Қазақстан құрамасы дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысты

Астанада 10-12 мамыр күндері Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысы өтті. Олимпиадалық рейтингте ұпай беретін бұл жарыста Қазақстан намысын ұлттық құрама көшбасшыларымен бірге жас спортшылар да қорғады. Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен  жарысқа 86 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинады. Дзюдошылар жарысты сәтті бастап 73 келідегі Дархан Қойбағар испаниялық Хосе Олаланы, Бақытжан Әбдурахманов франциялық Максим Гобертті, Дастан Шаяхметов қырғызстандық Мұса Шабданбековті жеңді.  81 келідегі Руслан Мұсаев бірінші кезеңде Медиксон Кортореалланы (Доминикан Республикасы) ұтты.  Ғалия Тыңбаева финалда Grand Prix чемпионы Сабина Гилиазованы (AIN) иппон ұпаймен жеңіп, ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені әкелді. Бұл – Ғалия Тыңбаеваның әлемдік Grand Slam турниріндегі алғашқы алтын медалі.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Елдос Сметов қола жүлдені жеңіп алды. 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Абылайхан Жұбаназар турнирдің қола медалін жеңіп алды. Ол кіші финалда швейцариялық қарсыласын «иппон» ұпайымен ұтты.  Осылайша, Абылайхан әлемдік Grand Slam турниріндегі төртінші медалін алды.

Қазақстан дзюдосының ілгері жылжуын бүкіл әлем мойындады. Қазақстан дзюдо федерациясы көптеген бағыт бойынша жұмыс істеуде. Бұл жұмыс спорттық нәтижелер көрсетуде ғана емес, халықаралық беделімізді де нығайту жолында жүргізілуде.  Дзюдоның басқа да жекпе — жек түрлерінен ерекшелігі, ұлттық федерация құрамаларының әр қайсысы халықаралық дзюдо федерациясының бастауымен жыл бойы өткізілетін Халықаралық дзюдо федерациясының турнирлеріне қатысуға мүмкіндік алады (Халықаралық дзюдо федерациясының мүшелері тек ФИФА-ға жол береді). Дәстүрлі әлем және құрлықтық біріншілік чемпионаттарымен қатар, «Әлем шеберлері», «Үлкен Дулыға», Гран-при мен Әлем кубогі додалары өтіп тұрады. Қазақсанда жыл сайын дзюдоға деген қызығушылық артуда. Ересектер жастар және жасөспірімдер арасында ел біріншіліктері өтіп тұрады, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, дзюдоға қызығушылық танытқандардың саны мен сапасының көтерілгенін көрсетеді. Жапон күресі – дзюдоны жекпе-жектің әлемдегі ең көп тараған түрі деп айтуға толық негіз бар. Мұны онымен айналысатындардың санына қарап-ақ аңғару қиын емес. Ресми деректер дүниежүзі бойынша татамидегі «бұралаң жолды» игерумен 28 миллионнан астам адам шұғылданатынғын растайды. Ал дзюдошылардың негізгі мекені оның тарихи отаны Жапония екені белгілі. Себебі, Күншығыс елінде дзюдогиді (дзюдомен айналысуға арналған киім) үстінен тастамайтын 8 млн-ға жуық тұрғынды кездестіруге болады екен. Алғаш пайда болған кезінен бастап сұранысқа ие спорттың бұл түрін XX ғасырдың 40-жылдары зерттеуге түбегейлі тыйым салынса да, мұндай шектеу оның өзге елдерде қарқынды дамуына кедергі келтіре алмады.

Қазақстан дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылған. Екі адам бір-біріне қарама-қарсы тұрып, күш қолданатын спорт түрлері Қазақстанда әлдеқашан танымал болып, өзінің ізбасарларын тез тапты. Қазақстанда дзюдо мектебін қалыптастыру жолында Анатолий Малкин, Тлеухан Әміржанов, Владимира Пака, Анатолий Сун, Әбілхаиыр Байбұсынов, Батырбек Сейсенбаев, басқа да азаматтар үлкен жұмыс атқарды.

Қазақстан дзюдошыларының бүкілодақтық жарыстарға қатысуы оларға өз жемісін бере бастады. Алғашқы халықаралық турнирлер біз үшін сәтті аяқталып, Марат Әзімбаев Еуропа чемпионы атанды.

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап біздің еліміз халықаралық, құрлықаралық біріншіліктерге, әлем чемпионаттарына, Олимпиада және Азия ойындарына өзіміздің жеке құрамаларды шығаруға мүмкіндік алды. Отандық татами шеберлерінің алғашқы кездесулері көңілге қуаныш ұялататындай болды. 1993 жыл Макаода өткен Азия чнмпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте осы спорт түрінің негізін қалаушы жапондықтарға ғана есе жіберіп, екінші орынды иеленді.

Қазақстан дзюдошыларына Олимпиададағы алғашқы ірі жеңіс 2008 жылы келді, Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Асхат Жіткеев ақтық мәреде Монғолиядан келген қарсыласына есе жіберіп, Олимпиаданың күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Осы күміс жүлде алғаннан соң үш мәрте Азия чемпионы және әлем біріншілігінің қола жүлдегері спорттық карьерасын мақтанышпен аяқтады.

Дзюдо туралы қызықты деректер

 

*Дзюдоның негізін қалаушы Дзигоро Кано 15 жасқа дейін өзінің әлжуаздығына байланысты қатарластарынан үнемі таяқ жеп жүреді екен. Мұндай өмірден әбден қажыған жасөсіпірім күндердің күнінде спортқа ден қойып, жекпе-жек түрлерін зерттеу туралы шешім қабылдайды. Еңбегі еш кетпей, 22 жасында-ақ Кано жаңа спорт түрін – дзюдоны ойлап табады.
* Кодокан – «Жолды зерттеу үйі» дзюдо әлеміндегі ең ірі ұйым. Оның негізін де 1882 жылы Дзигоро Кано қалаған. Кодокан храмындағы алғашқы дзюдо мектебін ашқанда, Каноның бар-жоғы тоғыз шәкірті болған екен. Аз уақыттың ішінде қарқынды дамыған спорт АҚШ президенті Теодор Рузвельт пен үндінің ұлы ақыны және ойшылы Рабиндранат Тагордың да қызығушылығын тудырған.
* Бүгінде Кодоканның жетіқабатты жаңа ғимаратында дүниежүзіндегі ең үлкен спорт залы бар. Оның көлемі 1100 шаршы шақырымды құрайды. Қазіргі таңда Кодоканды Д.Каноның немересі Капо Юкимитсу (10 дан) басқарады.
*Голливудтық режиссер Гай Ричи, актер Стивен Сигал дзюдомен айналысса, Чак Норристің өзі басқа жауынгерлік өнерлермен қоса дзюдоны да зерттеген. Бұл қатарда Германия канцлері Ангела Меркель де қасқайып тұрады. *Әуесқойлар саны бойынша бүгінде дзюдоны басып озған спорт – футбол ғана. Бірақ басқа жауынгерлік жекпе-жектердің арасында дзюдодан асып түскен ешқайсысы жоқ.
* Бұл спортта әзірге жапониялық Ясухиро Ямаситаның деңгейіне жеткен ешкім жоқ. Күншығыс елінің 9 дүркін чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы және 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының чемпионы спорттық мансабын 1985 жылы 28 жасында аяқтаса да, бұл рекордтың жақын арада бұзылуы екіталай секілді. Я.Ямасита – халықаралық жарыстарда қатарынан 217 рет жеңіске жеткен тұлға. Өз жеңістері үшін Ямасита – 27 жасында Халық құрметі сыйлығын алған азамат.

* Дзюдоның ішкі жан дүниенің дағдарысынан сақтап, сана-сезімнің де дұрыс қалыптасуына ықпалы зор. Жекпе-жек түрлерінің негізгі қағидаларына құлақ асатын әрбір адам кемелдене түседі екен. Есте сақтау және қоршаған ортада орын алып жатқан жайттарға назар сала білу қабілеті артып, күйгелектіктен арылтады.
*Спорттың аталған түрінің қауіпсіздігін мамандар да растайды: медицина саласының өкілдері аталған спорттың жастар үшін ешқандай да қаупі жоқтығын анықтаған. Ал жарақаттың 70 пайызы жаттығуда емес, жарыс кезінде алынады екен.
*1964 жыл дзюдо үшін ең маңызды жыл саналады. Себебі, дәл осы уақытта жекпе-жектің бұл түрі Токиодағы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Жапония астасында кеңестік төрт спортшы қола жүлдеге иелік етіп, әлемді таңғалдырды.
* Токиодағы 2007 жылы түндігін түрген әлем біріншілігінде француз балуаны Тедди Ринер ең жас жеңімпаз атанды.
*Дзюдодан жапон полициясында қызмет атқарғысы келетін кез келген адам хабардар болуы тиіс. Бұл үрдіс 1886 жылдан басталған. Сол үшін әдейі қылмыскерлерді ұстауға арналған әдіс – Рэнкоховадза дүниеге келген.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

ПІКІР ЖАЗУ