Еліміздің ертеңі – бүгінгі жастар

Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастар болып табылады. Жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. 12 тамыз — Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен. Бұл күнді атап өту — жастар мүддесін қорғауға арналған Бүкіләлемдік іс-әрекет бағдарламасын жүзеге асыруға және ол туралы жастарды хабардар етуге бағытталған. Бұл бағдарламаны 1995 жылы БҰҰ қабылдаған болатын. Ал 2007 жылы кеңейтілген. Бағдарлама 15 бағытты қамтиды. Олар: білім, жұмыспен қамту, аштық және кедейлік, денсаулық сақтау, қоршаған орта, нашақорлық, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, бос уақытты ұйымдастыру, арулар мен жас келіншектер, жастардың қоғам өміріне және шешім қабылдау үдерісіне толыққанды және тиімді араласуы, жаһандану, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, АҚТҚ/ЖҚТБ, қарулы қақтығыстар және ұрпақтардың өзара қарым-қатынас мәселесі. БҰҰ классификациясы бойынша жастардың жас ерекшеліктері — 15 жастан 24 жасқа дейінгі аралықты қамтиды.
Халықаралық жастар күніне орай елорданың амфитеатрында кең ауқымды «Jastar fest» атты ашық аспан астындағы мерекелік фестиваль өтті.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар арасында шығармашылықты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру, жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырған іс-шараға аталмыш басқарма басшысы Самат Ибраев пен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысты.
Жастар жиыны сондай-ақ суицидтің алдын алуды, жастардың бойына адамгершілік нормаларын сіңіруді, құқықтық мәдениетті арттыруды, заң мен тәртіпке құрмет қалыптастыруды, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбекке баулу мен кәсіби бағдар беруді, «Таза Қазақстан» ұранын насихаттай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеді.
Фестивальде еліміздің түрлі саласында табысқа жеткен танымал спикерлер өздерінің кәсіби тәжірибесімен, мотивациялық әңгімесімен және жеке даму жолындағы құнды кеңесімен бөлісті. Олардың арасында Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Креативті индустриялар департаментінің басшысы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, полковник Ғани Артықов, EasyStep платформасының негізін қалаушы Әсел Сейфуллина, «МФА Интернэйшнл» ЖШС өндіріс басшысы Ұлан Шонабаев, спорт шебері, көркем гимнастика бойынша халықаралық төреші, жоғары санатты жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева және т. б. болды. Спикерлер көшбасшылық, медиа, технология, қаржы сауаты, өнер, әскери-патриоттық тәрбие, нашақорлықтың алдын алу, әлеуметтік жобалар бойынша тәжірибесін жеткізді.
2 мыңнан аса қатысушы мен қонақтарды жинаған фестиваль жастарға өз жолын табуға, қай бағыттарда алға жылжу керектігі жөнінде ойлануға мүмкіндік берді. Олар ойланып қана қоймай, өздері жақсы көретін музыканы тыңдап, сүйікті әншілерімен жүздесіп, демалды. Кеш қонақтары жастар арасында танымал отандық эстрада әншілері Ersultan Omar, Madeniyett, Серик Гамза-заде, Bonapart, Baxa, Rick және Kazybek Kuraiysh болды. Фестивальді тележүргізушілер Бексұлтан Әкімжан мен Ирина Тен жүргізді. Шарада заң мен тәртіпке құрмет көрсетуге баса назар аударылды.
Қатысушыларға әртүрлі салалардан келген табысты спикерлермен мотивациялық сессиялар өткізілді. Олар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, өз жолдары туралы айтып, жеке дамуға практикалық кеңестер берді. Спикерлер лидерлік, медиа, технологиялар, өнер және әлеуметтік жобалар тақырыптарында сөз сөйледі. Сондай-ақ мотивация, спорт, қаржылық сауаттылық, әскери-патриоттық тәрбие және нашақорлықтың алдын алу сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.
Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен жетілуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты.
Бұл мереке – жастардың қуатын, бастамашылдығын және шығармашылығын дәріптейтін күн. Армандарыңыз асқақ, ойларыңыз ұшқыр, жүректеріңіз жігерлі болсын. Әр қадамдарыңыз жарқын жетістіктерге жетелесін!




