Балық – елдің байлығы

Біле жүріңіз!

Балық – байлығымыз. Қай заманда да ел экономикасына өлшеусіз үлес қосқан, тонналап ауланған. Кешегі қиын жылдарда «өзен жағалағанның өзегі талмаған».
Балықты өлкенің бірі – Атырау аймағы. Соңғы жылдары арналары құрғап, балықтары азайып барады. Ақ Жайықтың, Қиғаш, Шарон, Жем, Сағыз өзендерінің суы тартылып, нуынан айырылуда. Мемлекеттік деңгейде шара алынбаса, жағдайлары күннен-күнге ел-жұрттың көз алдында кеміп барады.
Кәрі Каспийдің айдыны ластанып, теңіз үстінде жасанды аралшықтар пайда болуда.
Балықшы ағайындар, мұны қасірет деп, жағаларын ұстайды.
Бұл аймақтағы өзендер мен көлдерде қандай балықтар өсетіндігін есте берік сақтау үшін, өлең тілінде өрнектеген болдық.

Автордан

 


Шабақтарды сақтаңдар

Босқа отырма, қара, бар,
Ауыл-маңды арала.
Шабақтарды тайыздан,
Құтқаруда балалар.

Кейде өзендер тартылса,
Тұйық көлшік қалады.
Балалар кеп артынша,
Шабақтарды алады.

Ыдысы кең суға әкеп,
Шолпылдатып тастайды.
Ал, шабақтар тулап кеп,
Тыпыршуды бастайды.

Жиылумен бар бала,
Жібермейді өлуге.
Одан әрі арнаға,
Жібереді өсуге.

Құтқару да шабақты,
Есті ұрпақтың міндеті.
Қолға ап сүзгі-жарақты,
Айналысар күнбе-күн.

Еңбекақы төленер,
Мадақталар және де.
Ілтипатқа бөленер,
Деп істері өнеге.

Каникулда ездердей,
Босқа қарап жатпаңдар.
Өзен-көлді жерлерде,
Шабақтарды сақтаңдар.

Балық-елдің байлығы,
Өседі олар шабақтан.
Деме, ермек жай мұны,
«Өсірем» — деп талаптан!

 

Өзендер мен көлдерде

Каспий маңы ойпаты,
Өзендер мен көлдер көп.
Суы балық қоймасы,
Кең арнамен өрген көш.

Жайын
Алып-алып жайындар,
Тым тереңде жатады.
Оған қандай уайым бар,
Өзгесі үркіп қашады.

Ауызына апандай,
Топ-тобымен тастайды.
Қылғытады шашалмай,
Шайнап та ол жатпайды.

 

Сазан
Алтын қабық сазандар,
Ауызы бүрме, миы көп.
Көп аулайды адамдар,
Қонағымның сыйы деп.

Уылдырық шашқанда,
Жайылмаға шығады.
Суды шашып аспанға,
Көзсіз серуен құрады.

Шортан
Шортан-жыртқыш зулайды,
Ұсақтарға күн бермей.
Бостан-босқа қумайды,
Қалмайды да үлгермей.

Қолың барып қалмасын,
Тістері үшкір найзадай.
Кез келгенге жармасып,
Ойнатады найзағай.

Табан
Күміс қабық табандар,
Алақандай жап-жалпақ.
Жан-жағына алаңдар,
Жуас байғұс жалтақтап.

Үлкен-үлкен табанның,
Оймақтан кіші ауызы.
Қармағыңа қабар мың,
Тулай алмас ауды үзіп.

Көксерке
Көксерке үшкір қанатты,
Ем де сырқат түріне.
Бұл балыққа таласты,
Дәмділігін біліп ел.

Киіп ала жейдесін,
Білмейді де тойғанды.
Қанат, тісі тимесін,
Бұл да жыртқыш сойқанды.

 

Қойбалық
Бұл да күміс қабықты,
Тікені көп, семіз де.
Салмайды көп шабысты,
Шыққанында жем іздеп.

Жүзеді ылғи ойланып,
Алған соны негізге.
Шынымен де қойбалық,
Қойдай жуас, семіз де.

Алабұға
Ала шапан кигені,
Аршу қиын қабығын.
Уылдырығы – сүйгенің,
Бал сорпасы – азығың.

Тыран
Қармағыңа қапқанда,
Жарқырар ақ күмістей.
Шығады аумен тартқанда,
Сорпасын іш, дым ішпей.

 

Қызылқанат
Қармаққа тақ, жіпті ұзын,
Үлгер жемін жұтқызып.
Қорегі анық көк балдыр,
Қанаттары қып-қызыл.

Қызыл балық

Қызыл балық түрі көп,
Тұқымдастар бекіре.
Одан асқан ірі жоқ,
Қарт Каспийде секірер.

Көк теңізде тұрағы,
Өзен-көлге келмейді.
Тұқымы аз мұраны,
Көп аулауға бермейді.

Етінен де тым қымбат,
Уылдырық қап-қара.
Заңсыз аулап, тың тыңдап,
Болғандар бар масқара.

Жөні түзу ұғады,
Бір тосқан бар асқанға.
Ақ Жайыққа шығады,
Уылдырық шашқанда.

Ұста досым есіңе,
Болсын дәйім ойыңда.
Тұқымдастар бекіре,
Қызыл кітап қойнында.

Қызыл балық зауыты

Атырауда зауыт бар,
Қызыл балық шабағын,
Өсірсе, жоқ қауіп сан,
Беріп түрлі тамағын.

Келмес өзі сені іздеп,
Еңбек еш боп кеткен бе?
Жібереді теңізге,
Өлшемге сай жеткенде.

Бұларды да тығылып,
Аулайтын бар қараулар.
Жатыр заңмен жығылып,
Желпілдеген танаулар.

Құр болғанша тілектес,
Түзетіс кел, кем ісін.
Жақсысына үлес қос,
Келешегі сенікі.

Біз көрген балықтар

Қаршадайдан аулаған,
Осы біздің балықтар.
Құрметі әлі аумаған,
Жұғымды дәм халыққа.

Есті бала аңғарар,
Жөні де жоқ таңғалар.
Ысырап қылсаң, көп аулап,
Онда қатал заңда бар.

Былай кезде жасқанба,
Науқан қызып жатқан да.
Ал, аулауға болмайды,
Уылдырық шашқан да.

Көпке үлгі тұтқан іс,
Алға жігер, шық намыс!
Бөлініп су қалса, егер,
Шабақтарды құтқарыс!..

Таңатар Дәрелұлы,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ