Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған күн – Тіл мерекесі

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің

 

Қазақтың бір туар ұлы, ақын, атамыз Қадыр Мырза-Әлінің «Ана тілі» атты бұл жыр шумағы – мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне сөзден қойылған зор ескерткіш. Өлең жолдарында ана тіліміз – қазақ тілінің халқымыз үшін қаншалықты қастерлі, қаншалықты киелі, қаншалықты асқақ екенін көкейімізге құйып, көкірегімізге түйіп береді. Кейде осы өлең жолдарын әр қазақ жүрегінде жаттап, күніне мың мәрте қайталап, мәні мен мағынасына үңілсе ғой деп те армандайсың.
Азаттықтың жаршысындай ана тіліміз туралы айтпаған адам жоқ шығар, қазақта. Иә, «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Отбасында қазақша сөйлеп, қазақы тәрбие алған баланың, әрине, жүрегі қазақ деп соқса, ой-санасы да қазақ тілінде қалыптасады. Ана алақанында уызынан жарып, туған тілінің мәйегіне қанып өскен ұрпақты «балталасаң» да өз туған халқының, өзінің туған ұлтының руханиятынан безінбейді.

Сонау тар жол тайғақ кешулі тарихымызға үңілсек, ана тіліміздің бүгінгі халіне тәубә деріміз хақ. «Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы» дегендей, тіл майданы толастамайды. Тілді қорғау, дамыту, оны ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп жалғастыру – ұлы міндет. ХХ ғасыр басында алты алаштың ардақтысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағында жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз» деді. Айтқандай-ақ қазақтың тілі алдымен қазаққа керек. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі 1989 жылы алғаш рет заңмен бекітілді. Осы жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп жарияланды. 1998 жылдан бастап еліміз бұл күнді тіл мерекесі деп тойлай бастады. 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді. Ал 2017 жылы, сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Тілдер күнін 5-қыркүйекке ауыстырды.
5-қыркүйек алты алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Атаулы күнге орай Астана әкімдігі мерекенің көрігін қыздырып, рухани-мәдени іс-шараларды бастады. Биыл алтыншы жыл қатарынан аталып өтіп жатқан Тілдер мерекесіне арнап, екі аптаға кешенді бағдарлама аясында 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Мерейлі мерекенің алғашқы күні елордадағы Қаламгерлер аллеясында белгілі абайтанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов басқа да зиялылар мен ғалымдар, тіл жанашырлары Алаш қайраткерлері ескерткішіне гүл қойып, Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етті. Жиын барысында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп:
– Дегенмен Тіл мерекесіне күнтізбеде арнайы бір күнді бергенімізбен тілдің мерейін өсіруге арналған іс-қимыл бір күнмен, белгілі бір мезетпен шектеліп қалмауға тиіс. Өйткені ұлттың ұлт болып сақталып қалуына қажетті ең қуатты қару – тіл. Мұны мен емес Алаш қайраткерлері осыдан жүз жыл бұрын шегелеп айтып кеткен.
Тіл арқылы қазақтың бүкіл дүниетанымы, діні, ділі, тарихы бүгін бізге жетіп отыр. Мұны одан әрі бізден кейінгі буынға жеткізу бізге аманат етілген.
Қазір интернет арқылы жаһандану үдерісі уақыт өткен сайын қарқын алып келеді. Интернеттің, түрлі коммуникация құралдарының дамуымен құндылықтардың жұтылуы көз алдымызда өтіп жатыр.
Тіпті, бүгінде әлеуеті мол деген үлкен ұлттардың өзі етек-жеңін жиып, болашақта өз тілінің жоғалып кетпеуі үшін қам жасауда. Ал саны жағынан аз қазақтарға өз ана тілімізді дамыту үшін көп қимыл жасауды талап етеді, — деп атап өтті.
Жаһандану үдерісі ақпараттық технологияның дамуымен «үзеңгілесе» жарысып, дүние жүзін «тары түйіріндей ғана нүктеде» түйісіп, алақандай смартфонға сіңіп бара жатқанына куәміз. Сондықтан да қазір әлемнің алпауыт елдерінің өзі тілден айырылып қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Өйткені тіл сақталса, ұлт сақталады. Қазаққа «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы ғасыр бұрын, бекерден бекер тіл қамын өсиет еткен жоқ. Қазақстан қазір қазақ тілінің ғана емес елімізді мекен ететін өзге де этнос өкілдерінің тілін сақтауға қамқорлық жасап отыр. Сондықтан да мемлекеттік тіл мерекесі –Тілдер мерекесі деп аталып жүр. Тілдер мерекесін біртұтас қазақ жұрты түгел тойлайды. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді. 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасында қазақ тілін ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне көтеру мәселесі қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақстан халқы үшін мемлекеттік тілде сөйлеу мақтаныш болу үшін оған қажеттілікті арттыру керек, — деп те пәрмен берді.

Сонымен қатар Президент «…Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн, — деп, мемлекеттік тілді өзге этнос өкілдерінің үйренуіне қолайлы жағдай жасау керектігін үнемі айтумен келеді. Сондықтан біртұтас қазақ елі – ортақ Отанымыздың мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінің биіктей түсуі үшін алдмен қазақ халқы жауапты.
«Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейді, қазақ. Сол сияқты ана тілімізді өзге де этнос өкілдері сыйласын, үйренсін десек, ең алдымен өзіміз қазақша сөйлеп, қазақша үйреніп, айналамыздағы адамдардың құлағына сіңісті етуге талпынғанымыз дұрыс.

Тілекгүл ЕCДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ