Астанадағы достық пен бірлік

Астана – Қазақстанның жүрегі ғана емес, түрлі ұлт пен мәдениеттің достықта өмір сүретін ерекше қаласы. Бұл қалада көптеген халықтың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірінің дәстүрін құрметтеп келеді. Сондықтан Астанада қоғамдық және ұлтаралық келісімге ерекше көңіл бөлінеді. Қоғамдық келісім – адамдардың бір-бірімен сыйластықта өмір сүруі, түсіністікпен қарауы және ортақ мақсат үшін бірге әрекет етуі. Яғни, қоғамдағы барлық азаматтар бір-бірінің құқығын құрметтеп, бейбіт өмір сүреді. Ал ұлтаралық келісім – әртүрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен тату, достықта өмір сүруі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олар бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына үлес қосуда.

Астанада түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қалада қазақ, орыс, өзбек, татар, кәріс, неміс, ұйғыр және басқа да көптеген халықтар тұрады. Барлығы да бір-бірінің мәдениетін, тілін және дәстүрін құрметтейді. Қалада қоғамдық келісімді нығайту үшін көптеген іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, достық фестивальдері, мәдени күндер, концерттер, көрмелер және түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Мұндай шаралар адамдардың бір-бірін жақын тануына көмектеседі. Қазақстанда ұлтаралық келісімді сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта елімізде арнайы ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Бұл ұйым түрлі ұлттардың мәдениетін дамытуға, олардың арасындағы достықты нығайтуға көмектеседі. Ассамблеяның бөлімшелері Астана қаласында да белсенді жұмыс істейді. Олар түрлі мәдени шаралар өткізіп, жастарды бірлікке тәрбиелейді.

Достық пен келісім тек үлкендерге ғана емес, балаларға да байланысты. Мектепте, аулада немесе спортта балалар бір-бірімен тату болып, әртүрлі ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста болуы керек.

Мектептерде түрлі халықтардың мәдениетімен таныстыратын сабақтар, мерекелер мен көрмелер өткізіледі. Балалар басқа халықтардың ұлттық тағамдары, киімдері және ойындары туралы біледі. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтеді.

Бірлік – еліміздің байлығы

Қазақстанның ең үлкен байлығы – халықтың бірлігі мен татулығы. Егер адамдар бір-бірімен тату болса, ел де дамиды, қоғам да өркендейді. Астана қаласында қоғамдық және ұлтаралық келісімнің сақталуы – еліміздің тұрақтылығының белгісі. Мұнда түрлі ұлт өкілдері бір-бірін құрметтеп, бейбіт өмір сүруде. Сондықтан әр бала достықты, сыйластықты және бірлікті бағалай білуі керек. Өйткені бүгінгі достық – ертеңгі жарқын болашақтың негізі.

Ә.Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ