БІР ҮЗІМ НАН (Әңгіме)

Бес қабатты тұрғын үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп келіп, қоқыс жәшігіне аудара салды. Жапырақтай-жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар. Құйтақандай қыз артына да қарамастан, қайыра үйіне жүгіре жөнелді. Бұны көзі шалып қалған Ғаббас ақсақал:
— Әй, балам-ау, обал емес пе?! – дегенше, әлгіндегі қыз подьездің есігіне зып бере кіріп кетті.
Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші атаның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.
— Ата, кімге ренжіп отырсыз? — деді сәлемдескен соң.
— Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді… Сонау-у, сұрапыл дүниежүзілік екінші соғысы жылдары біз тоғыз-он жастағы қара сирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым үйге жете ұшып-жығыламыз, бар болса, сылдыр-сұйық қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз.
Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің қисық мінезіне кездесіп, алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тіледі. Бір рет қасымдағы Медет оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Медеттің шырқырап жылағаны ойымнан шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Біз үнемі, сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды өлшеп береді. Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып ішегіміз шұрылдап тұрғанымен сұрамаймыз. Өйткені бәрібір бермейтін еді.
Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Түн асса болды, қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз, олай жасауға әсте болмайды. Бір үзім нанның қадір-қасиетін білген жөн!.. Обал-сауап деген қайда?!..
Мұны естіген Нұржан, Ғаббас атаның әңгімесін үн-түнсіз тыңдап терең ойға батты.

Серік Дания,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат
ауылы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясының
8 «Ә» сынып оқушысы.
Жетекшісі: Аққоян Ержан

ПІКІР ЖАЗУ