Жыр сапар

Ауылым
Көріп өстім бұл ауылдың қыр, шыңын,
Біліп өстім бұл мекеннің қыр-сырын.
Толықсыған толған айдай жан жағы,
Тәтті еді жемістері бал-шырын.

Білемін мен әрбір шұңқыр, әр сайын,
Шолпаныңа қараушы едім таң сайын.
Бақыттымын ғұмырымды арнасам,
Шаршасам мен, сен жайлы айтып шаршайын.

Ауылым бұл алтын ұя бесігім,
Жүректегі жеті әріп есімің.
Сенен тудым, саған қызмет етемін,
Қателессем, сұрап жүрмін кешірім.

Сені көрсем тулар бойда қанымда,
Менде бармын, сенің ғана барыңда.
Кіндік қаным тамғаннан соң өзіңе,
Байланып тұр бақытым да, жаным да.

 

Ей, Өмір!
Бүгін деген – бүгін емес, кеше дер ем,
Бір орыннан мезгілсіз көше берем.
Ей, дүние, жүрекке мейірім бер,
Менде сенің күніңді кеше берем.

Кідірмейсің, түсінем менде сені,
Уақытыңның түгелғой енді есебі.
Еркелігі бұл бала ақыныңның,
Еркелетсең дәл бұлай демес едім.

Өлең жазам, уақыт бер, үлгерейін,
Бақыт кешіп баянды күн көрейін.
Күндіз тірлік қым-қуыт қарбаласпын,
Тебіреніп алайын түнге дейін.

Жазып сені өмірім, шумақ еттім
Тылсымыңды жасырып жұмбақ еттің.
Білемісің жыр іздеп кезгенімде,
Көлге кеттім, қиялдап құмға кеттім.

Күн мен айды қоспадың бұрын бірге,
Қоспа мейлі, бірақта сүріндірме.
Сұрағыңа, көнермін сынағыңа,
Бірақ мені өлеңнен түңілдірме.
Өлеңнен артық жан жоқ жақыным да,
Жарық көрмей кетпесін хатым мұнда.
Ей, өмір, айрандайын ұйып тұршы,
Ақының жеп үлгерсін қатығын да!..

 

Олар биік
Жасырынып жатсам ба тоғайларда,
Айтудан ақыл-кеңес оңай бар ма?
Өмір сүрсем, сүремін несі бар ал, —
Із қалдырды емес пе, Абайларда.

Өтті Мұқаң, Мағжан да, Сәкенім де,
Ілесіп менде осынау кетем үнге…
Олардың жасап кеткен жақсылығын,
Өлеңіме мен қоспай кетемін бе?!

Тұлға олар, бізге берген мектебі көп,
Кетті олар қазақтың көктемі боп.
Жаны ұшып келмеске сапар шекті,
Өлең-жыры біздерден кеткені жоқ.

***
Олар биік, олар тұлға, зиялы,
Қалай жаным жамандыққа қияды.
Өмір сүрді қазағым деп, елім деп, —
Оқығанда санама нұр құяды.

Олар мұхит, мен олардың тамшысы,
Олар тұлпар, ал мен жәй бір қамшысы.
Олар салған ізбен жүрмей кетсем мен,
Ей, найзағай, мына мені шаншышы!…

Олар дауыл, ал мен баяу самалы,
Олар қорған, мен бір бұрыш қамалы.
Олар дала, олар орман жайлаған,
Сол орманның мен жәй ғана маралы.

Оларсыз мен, құлазыдым, жасыдым,
Дәл солардай келер кейде тасығым.
Олар алып, басы бұлтты тау болса,
Мен сол таудың кішкентай бір тасымын.

Болмаса олар, қанат мынау талғандай,
Оларсыз мен бақыт тайған сормаңдай.
Олар бізге көрсетпесе даңғылды,
Болар еді біз басатын жол қандай?!…

Нұрмахан Бибарыс Талғатұлы, 12.10.2003ж туған.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылы
Б.Төлепбаев атындағы жалпы орта мектебін алтын белгіге аяқтаған. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің
3 курс студенті.

ПІКІР ЖАЗУ