Естен кетпес кездесу

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгермен кездесу өтті.

Кездесуге дейін сыныбымызбен қатысқан «READx» жобасында Cаят Қамшыгер аударған Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, АНА» хикаятын Жанарбекұлы Амир сыныптасым таныстырған болатын. Осы кітапты білгеннен кейін сыныбымызбен жаппай кітапты оқыдық. Сынып сағаты кезінде ұстазымыз Майгүл Мәлиқызы бізге оқып берді. Ұстазымыздың әсерлі оқығаны бізді қатты толқытты. Ілияс пен оның бауырларының тағдыры бізді мұңайтты, еріксіз көзіміз жасқа толды. Онан ары кітапты өзіміз оқи бастадық.
Біз бұл шығарманы тек оқып қана қоймай, мектебімізде облыстық «оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткен семинарда көрініс көрсеттік. Көрермендердің көңілінен шығып, бізге және ұстазымызға, келген қонақтар риза болып, алғыс білдірді.
Ұстазымыз Майгүл Мәлиқызы, Саят Қамшыгер ағаймен кездесу болатындығын айтқанда қатты қуандық. Кездесуге дейін сыныбымыз болып Саят Қамшыгердің бірнеше кітабымен таныстық. «Ұлы дала батырлары», «Жоғалғандардың жан сыры», «Биші қайыңдар», «Кім болам?» деген кітаптары ұнады. Өлеңдерін жаттап алдық.
Ақынмен өткен кездесу өте әсерлі болды. Себебі, сыныбымызбен бірінші рет бетпе-бет ақын, аудармашымен кездестік. Кездесу барысында ақынның өлеңдерін оқып, «Тастамашы, АНА» аудармасы бойынша көріністен үзінді көрсеттік. Орыс сыныптарының оқушылары «Кім болам?» жинағынан ақынның өлеңдерін жаттап айтты. Оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Ақынға көкейімізде жүрген сұрақтарымызды қойдық.
Кездесу барысында ақын поэзиясы туралы пікірлер айтылып, жыр сүйер оқушылар өлеңдерін мәнерлеп оқып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды. Әдеби шарада оқушылар ақынның жырларын өз аузынан тыңдады. Саят Қамшыгер маған және сыныптасым Бақытбек Бақберегенге Ілияс пен Зульфираның рөлдерін жақсы сомдағанымыз үшін риза болып өзінің «Биші қайыңдар» кітабына қолтаңбасын жазып сыйлады.
Кездесу соңында директордың оқу-әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Серикова.К.С мектеп директорының алғыс хатымен қонағымызды марапаттады. Кездесуден ерекше әсер алдым. Ақынның бойындағы қарапайымдылық пен бауырмалдық мені баурап алды.

Төлеген Надира,
Жетісу облысы,
Талдықорған қаласы,
«Ш.Уәлиханов атындағы
№ 10 орта мектеп-гимназиясы» КММ
6 «А» сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ