Еңбек адамы – ел тірегі

Еңбек – қоғамның қозғаушы күші. Қазақстанда еңбек адамы әрқашан құрметке ие. Елдің өркендеуі – осы еңбек адамдарының маңдай тері мен табандылығының арқасы. Еңбек адамдары — ел экономикасының, қоғамның тыныс-тіршілігінің негізін құрайтын қарапайым, бірақ еңбегі зор жандар. Олар — ұстаздар, дәрігерлер, құрылысшылар, көше тазалаушылар, жүргізушілер, егіншілер, зауыт жұмысшылары, тағы да басқа көптеген маман иелері. Астана қаласында көше тазалау және коммуналдық жұмыстармен “Астана Тазалық” ЖШС сияқты негізгі ұйымдар мен мердігер компаниялар айналысады. Астанада көше тазалығы бойынша шамамен 2 000 нан аса адам жұмыс істейді. «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі Әділет Қабиденұлының жұмысшының күнделікті өмірі мен еңбегі туралы сұхбатын назардарыңызға ұсынамыз.
– Алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Менің атым – Ержан. Жасым 45-те. Астана қаласында көше тазартушы болып жұмыс істегеніме 6 жыл болды. Екі ұл, екі қызым бар. Үлкен қызым жоғары оқу орнында оқиды. Қалған балаларым мектеп оқушылары.
– Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?
– Бұрын ауылда тұрып, түрлі жұмыстар істедім. Кейін қалаға көшіп келіп, тұрақты жұмыс іздедім. Содан кейін осы тазалық мекемесіне жұмысқа орналастым. Бастапқыда қиын болды, бірақ үйреніп кеттім. Қазақта “Еңбек етсең – ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген аталы сөз бар. Бұл – адал еңбектің абыройлы жол екенін білдіреді. Қарапайым жұмысшыдан бастап, ірі кәсіпорын басшысына дейін – барлығы да қоғам үшін маңызға ие.
– Астана тазалықтың – тәртіптің үлгісі деген пікірді қолдайсыз ба?
– Халқымызда «Бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар. Сондықтан еліміздің экологиялық тазалығы елордадан басталады. Астана әлемдегі ең таза астаналардың отыздығына кірген екен. Бұл меже зор мақтаныш, әйт¬кенмен оны ұстап тұру оған дейін еткен еңбектен кем түс¬пей¬тін күш-жігер керек. «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциялары өтеді.
– Күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді?
– Әдетте таңғы 5-те жұмысқа шығамыз. Қаланың орталық көшелерін, тротуарларды сыпырамыз. Қыста қар тазалаймыз, жазда қоқыс жинаймыз. Жаяу жүретін аймақтарда көбірек жұмыс болады. Әрқайсымызға белгілі бір көше, аудан бекітіледі. Қоқыс жинаймыз, жаяу жүргіншілер жолын, аялдамаларды тазалаймыз. Кейде техникамен бірге жұмыс істейміз, ал кей күндері қолмен тазалау көп болады.
– Жұмыстағы ең үлкен қиындықтар қандай?
– Ауа райы, әсіресе қыста қатты қиын. Астана – желді, аязды қала. Қар көп түссе, түнгі кезекке де шығамыз. Кейде адамдар қоқысты арнайы жәшікке салмай, көшеге тастай салады – сол да қолайсыз. Қаланың тазалығы үшін кейде күннің суығына, ыстығына қарамай жұмыс істеуге тура келеді. Адамдар қоқысты кез келген жерге тастай салмаса жұмысымыз жеңілдер еді.
– Еңбегіңіздің бағаланатынын сезесіз бе?
– Кейде адамдар “рақмет” деп айтып өтеді, сол кезде қуанып қаламыз. Бірақ көбісі бізді байқамайды. Біз тек көше таза болсын деп еңбек етеміз. Егер қала таза болса, соған аз да болса үлес қосқанымызға мақтанамын. Мемлекет те еңбек адамдарын қолдауға баса назар аударып отыр. Мысалы, “Еңбек” бағдарламасы арқылы жастар мен жұмыссыз жандарға оқып, мамандық алуына, жұмыс табуына мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар, жыл сайын “Еңбек күні” атап өтіледі. Бұл – еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің нақты бір үлгісі.
– Сіздің ойыңызша, қала тұрғындары тазалықты сақтау үшін не істеу керек?
– Ең алдымен, қоқысты арнайы жәшікке салу керек. Балаларды да солай тәрбиелеу керек. Қала – бәріміздің үйіміз сияқты. Үйде қоқыс тастамаймыз ғой, көшеде де солай істеуіміз керек.
–Болашаққа қандай армандарыңыз бар?
– Балаларымды жақсы білім беріп, оларды адал еңбекке үйреткім келеді. Өзім де денсаулығым мықты болса, еңбек етіп, елге пайдам тисе деймін.
–Жұмысыңыздың қандай тұстары ұнайды?
– Қала таза, әдемі болып тұрса – сол біздің еңбегіміз. Көшелер тап-таза болса, іштей бір мақтаныш сезімі болады. Адамдар бағаласа, әрине, көңіл өседі.
– Жастарға не айтасыз?
– Бүгінгі Қазақстан – еңбекті бағалайтын, еңбек адамына жағдай жасайтын ел. Біз де еңбекке адал, табанды, жауапты болсақ – еліміздің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Ең бастысы – еңбек етуден ұялмау керек. Әр жұмыс қадірлі. Қаланың тазалығы – бәрімізге ортақ
– Әңгімеңіз үшін рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Әділет Қабиденұлы




