтыққа жүзумен айналысып, Босфор бұғазын жүзіп өткен. Сонымен қатар кітап аударумен, қайырымдылық жұмыстарымен де айналысады.

Майя Минамованың шұлық бренді Passo Chantal деп аталады. Бұл бренд 30 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бір кездері кәсіпкер небәрі 5 доллардан бастаған болса, бүгінде оның компаниясы айына шамамен 1 миллион жұп шұлық сатады.

Көп жыл бойы компания шұлықтарды негізінен Қытайдан алып, сатумен айналысты. Бірақ уақыт өте келе кәсіпкер отандық өндірісті дамыту туралы ойлана бастайды. 2017 жылы олар Қазақстандағы «Әлем БТ» фабрикасымен жұмыс істеп, алғаш рет жергілікті жерде шұлық тіктіреді. Бұл өндіріс саласындағы алғашқы тәжірибе болды. 2025 жылы компания арнайы станоктарды жалға алып, шұлықтарды өздері шығара бастайды. Дегенмен кәсіпкер толыққанды фабрика ашу туралы шешімді кейінірек қабылдаған.

– Уақыт өте келе адамның елге пайдалы болғысы келеді. Жұмыс орындарын ашып, салықты өз елімізде төлегім келді, – дейді Майя.

Өз фабрикасын ашу

2025 жылы кәсіпкер толыққанды шұлық фабрикасын ашу туралы шешім қабылдайды. Сол кезде оған дайын өндіріс орны – «Алматекс» фабрикасын сатып алу ұсынысы түседі. Бұл фабрика 2015 жылдан бері жұмыс істеп келген. Майя Минамова тек жабдықтарды ғана емес, тәжірибелі мамандардан құралған ұжымды да сақтап қалады.

– Ең бағалысы – осы фабрикада ұзақ жылдар еңбек еткен мамандар. Сондықтан олардың барлығы бізбен бірге жұмысын жалғастырды, – дейді кәсіпкер.

Фабрика Алматы индустриалды аймағындағы технопаркке көшірілді. Мұнда станоктар орнатылып, өндіріс қайта іске қосылды.

 

Шұлық өндірісінде жоғары сапалы мақта жіптері пайдаланылады. Бұл жіптер негізінен Өзбекстаннан әкелінеді. Себебі ол жердегі мақта сапасы өте жоғары. Жоғары сапалы жіп қолдану шұлықтың ұзақ уақыт тозбай, ыңғайлы болуына көмектеседі.

Шұлық шығару бірнеше кезеңнен тұрады:

  • Тоқу цехы – шұлық тоқылады;
  • Тігу цехы – шұлықтың ұшы тігіледі;
  • Қалыптау бөлімі – шұлықтар бу арқылы қалыпқа келтіріледі;
  • Таңбалау бөлімі – этикеткалар тігіледі;
  • Қаптау цехы – дайын өнім сатуға дайындалады.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында мамандар аз. Сондықтан фабрикада арнайы оқу сыныбы ашылып, жұмысшылар өндірістің қыр-сырын сол жерде үйренеді. Қазір фабрикада 8 адам жұмыс істейді. Айына шамамен 40 мың жұп шұлық шығарылады. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, 100 станокқа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Майя Минамованың айтуынша, олардың басты мақсаты – сапалы отандық өнім шығару.

– Біз қазақстандықтардың сапалы әрі ыңғайлы шұлық киюін қалаймыз. Біздің ұранымыз: «Әр қадамды жайлы ету», – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, шұлық – күнделікті қажет өнім. Сондықтан елімізде сапалы шұлықтарды өзіміз де өндіре аламыз.

Үлкен арман

Майя Минамова бұл бизнесті тек табыс көзі емес, ел экономикасына үлес қосатын маңызды іс деп санайды. Ол болашақта фабрикада жүздеген адам жұмыс істеп, қазақстандық өнім нарықта кең таралады деп сенеді. Осылайша қарапайым базардағы шағын саудадан басталған іс бүгінде үлкен өндіріс орнына айналып отыр. Бұл – табандылық пен еңбекқорлықтың айқын үлгісі.

Г.Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ