Ағарту айдынындағы айшықты арна

Бүгінде отандық ағарту кеңістігінде оқытумен айналысатын әртүрлі білім ошақтары бар. Кейбірі бай мазмұнды бағдарламасымен, екіншісі белгілі бағытқа бейімделуімен, үшіншісі өзге ерекшелігімен ат оздырып тұр. Әсіресе, шет елдік тәжірибе, әлемдік деңгей, халықаралық стандарт секілді ұғымдарды көлденең тартып, қызықтыратындар тым көп. Осылардың ішінде ағысқа қарсы жүзгендей болып, төл менталитетті төрге оздырған, ұлттық білім беруді басты ұстын еткен бір оқу орны бар. Ол – Qazbilim ұлттық лицейі.
Алматыда сол ұлттық лицей құрамына енетін Qazbilim жобалары 10 жылдығын атап өтті. Мерейтой «Ұлттық білім кеңістігін дамытуға бір қадам» атты ортақ атаудағы шаралар аясында өтті. Он жылдық белеске есеп беру, «Ұлттық мектеп» моделін жүйелеу, оқу-ағарту саласындағы қордалы мәселелерді талқылауға бағытталған шара үш күнге ұласты.

Тәрбиені тұғыр еткен конференция

Шараның шымылдығы меймандардың Түрген шатқалы мен Есік қорғанын саяхаттауымен ашылды. 24 наурыз күнгі «Qazbilim өзін дамытатындар ортасы» шарасы әр аймақтан келген қонақтардың табиғат аясындағы таныстығымен басталып, тарихи мекенді тануымен жалғасты. Мұғалімдер қауымы өзара пікірлесіп, тәжірибе алмасты. 100-ден астам ұстаз тау етегінде қара жорға биін топтық билеп, бөгенайы бөлек серуен құрды. Ертесі 25 наурыз Алматыдағы Qazbilim ұлттық лицейі қабырғасында «Ұлттық мектеп моделі: тәрбиеден білімге» атауымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға ғалымдар мен зерттеушілер, ұлт жанашырлары, зиялы қауым, ресми билік өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен ата-аналар және басқа да азаматтар болып, республиканың әр төңірегінен 200-ге тарта адам қатысты. Жиында білім сапасы мен оқыту үрдісі, жас буынның тәрбиесіне қатысты келелі мәселелер қозғалды. Ғалымдар мен сақа сарапшылар, зерттеушілер, тәжірибелі ұстаздар кесімді тұжырым айтты. Бас баяндаманы академик Асқарбек Қабыкенұлы жасады. Білім беру саласында маңызды қызметтер атқарған, іргелі реформаларға жетекшілік еткен ардагер ғалым білім сапасын жақсартудың сегіз негізгі жүйесін атады. Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті өз тұжырымдарын нақты мысалдар, тәжірибеде қол жеткізген сандық деректер арқылы дәйектеді. Екінші болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Самал Дәрібайұлы 1993 жылы О. Жандосов елдімекенінде ашылған ұлттық мектеп тәжірибесін сөз етті. Тәуелсіздіктің алғашқы тынысында ұлттық мектеп құру әрекетін Алма Қыраубаева рөлімен сабақтастыра әңгімеледі. Үшінші спикер Сәтбаев атындағы BINOM мектеп-лицейі директоры Құралай Амангелдіқызы еді. Мұғалім мәртебесі туралы танымдық баяндамасын өмірлік мысалдарымен ұштастыра өрген баяндамашының ойы көптің көкейінен шықты. Одан кейінгі сөз иесі, Ұлытау облысы білім басқармасы басшысы Сафура Сейдуәлиқызы оқу-оқыту нәтижесін сан мен сапа тұрғысынан талдады. Түрік Республикасы Қажы Байрам Уәли университетінің оқытушысы, PhD ғалым Бекарыс Нұриман ескі жазбалардағы тәрбие мен білім тақырыбын қозғаса, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған №2 орта мектеп-интернатының мұғалімі Жарқын Сәленұлы жас ұрпақты шешендік өнермен тәрбиелеудің маңызын айқындады. Әрі осы бағытта атқарып жүрген іс-тәжірибесін ортаға салды. Ал қорытынды баяндама Qazbilim жобалары жетекшісі Аятжан Ахметжанұлына берілді. Педагог менеджер әрі PhD ғалым ұлттық мектеп құрудың ұңғыл-шұңғылына үңілді. Көкейкесті мәселелерді аудара қарап, ақтара тексерді. Ұлттық мектеп нендей негізге сүйену керек, қандай ұстаным алға шығуы тиіс деген сұрақтарға дәйекті пікірмен жауап берді. Жарыссөзден кейін модератор Ұшқын Сәйдірахманұлы баяндамаларда айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді қорытып, қаулы жобасын ұсынды. Жиылған көпшілік мақұлдауымен тиісті қаулы қабылданып, конференция жабылды.

Талантты танып, талаптыны демеген

Конференциядан кейін кезекті шара Алатау дәстүрлі өнер треатрында өтті. Мұнда әр өңірдегі лицейден келген өнерпаз өрендер мен білікті ұстаздар он жылдыққа арнап өнерден шашу шашты. Тек оқуда ғана емес, өнерге де кенен екенін паш етті. Бірі күй шертіп, бірі ән салып, енді бірі мың бұралып билеп, 600-дей көрерменнің көзайымына айналды. Qazbilim-нің он жылдық тойына қазақ сахнасының шырайын келтіріп жүрген өнер жұлдыздары да құтты болсын айтып келген еді. Ұшқын Жамалбек, Әсет Есжан қатарлы әнші азаматтар ән салып, Мейірбек Сұлтанхан мен Қазірет Бердіхан қатарлы сөз барымташылары айтыстың көрігін қыздырды. Өнермен олжа салған азаматтардың арасында Qazbilim-нің биік белестен көрінуіне тер төгіп, үлес қосқан үздіктер марапатталып отырды. Қызметкерлердің алды пәтер иеленіп, миллионер атанса, кейінгілерінің өзі жарты миллион мен жүзмыңдықтарға қол жеткізді. Озат оқушылар да маңдайы жарқырап сахна төріне шықты. Бағалы сыйлықтарға ие болды. Жетістікке жеткен ұстаздар мен биікті бағындырған оқушыларды ҚР Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова және Нәрікбаев университеті басқарма төрағасының орынбасары, журналист Ерболат Мұхамеджан, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы қатарлы қайраткер тұлғалар марапаттады.

Qazbilim мекемесінің атаулы тойында Зейнеп Ахметова ұлттық мектеп кітапханасына арнап 300-ге жуық кітап сыйлады. Бұл кітаптарда батыр Бауыржан Момышұлының қолының табы қалуы балаларға оқуға шабыт үстері сөзсіз. Ал Нәрікбаев университеті басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан үздік оқушыға бір жылдық шәкіртақы тағайындады.

Үш күндік кешенді шараға табыс тілеп, әр өңірден құттықтау хаттар да жолданып жатты. ҚР Парламент мәжілісінің әлеуметтік даму және мәдениет комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы әкімі Жұмакелді Батырниязов, «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы, Маңғыстау облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Кенғанұлы, Атамұра корпорациясы президенті Құл-Мұхамед Рақымғали Абрарұлы және басқа да ресми мекемелер мен жеке тұлғалар құттықтау хаттарын жолдады. Сондай-ақ мерейтойлық концерт аясында танымдық-педагогикалық «Ұлттық мектеп» журналы көпке таныстырылды. Оның тұсауын «Qamshy» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш пен танымал педагог, Astana GARDEN School негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев кесті. 10 жылдық белесті бағындырып отырған мекеменің бұл ендігі бір бастамасы ретінде тарихтың жаңа бетін ашты.
Келесі күнгі шара Qazbilim ұстаздарының тәжірибе алмасар семинар-тренингіне арналды. Білікті ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға салып, оқыту сапасын арттыру жолдарын ұсынды. Сұрақ-жауап, талқы форматында өткен шарада болашақ бағдар анықталып, алдағы онжылдық меже айқындалды.

Өркен жайған орда

Бүгінде білім беру ұстынында өзіндік қолтаңбасымен танылған Qazbilim ұжымы – 6 бірдей еншілес мекемені қамтыған үлкен шаңырақ. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды қалаларында 2000-ға жуық оқушы оқытып отырған «Qazbilim ұлттық лицейін» негізгі арқау тірегі десек, одан бөлек оқу-ағарту саласын алға оздыруды мақсат тұтқан 5 отау мекеме бар. Олар: Қазақстанда білім беру жүйесін дамытуға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Qazbilim ұлттық білім беру қоры»; 8 қалада 11 бөлімшесі сапалы білім беріп жатқан «Qazbilim орталығы»; білім салаысына қатысты ақпараттық танымдық портал – «Qazbilim ақпараттық агенттігі»; білім саласындағы авторлық оқулықтар мен сапалы оқу-әдістемелік құралдар әзірлейтін – «Qazbilim баспасы» және оқушылар мен педагогтерге бағыт-бағдар беріп, көмек көрсететін «Qazbilim online» платформасы. Бұл жобалардың әрқайсысы білім атты үлкен даңғылға ұластыратын арналар. Qazbilim-нің он жылдық тойы қазақ оқу-ағартуының да көңіл тоғайтқан мерекесі.

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ

ПІКІР ЖАЗУ