Жаңашыл ұстаз — заман талабы

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле», — дейді халық даналығы. Мұхтар Әуезов «Ұстаз – ұлы есім», — деп ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол – ұстаздық екендігін айтып кеткен. Жаңа заманға лайық жаңа білім, жаңа тәрбие беру – өмір талабы.

Жас та болса, жанып тұрған шығармашыл ұстаз, Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылының, І. Жансүгіров атындағы №37 орта мектеп мұғалімі Джабаева Айнұр Тынышбекқызы – жаңашыл, қабілетті, ізденімпаз педагог. Ол өзінің мақсаттылығымен, еңбек сүйгіштігімен, балаларға деген сүйіспеншілігінің арқасында жақсы деген нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, түрлі шараларды үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдаланып, баланың жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізеді. Шығармашылық деңгейін жүйелі түрде толықтыру үшін кәсіби, шығармашылық байқауларға белсене қатысып отырады. Біліммен қоса, түрлі тәрбиелік іс-шаралармен ұлт жанашырларын тәрбиелейді. Әр сабағын үлкен ізденіспен дайындайтын Джабаева Айнур Тынышбекқызы Алматы облысының үздік педагогы. Оған оқушыларының, тәлім алушыларының және өзінің жетістіктері дәлел деп айта аламыз.

Ұйымдастыру қабілеті жоғары, әр істің қыр-сырын таба білетін  Айнұр Тынышбекқызымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Ұстаздық – дара жол, даңғыл жол! Осы жолды таңдауыңызға кім, не себепкер болды?

Бұл жол қажырлы еңбек пен үнемі ізденімпаздықты талап етеді. Өз басым ұстаз болуды бала күнімнен армандадым. Мен үшін ұстаз болу-мәртебе! Шәкірт – менің жүрегім! Менің ұстаздық өмір жолым 2008 жылдан басталды. Әрине, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін ұстаздық жолда түрлі қиындықтан өтіп, өзімді шыңдадым десем де болады. Ол өткен әрбір қиындығым болашақтағы «Ұстаз» атануыма себепші болды деп айта аламын.  Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, жаңашыл ұстаз болмысын сомдар болсам, біріншіден, мұғалім – үздіксіз ізденуші. Кез келген тосын сұраққа жауап беріп, кез келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Ізденіс мен үшін әрқашан теориялық білімді кеңейтіп, методикалық әдіснамамды арттырудың тиімді жолы болмақ. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай кәсіби мәдениеті жоғары, білікті маман атану.

  • Мұғалім шеберлігі қандай болмақ? Сапалы білім берудегі басты мақсат неде деп ойлайсыз?

— Мұғалімнің әр сабаққа дайындаған тапсырмасының өзі бірқалыпты деңгейде болмауы керек. Сол себепті шығармашыл білім алушыға күрделі әрі сыни тұрғыда ойландыруға жетелейтін тапсырмалар беріп отыруы керек. Осыдан барып біз баланы алған білімін өмірде қолдана алатын тұлға ретінде қалыптастырамыз. Сапалы білім берудегі негізгі міндет те, мақсат та осы.

Сапалы білім беру теорияны тәжірибемен ұштастыра білуде деп ойлаймын. Алған білімді бала тек біліп қана қоймай, өмірде қолдана алуы маңызды. Нәтижесінде біз өмірге бейім, кез-келген тығырықтан жол таба алатын тұлғаны тәрбиелейміз. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың: «Сендер адаспаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген сөзін әр ұстаз жадында ұстауы керек.  Әр мұғалім өз шәкіртін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болашағы ретінде тәрбиелеу үшін барын да, жанын да салуы керек деп білемін!

  • Жаңа әдіс – тәсілдерді тиімді қолданып жүрген ұстаз ретінде өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
  • «Оқушының жетістігі – мұғалімнің жетістігі, ал мұғалімнің жетістігі жаңа әдіс — тәсілді тиімді қолдануда» демекші, шығармашыл тұлға дайындау, қарым-қатынас жасау үшін тіл байлығын дамыту әрбір педагогтің міндеті. Осы үйренген жаңа тәсілдерді еңбек жолымда тиімді пайдалану, менің басты мақсатым. Халық: «шәкірт ұстаздан озса, игі» деп тегін айтпаған ғой. Сол себепті, осы айтылған ұстаз болудың негізгі қағидаларын өз еңбек жолымда қолданып, одан әрі дамыту үстіндемін. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға кеп тіреледі. Ұлы ағартушы Әбу Нәсір Әл-Фараби ұстазының үйінің қасынан өтер кезде, атынан түсіп, атын жаяу жетектеп өтетін болған екен. Бұл оның ұстазына деген шексіз құрметінің айқын дәлелі. Мұғалім деген мамандық нағыз құрметке ие мамандық. Себебі, кәсіби мамандығына құштар, оны жан-тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнай алатын адам ғана мұғалім бола алады. Олар өз пәнін жете меңгеріп, кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштап отырып, мектепке жан бітіреді.
  • Білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. ХХІ ғасырдың әрбір дағдысын меңгеру үшін бүкіл оқушыларда пән бойынша академиялық білімнің болу талабын орындау жаңашыл ұстаз қажеттігі туралы не айтасыз?

Менің ойыша, оқушыларға пән бойынша академиялық біліммен қатар қазіргі заманда табысқа жету үшін сын тұрғысынан ойлау, проблема шешу, қарым-қатынас жасау және бірлесіп әрекет ету сияқты негізгі дағдыларды да меңгертуіміз қажет. Ұлтын    сүйетін         ұлтжанды жеткіншектерді тәрбиелеуде, ақпараттық заманның қарыштап дамыған кезінде информатика пәнінің алатын орны ерекше. Бұл пәнді оқытуда оқушылардың пәнге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, оны дамытуға бағыттау керек. Алған білімдерін өмірде қолдана алатын құзыретті оқушы дайындау ұстаздың басты мақсаты. Әлемде теңдесі жоқ мамандық кімдікі десе мұғалімдікі дер едім. «Ұстаздық – ұлы іс», бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін.

 

  • «Жаңашыл мұғалім» республикалық конкурсына қатысып, жеңімпаз атандыңыз. Конкурстың ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?
  • Bilim Media Group компаниясы жыл сайын 2015 жылдан бастап, білім беру саласында инфокоммуникациялық технологияларды дамытуға педагогтердің үлесін арттыру және тарату мақсатында педагогтарға арналған «Жаңашыл мұғалім» республикалық конкурсын өткізіп келеді. «Білім беруді цифрландыру аясындағы заманауи педагогикалық технологиялар» аталымы бойынша жеңіске жеттім.

2021-2022 оқу жылында байқауға 1000-нан астам мұғалім қатысты. Оның ішінде 549 педагог екінші турға өтті. «Жаңашыл мұғалім – 2021-2022» байқауының жеңімпаздарын сараптамалық комиссия анықтады, оның құрамына жетекші мамандар, педагогика шеберлері, сондай-ақ өткен жылдардағы байқаудың жеңімпаздары кірді. Құзыретті қазылар алқасы конкурстық жұмыстардың әдістемелік мазмұнын, идеяның өзіндік ерекшелігін, цифрлық ресурстарды қолданудың өзектілігі мен нәтижелілігін, сондай-ақ жалпы көріністілігін бағалады. Сарапшылар білім беру ресурстарын пайдаланудың, жаңа педагогикалық технологияларды қолданудың шеберлігі мен стандартты емес тәсіліне, сондай-ақ педагогтың оқушылармен өзара іс-қимыл жасау қабілетіне ерекше назар аударды. Байқау қорытындысы бойынша тәуелсіз комиссия 4 аталым бойынша 5 жеңімпазды анықтады. Өз сабағымда заманауи педагогикалық әдістерді қолдандым. Атап айтқанда, flipped classroom әдісін, мобильді оқыту әдісін, CLIL әдісін пайдаландым.  Сондай ақ өз сабағымда цифрлық құзыреттілігін көрсеттім. Сабақтардың бірізділігі сақталды, оқушылардың практикалық жұмысы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, түсірілім сапасы мен бейнені тиісті деңгейде өңдеу жасалды. Педагогтерге арналған жыл сайын өтетін «Жаңашыл мұғалім – 2021-2022» республикалық байқауға еліміздің барлық өңірінен мұғалімдер қатысты. Байқаудың мақсаты – педагогикалық практикада цифрлық ресурстарды қолданудың озық үлгілерін анықтау. Екі кезеңмен өткен байқау оқу жылының соңында қорытындыланды. «Жаңашыл мұғалім – 2021-2022» байқауының жеңімпаздарын құрамына жетекші мамандар, педагогика шеберлері, сондай-ақ өткен жылдардағы байқау жеңімпаздары енген сараптама комиссиясы анықтады. Байқауға 1000-нан астам жұмыс келіп түсті, оның ішінен тәуелсіз комиссия 4 аталым бойынша 5 жеңімпазды озық деп таныды.  «Білім беруді цифрландыру аясындағы заманауи педагогикалық технологиялар» аталымы бойынша Жеңімпаз дипломы мен 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталдым.

  • Жас ұстаздарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

—Жаңашыл ұстаз  – заман талабы. Теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болуы тиіс. Ең жақсы мұғалім – шәкіртінің жанын түсінетін, оны өз перзентіндей сүйе алатын, оқушы үшін бойындағы барын беретін, барлық білімді жібермей, шәкіртін өздігінен білім алуға жетелейтін мұғалім. Абай Құнанбаев:  «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады.» — дейді. Әр уақытта   ұстаз жоғарыда атап өткен жайлардың үдесінен шыға отырып, шәкірттеріне сапалы білім берсе, тек білім ғана емес сонымен қатар жандарын жараламай, бойындағы бар мейірім-шапағатын аямай, олардың екінші ата-анасы  ретінде  қамқорлықтың шуағына бөлеп, білімнің асқар биік шыңына шығаруға  бар  күш-жігерін жұмсағанда білім беру жүйесінде «Қазақстанның болашағы – жастарымыз»  үшін үлкен жетістік пен оның жемісі көрінері айқын.

— Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін!

ТҮЙІН. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, ал оларды терең білімді, жан-жақты дамыған, интеллектуалдық деңгейі жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыларға білім берудің тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіру, шығармашылығын дамыту. Бұл да шебер, білікті мұғалімнің еншісіндегі дүние. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудағы модульдік, дамыта оқыту, деңгейлі саралап оқыту, сын тұрғысынан ойлау секілді технологияларды мұғалім өз ізденісі арқылы оқушының қабілетіне, деңгейіне сай іріктеп қолдануы тиіс. Сонымен қатар, әрбір жаңашылдыққа ұмтылған ұстаз кәсіби шеберлігін жетілдіруде өзінің стратегиясын құра білуі қажет.
Ендеше, ұстаздар қауымы мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қарастырылған жеңілдіктерді ескеріп, өз пәнін жете меңгерген, жаңашылдыққа жаны құмар кәсіби, білікті мамандар шоғыры білім сахнасында көбейеді деп сенеміз. Білім сапасы қашан да, ұстаз қызметінің сапасына тығыз байланысты.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Мұғалімнің жетістігі:

  • ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты;
  • «Сіздің жеке үлесіңіз өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі педагогтар үшін лайықты үлгі болып табылады» Талғар ауданының прокуратурасының Алғыс хаты;
  • Алматы облысының білім басқармасы Тәуелсіздік күніне орай болашақ ұрпақты білім беру мен тәрбие беруде жеткен жетістіктері үшін Диплом
  • «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының Алғыс хаты;
  • «Үздік педагог – организатор» аудандық байқау Бас жүлде иегері;
  • Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы дарынды балалар ІІІ фестивалінің Алғыс хаты;
  • «Emotion Dance KZ» ІІ Республикалық дарынды балалар жобасының Алғыс хаты;

 

ПІКІР ЖАЗУ