Кітап — білім бұлағы

Оқу жылының екінші тоқсанынан бастап Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен елорданың барлық білім беру ұйымында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы басталды.

Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көзқарасын кеңейту мақсатында ұйымдастырылып отырған жоба аясында балалар күнде 8 минут кітап оқиды. Яғни, әр ауысымның алдында сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға бөледі. – Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Себебі, кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Кітап оқудың пайдасы орасан зор. Сөздік қордың көбеюіне, мидың күнделікті жаттығуына және есте сақтау қабілетінің жетіліп, баланың шығармашылық ойлау жүйесін жақсартады. Одан өзге білім сапасын көтеруге тигізер әсері мол. Сол себепті осы жобаны ойлап тауып, мектептерге енгізіп отырмыз, — дейді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Сондай-ақ, қазір Астана мектептерінде «Буккросинг» бұрыштары ашылып жатыр. Онда оқушылар бір-бірімен кітап алмасады. Мектептердің фойелерінде оқушыларға арналған коворкинг зоналар бар.
– Бүгін біздің мектепте «8 минуттық оқу» кітап оқу жобасы басталды. Біз бүгіннен бастап бірінші сабақтың алдында көркем әдебиет оқыдық. Мен Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасын оқуды бастадым. 8 минутта 5 бет оқыдым. Демек бір айда осы қарқынмен толық бір кітапты аяқтайтын секілдімін. Осы кітапты аяқтаған соң басқа шығармаларды оқи аламын. Кітап оқу жобасының басталуына қатты қуандым.
Өйткені, талап етпесе кітап оқуға көңіл бөлмейтініміз жасырын емес. Бәріңізді кітап оқуға шақырамын,- дейді №90 мектептің 5 сынып оқшысы Әмина Сәрсенбай.
Өздеріңізге белілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес бұған дейін ҚР БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасыны аясында мектеп оқушылары еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптарын оқитын болады. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде бағаланады. Жалпы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын арттыруға бағытталған негізгі қадам.
Қазақта «Кітап – білім бұлағы» деген сөз бар. Адам баласының білім көкжиегін кеңейту әліппеден басталып, кітапқа құмарлықпен ұштасады. Білімінің толысуы, адам санасының кеелденуінің бастауы. Сондықтан «Артық білім кітапта» екенін ескерген кез келген мемлекет, қоғамның кітап оқуына ерекше назар аударады. Жалпы адамзат түсінігіндегі «Оқу мәдениеті – адамның өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер емес. Өйткені жұмбағы көп әлемде білген үстіне біле түсу, дүние сырына қанығу бәрі де білім арқылы келеді. Білім арқылы, яғни кітап оқу арқылы адам құпияғы толы әлемнің сан алуан ғажайыптарын бойына сіңіреді. Қоғам өміріне сай, айнала ортаға бейімделе отырып өзін-өзі жетілдіреді, дамытады. Абай хакім айтқан толық адам тағылымына жақындай түседі. Абай Құнанбаев танымындағы толық адам тағылымы туралы ғалым Аян Қажыбай «Абай адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық сатысының ең жоғарғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден — туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», — дегенде, Абай толық адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды атайды. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады. Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды» деп жазады. Яғни адамның кемелденуі қоғам дамуының басты көрсеткіші десек, толық адам тағылымы адамның кемелденуінің, білімге ұмтылуының негізгі шарты. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру, әсіресе мектептерде «Оқуға құштар мектеп» жобасы арқылы оқушылардың кітап оқуға құштарлығын оятып, білім нәрімен сусындату мемлекеттің міндеті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», — деп, кітап оқу арқылы рухани жетілудің, уақытты тиімді пайдаланудың артықшылықтарына тоқталады. Жалпы алғанда кітап ғасырлар бойы қоғамда өзінің белгілі бір функциясын ұстап тұрды. Ал оқу мәдениеті — адамның білім, білік дағдыларын қалыптастыра отырып, шығарманың өн бойына еніп, түсіну, қабылдау қабілеттерін өздігінен игеруіне мүмкіндік туғызды. Егер арнайы әдебиеттерді оқу кезінде оқырманның тек қана ұйымдастырушылық қабілеттері шыңдалатын болса, ал көркем әдебиетті, оның ішінде поэзиялық, прозалық шығармаларды оқығанда, оқырман жеке тұлға ретінде, эмоциялық жағынан толысады, автордың жазу стилінен шабыт алып, жалпы оқу процесінен ләззат алатын болады. Сондықтан оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданудың маңыздылығын білу керек. Мысалы, жаңа стандарттарда бастауыштағы оқушының оқу құзыретін қалыптастыру үшін әдеби оқу үйрену басымдық болып табылады. Әрине, адамның кітапқа деген қатынасы бастауыш мектеп жасында қалыптасады. Сондықтан Астана қаласы Білім басқармасының «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы кітап оқығысы келмейтін балаларды біртіндеп оқуға бейімдеуде таңдаулы тәсіл саналады.
Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Осы орайда ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі орасан зор.  Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің ең төте жолы. Сондай-ақ тұлғаны тәрбиелеу және білім беру арқылы адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің артуына әсер ететін шынайы мүмкіндік. Сондықтан елорда мектептерінде қолға алынған «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасының артықшылықтары көп екені сөзсіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ