Көркем гимнастика – денсаулық және сұлулықтың кепілі

Астана қаласының спортшысы Айбота Ертайқызы 2004 жылы 28 наурызда дүниеге келген. Х.Мұңайтпасов атындағы Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің түлегі. 1 ересек санаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының мүшесі, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы мен жүлдегері, Республикалық жарыстардың көпсайыс және жеке есепте чемпионы және жүлдегері. «Ертіс жұлдыздары» халықаралық жарыстарының жүлдегері 2012 ж., көркем гимнастикадан «STARS-2012» ашық қалалық турнирінің қатысушысы З.Т.Г.Горенкова атындағы жасөспірімдер спорт мектебі, Ресей, Омбы қаласы, көркем гимнастикадан ашық чемпионаттың жеңімпазы Қарағанды2013, жеңімпазы «Ертіс жұлдыздары 2013». «ZHULDIZ CUP – 2013» II Халықаралық турнирінің жүлдегері.

 

Көркем гимнастика тек қана қыздар айналысатын спорт түрі болғандығына қарамастан жер жүзінде  жанкүйерлері басқа спорт түрлерінің жанкүйерлерінен аз емес. 5 наурыз күні Эстонияның Тарту қаласында көркем гимнастикадан дәстүрлі «Мисс Валентайн» Гран-приі аяқталды. 1995 жылдан бері тұрақты өтетін, 2020 жылдан бастап көркем гимнастикадан халықаралық Гран-при сериясына қосылған «Мисс Валентайн» турнирінде Астана қаласының спортшысы Айбота Ертайқызы 2 медаль жеңіп алды. Спорттың  бір түрі саналатын көркем гимнастика – музыка сазымен лента, доп, шеңбер, тағы басқа арнаулы затпен немесе затсыз гимнастикалық жаттығулар комбинациялары орындалатын қыздар арасындағы жарыс.  Көркем гимнастика шұғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, иіліп, бұралу, денені тік ұстау, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру, халықтық би мен шалқыма би басым келеді. Биыл 30 мемлекеттен таңдаулы 33 спортшы қатысқан жарыста яғни Дәстүрлі Miss Valentine турнирінде Ұлттық құрама өкілі Айбота доп жаттығуынан 32.700 ұпай иеленіп, күміс медальға қол жеткізді.  Ал шығыршықпен жаттығуда отандық спортшы 32.550 ұпай алып, қола медаль жеңіп алды.  Сондай-ақ Айбота ұршық және лентамен өнер көрсетуде финалға шығып, жүлдеге бір табан жетпей, 4-сатыға тұрақтады. Биыл ақпан айында Мажарстан астанасы Будапеште өткен көркем гимнастикадан 28-ші Gracia Fair Cup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Жекелей сында Айбота Ертайқызы доппен, лентамен және ұршықпен өнер көрсетуде дес бермей, 3 жаттығуда алтыннан алқа тақты. Ал Эрика Жайлауова шығыршық жаттығуында чемпион атанды. Көпсайыста Айбота күміс (125,2 балл), Эрика қола жүлдегер (122,25 ұпай) атанған. Сондай-ақ мұнда Ұлттық құрама гимнасты Милана Парфилова 4-ші, Зере Бақытжанқызы 6-шы, Айым Мейіржанова 7-ші сатыға тұрақтаған болатын.

Айбота 2022 жылы 27-28 тамызда Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен көркем гимнастикадан Gracia Fair CUP турнирінде бірден бес медальді иеленді. Ұршықпен болған сайыста алтын медаль тақты. Баумен орындаған жаттығуда және көпсайыста екінші орын алды. Доппен және шеңбермен болған сында күміс пен қола медальді қанжығасына байлады. Айбота командаласы Эльжана Таниевамен бірге Ресейдегі Ирина Винер академиясында жаттығады.  Айбота сондай-ақ 2022 жылы 8-10 сәуір күндері Болгарияның София қаласында әлем кубогінің екінші кезеңіне қатысты.  Аталған әлемдік бәсекеге Қазақстан құрамасынан екі гимнаст атап айтқанда, Айбота Ертайқызы мен Эльжана Таниева ел намысын қорғады.

2022 жылы жаңа жыл қарсаңында Көркем гимнастика федерациясы спортта айтулы табысқа жетіп, әлемдік аренада талайды таң қалдырып, үздік нәтижеге жеткен аруларға құрмет көрсетті. Олардың арасында Айбота да болды. Жылда дәстүрлі түрде өтетін шараға қатысқан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев жыл үздіктерін құттықтап, бірнеше аталым бойынша сыйлық табыстады. Айбота Ертайқызы – «Үздік спортшы» сыйлығына ие болды. «Нәзік жандыларға тән үйлесімді көркем гимнастиканың спорт әлемінде алатын орны қашан да бөлек», — деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Көркем гимнастика-бұл физикалық даму мен жетілдіруге бағытталған дене тәрбиесі. Гимнастиканың өзектілігі-қатысушылардың моторикалық қасиеттерін дамыту және жетілдіру процесі олардың өнімділігін  жақсартуға және денсаулықты нығайтуға ықпал етеді. Көркем гимнастикадағы тұжырымдама гимнасттардың физикалық, техникалық, ерікті және тактикалық дайындығын қамтиды. Көркем гимнастика дене тәрбиесінің мамандандырылған процесін қамтамасыз етеді, ол гимнасттарды жақсы нәтижеге жетуге дайындаудағы негізгі міндеттерін шешуді қамтамасыз етеді. Көркем гимнастикадан дүниежүзілік чемпионат 1963 жылдан бері өтіп келеді. Олимпиялық ойындар бағдарламасында 1984 жылдан бар. Қазақстанда 1947 жылдан бері тұрақты жүзеге асуда. Алматы дене тәрбиесі интернатында көркем гимнастика секциясы ашылды. 1949 ж. гимнасшы-қыздар арасында тұңғыш республикалық жарыс өтті. Қазақстандағы көркем гимнастика спортын ұйымдастырып, дамытуда Л.Каспарова, Э.Волкова, К.Морозова, К.Степанова, Э.Осадчая, Л.Дягилева, т.б. спортшылар мен жаттықтырушылар көп еңбек сіңірді. Көркем гимнастикадан А.Батырбекова, С.Рахметова, С.Барлыбаева сияқты қазақ қыздары 1960 – 70-жылдары республиканың бірнеше дүркін чемпионы болып, халықаралық жарыстарға қатысты. 1991 ж. республика тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда павлодарлық Ә.Мұстафина, алматылық З.Жақыпова, шымкенттік Ә.Юсупова, т.б. гимнасшы қыздар бірнеше дүркін Азияның чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жүлдегері болды. Павлодарлық Майя Сүлейменова қазақ қыздары арасында алғаш Халықаралық дәрежедегі төреші атанып, дүниежүзілік чемпионатқа қазылық етті (Вена, 1995; Будапешт, 1996), екі рет Азия чемпионатына төреші болды (1994, 1996 ж.), Көркем гимнастика ШымкентАлматыПавлодарАстанаӨскеменҚарағандыПетропавлКөкшетау қалаларында жақсы дамыған. Міне, сол даңқты дәстүрді жалғап, АСТАНАЛЫҚ Айбота Ертайқызы қазақстанның атын асқақтатты.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

 

 

ПІКІР ЖАЗУ