Ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ұжым

Жуырда «Qazaqstan dauiri» газетінің ҚР Оқу-ағарту және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, «Аманат» партиясымен және «ЕлАна» сайтымен, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Батыс Қазақстан облысына «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы келген болатын. Осы сапарында танымал журналист, ел анасы Тасқала ауданындағы Ақтау мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде болып, ұжымның ұрпақ тәрбиесіндегі игілікті істерімен танысқан еді. Төмендегі мақаламызда аталған білім ордасын ел көлеміне насихаттауды мақсат тұттық.

Бұл білім ошағы – мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш, негізгі білім, орта білім беретін шағын жинақталған мектеп. Мектеп ұжымы білімді, сыни ойлайтын, шығармашыл, әлемдегі өзгерістерге бейім, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жолында жұмыла еңбек етуде.
Мектеп директоры Баян Иргалиева атап өткендей, негізгі ерекшелік – ұрпақтар сабақтастығы.
– Ұжымдағы мұғалімдердің көбі осы мектептің түлектері, жас мамандар, тәжірибелі ұстаздардың шәкірттері. Бұл жағдай ұжымдағы психологиялық ахуалдың жақсы болуына ыкпал етеді. Мектебімізде қосымша білім беру үрдісі ғылыми-техника-лық, тарихи-өлкетану, экологиялық-биологиялық, көркем-эстетикалық, әскери-патриоттық және спорттық-сауықтыру бағыттар бойынша ұйымдастырылады. Шәкірттеріміз секцияларға қатысып, өнер, спорт, қолөнер, көркем сөз бағыттары бойынша жоғары жетістіктер көрсетіп жүр. Жыл сайын өткізілетін ғылыми жобалар, интеллектуалдық байқаулар, шығармашылық жарыстар, спорттық шаралар мектептің мәртебесін көтерудегі басты көрсеткіш болып табылады, – дейді Баян Жеңісмұратқызы.
Мектепте домбыра, логика, робот техникасы кабинеттері ашылған. Аудандық саз мектебінің, туризм орталығының, спорт мектебінің филиалдары жұмыс жасайды. «Зерек бала», «Оқуға құштар мектеп», «Туған жерге тағзым» жобалары жүзеге асырылған. «Жұлдыздар шеруі», «Жыл оқушысы», «Жыл мұғалімі» премиялары, ата-аналар мен табысты оқушыларды марапаттау, экскурсиялар ұйымдастыру шаралары дәстүрге айналған. Оқушылар өз қалауларымен болашақ журналистерді дайындауға септігін тигізетін «Мектеп TV» телеарнасын ашқан.


Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай қосымша білім педагогы Е.Беркалиевтің ұсынысымен ашылған мектеп мұражайы тарихи-өлкетану бағытында жұмыстанады. Мұражай жұмысын жүргізу үшін «Шежіре» үйірмесі құрылған. Мектеп мұражайы аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, облыстық байқауда «Үздік жаңашыл мұражай» номинациясын иеленіпті. Көркем-эстетикалық бағыт бойынша «Хор», «Домбыра», «Вокал», «Жас суретші», «Шебер қолдар», «Театр», «Қуыршақ театры», «Жайдарман» клубтары жұмыс жасайды. 2021-2023 жылдары мектеп жайдарманшылары «Жайдарман» республикалық байқауларына үздік деп танылып, 6-сынып оқушысы Сарым Саян «Үздік ойыншы» номинациясын иеленген. Сондай-ақ мектептің «Шабыт» театры облыстық «Бал өнер театр» байқауының жүлдегері, «Театрдың ғажайып әлемі» фестиваль-байқауының 3-орын иегері. Ғабдисық Бағдат есімді шәкірт – республикалық «Ұлы дала баласы» фестивалінің лауреаты. Ал домбыра сыныбының өнерпазы Ж.Калихан республикалық күй орындау байқауында жеңімпаз болған. Мектептің туристер командасы да облыстық жарыстарда жеңімпаз деп танылып, аудандық, облыстық деңгейде марапатталған. Отыз оқушы қамтылған туризм үйірмесіне жас маман, дене шынықтыру пәні мұғалімі Қ.Тасмұханов жетекшілік етеді. Ал экологиялық-биологиялық бағыттың жұмысын жаратылыстану бірлестігі мұғалімдері ұйымдастырады. 2021-2023 жылдары халықаралық «Жасыл ұрпақ бәйгесі» эко-жобалар байқауында мектептің «Эко жүрек» командасы үш мәрте жеңімпаз атанып, грант иеленген. Мектеп шәкірттері Саян Сарым, Жанерке Калихан, Инсар Мерекеұлы Астанада өткен дарынды оқушылар фестиваліне қатысқан.


Білім ошағында мемлекеттік және ұлттық мерекелерде түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ардагер ұстаздардың «Өнеге» клубы, дәстүрлі «Дара жол» шарасы аға буын өкілдеріне құрметті еселей түседі. Сондай-ақ білім ордасының ауласын гүлдендіру мақсатында түрлі акциялар өткізу дәстүрге айналған. Жазғы демалыстарда мектеп жанынан жазғы лагерьлер ұйымдастырылады.


Мектеп ұжымымен кездесіп, оқушылардың өнерін тамашалаған Сәуле апайдың назарын аударған қос жеткіншек болды. Олардың бірі – 2 сынып оқушысы Айнамкөз Жанболат. Талантты балдырған би билеп, ән айтып, мәнерлеп оқиды екен. Республикалық, облыстық, аудандық, мектепішілік мәнерлеп оқу сайыстарында, би конкурстарында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Келесі өнерлі шәкірт – Инсар Мерекеұлы мектебінің өнерлі жұлдызы екен. Өзі әнші, өзі күйші әрі халық әндерінің орындаушысы Инсар да облыстық байқауларда топ жарып, «Жаңа Қазақстан үміт артарлары» республикалық дарынды оқушылар форумында «Дарынды бала» төс белгісімен марапатталған.


Білім ошағының басшысы Б.Иргалиева мектеп президенті Саян Сарым туралы да ерекше атап өтті. Бізге берілген мәліметтерден «Дарынды оқушы Саян сабырлы, мейірімі мол, сыныптастарының арасында бе-делі жоғары. Өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды, мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласады, қоғамдық жұмыстарға жауаптылықпен қарайды. Жеке тұлғалық көзқарасы қалыптасқан. Өз ой-пікірін ашық, анық жеткізеді. Өзіндік ұстанымын дәлелдей алады. Алдына нақты мақсат қойып, оған жету үшін күресе біледі» деген мінездемені де көзіміз шалды. Оған қоса, Саян Сарым республикалық «Жайдарман» ойындарын-да, облыстық ән бай-қауларында жүлделі орындардан көрініп үл-герген. Үздік оқушының жетістіктерін ескерген «BILIM LEND» компаниясы Саянға ноутбук сыйға тартқан.


Жалпы Ақтау «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің жетістіктерін, атқарған жұмысын, талантты оқушыларын көптеп келтіруге болады. Әлі талай биік белестерден көрінеріне де сенім мол. «Мөлдір бұлақ» журналының бетінен де мектептің мақтаныштары туралы жазбаларды алдағы уақытта да оқимыз деген ойдамыз. Өз қызметінде бұл мектеп оқушыны әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарап ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрін құрметтейтін, басқа тілде де жетік сөйлей білетін, дүниетанымы, ақыл-ой парасаттылығы қалыптасқан, еңбекқор, алдына мақсат қоя алатын және оған жету жолдарын таңдай білетін, жауапкершілігі мол, мінез-құлқы, айналадағы адамдарға қарым-қатынас мәдениеті жоғары, Отанын сүйетін, өзіне сын көзбен қарай білетін салауатты тұлға тәрбиелеуді мақсат етеді. Сол мақсатқа жетуге мектеп басшысынан бастап ұжымның әр мүшесі өз үлесін қосып жүргеніне тәнті болдық.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ЖАЗУ