Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау

Әлемде әртүрлі адамдар өмір сүреді. Біреулер тез жүгіре алады, біреулер әдемі сурет салады, ал кейбір адамдарға жүру, көру немесе есту қиындау болуы мүмкін. Мұндай жандарды ерекше қажеттіліктері бар адамдар деп атаймыз. Олар да біз сияқты армандайды, достарымен ойнағысы келеді, білім алып, қоғамда өз орнын тапқысы келеді.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін жеңілдету – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Мысалы, мектептерде пандустардың болуы, арнайы кітаптар мен құралдардың болуы – олардың білім алуына көмектеседі. Қоғамдағы әрбір адам мейірімділік танытып, көмектесуге дайын болса, ерекше балалар өздерін жалғыз сезінбейді. Кейде ерекше балаларға қарапайым нәрселердің өзі қиын болуы мүмкін. Бірақ оларда ерекше қабілеттер де болады. Кейбірі керемет сурет салады, кейбірі музыкаға жақын, ал кейбірі математиканы жақсы көреді. Сондықтан әр бала – ерекше, әр бала – талантты. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірінде достықтың маңызы өте зор. Егер сыныптағы балалар бір-біріне қолдау көрсетсе, бәрі де өздерін бақытты сезінеді. Дос болу үшін үлкен нәрсе істеудің қажеті жоқ. Кейде жай ғана күлімсіреу, бірге ойнауға шақыру немесе көмектесу жеткілікті. Мысалы, кейбір балалар арбамен қозғалады. Мұндай жағдайда достары есікті ашып беруі немесе бірге серуендеуге шақыруы үлкен көмек болады. Ал көруі нашар балаларға кітапты дауыстап оқып беру де үлкен қолдау.
Мектепте мұғалімдер де ерекше балаларға көмектесіп, оларды басқа оқушылармен бірге оқуға үйретеді. Бұл – инклюзивті білім беру деп аталады. Оның мақсаты – барлық балалардың бірге білім алып, бір-бірін түсінуіне мүмкіндік жасау. Әр адамға мейірімділік қажет. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жылы сөз, қолдау және түсіністік өте маңызды. Кейде олар өздерін өзгеше сезінуі мүмкін. Сол кезде достарының қолдауы оларға күш береді. Балалар кішкентай кезінен бастап өзгелерге қамқор болуды үйренсе, қоғам да мейірімді болады. Мысалы, ойын алаңында ерекше бала болса, оны ойынға қосу – үлкен жақсылық. Бұл оның өзін сенімді сезінуіне көмектеседі.
Көптеген елдерде ерекше адамдарға арналған арнайы спорт түрлері бар. Олар жарыстарға қатысып, медальдар жеңіп алып жүр. Бұл олардың мүмкіндігі шектеулі емес, керісінше, мүмкіндігі ерекше екенін көрсетеді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету тек үлкендердің ғана емес, балалардың да қолынан келеді. Әрқайсымыз күнделікті өмірде шағын жақсылық жасай аламыз. Көмекті қажет ететін адамға қол ұшын беру, мейірімді сөз айту, бірге ойнауға шақыру, өзгелерді мазақ етпеу. Осындай қарапайым әрекеттер үлкен маңызға ие. Себебі мейірімділік – әлемді әдемі ететін ең үлкен күш. Егер әр бала мейірімді болса, мектеп те, қала да, бүкіл әлем де жылы әрі жайлы орынға айналады.
Біз бәріміз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз. Әр адамның өз қабілеті, өз арманы бар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету – адамгершіліктің белгісі. Егер біз бір-бірімізге көмектесіп, түсіністікпен қарасақ, барлығымыз бірге үлкен жетістіктерге жете аламыз. Бүгін жасаған кішкентай жақсылығымыз біреудің өмірін жарық ете алады. Сондықтан әрдайым мейірімді болайық, достарымызды қолдайық және бәріміз бірге бақытты қоғам құрайық. Себебі шынайы күш – жақсылық пен қамқорлықта.
Гауһар Тұрсынқожа