«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: Үш аусымды мектеп мәселесі шешілетін болады

Астана – халық саны жылдам өсіп келе жатқан қала. Кезінде 100 мыңнан асатын тұрғыны бар облыс орталығы болған шағын шаһарда қазір 1 409 497 адам өмір сүріп жатыр. Бұл санның өсуіне, қаланың демографиялық ахуалындағы оң өзгерістер мен қоса көші-қон саласының да айтарлықтай үлесі бар екендігін айта кеткен жөн. Мысалы Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінер болсақ, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Астанадағы халықтың табиғи өсімі 22 134 адамды құраған болса, биылғы 9 айда 36 719 адам елордаға көшіп келіпті. Соның ішінде сыртқы көші-қон бойынша 964 адам, ішкі көші-қонда бойынша 35755 адам астанаға қоныс тепкен. Халықтың елордаға ағылуының өзіндік сыры бар. Әлемдегі ең бейбітшілік сүйгіш, әрі «жас», көрікті шаһарына қызықпайтын адам аз. Арманын Астанамен байланыстыратын жастарымыз қаншама! Ерке Есіл өзені бойындағы әсем қала – Бас қаламыз еліміздің жүрегі.

 

Астанадағы сұранысы ең жоғары саланың бірі көпқабатты тұрғын үйлер болып табылады. Бұл тұрғыда құрлыс компанияларының өзіндік жетістіктері мен дамуын бөлек тақырыптың шеңберінде қарастыруға болады. Себебі бұл сала аса ауқымды тақырып есептеледі. Оның айғағы жаңадан бой көтерген аудандардың жыл сайын көбейіп жатқандығында дер едік. Әсем шаһардың көркіне көрік қосып, заманауи архитехтуралық шешімдермен қанатын кеңге жайған елді-мекендер туралы таңғы таңға ұрып айтуға, жазуға болады. Ал қазіргі айтпағымыз, сәт санап жан саны жылдам молайып келе жатқан мегаполистегі бала санының айтарлықтай өсуі, оларға қажетті мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен білім ордаларының жетіспеушілігі туралы болмақ. Бала санының өскені қуанарлық жағдай екні түсінікті. Бірақ бала Астанада санының көбеюіне байланысты 3 ауысымды мектеп дейтін проблеманың басы қылтиып шыға келетіні бар. Дегенмен қала әкімшілігі бұл жағына баса назар аударып келеді. Әр жылы жаңадан салынатын мектептердің саны мен сапасы – қала басшылығының басты назарында тұрғандығын ерекеше атап айту керек.
Еліміздегі мектептер жетіспеушілігі мен олардың жүктемесін азайту мәселесін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қадағалап отыр. Оның дәлелі Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауларында көрніс табуда. Осы жерде сәл ғана шегініс жасап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы алғаш рет Мемлекет басшысының 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылғандығын еске сала кеткіміз келеді. Президенттің жолдауындағы «Үшінші бағдар. Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты бөлімінде – «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек»,- деген болатын.
Сонан бері бұл жоба туралы Үкіметте тиісті құжаттар қабылданып, қызу дайындық басталып кетті. Аталмыш жобаның маңыздылығын Президентіміз 2023 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы бөлігінде-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады», — деп тағы да бір рет тоқталып өткені белгілі.
Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау жергілікті әкімдіктерге сын екені айтпаса да түсінкіті шаруа. Бұл жөнінде талай игі істердің басталып жатқандығын БАҚ-беттерінде көтеріп келе жатырмыз. Соның нақты мысалын елордамызда атқарылып жатқан жұмыстардан көріп, көңіліміз марқайып қалатыны бар.
Атам қазақ бағзыдан бері перзент сүю, бала тәрбиесі мен өнегесіне баса мән берген халық. Сондықтан білім саласындағы әрбір жаңалықтарға құлақ түріп, әр жетістіктерге қуана білу көзіқарақты адамдардың барлығына ортақ жағдай болса керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бас қаламызда халық саны өскен сайын мектептер де молайып келе жатыр. Біраз жыл бұрын 3 ауысымды білім ошақтары көптеп жұмыс істеп тұрған кезде, қала басшылығының құзырында ең алыдмен осы проблемаларды шешу міндеті жүктелген болатын. Сонан бері қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесі де жаман емес. Қазіргі таңда Бас қаламызда 160-тан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Аладғы уақытта бұл санның арта түсетіндігі айтпаса да түсінкті болса керек. Өйткені мектептер салу ісі қала басшылығының айырықша назарда ұстап отырған жұмыстарының бірі екендігін айтып өттік. Қазіргі таңда әрбір ауданнан жер телімдерін бөлу, білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту, жобалау жұмыстары қаурыт жүргізіліп жатыр. Соңғы деректер бойынша Астана қаласында оқушы саны шамадан тыс 18 мектеп пен үш ауысымды 8 мектеп бар. Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, бұл мектептердегі проблеманы шешу мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жақында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырза да бұл жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы тоқаталып өтті. – «Инфрақұрлымдық және әлеуметтік нысандарды салу жұмысын жалғастырамыз. Мәселен, осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашамыз. Аталған оқу орындарының құрлыс барысымен таныстым. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қилысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қилысында орналасқан. Сол сияқты қолданыстағы мектептердің аумағына жаңа корпустар салынады. Кирпичный елді мекенінде, Тархан көшесі, 16, Таха Хусейн көшесі, 5/1, Қарқабат көшесі, 17, Қабанбай батыр даңғылы, 9/1 мекенжайарында. Осыған дейін оқу жылының басында 4 мектеп ашылған болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға кірістік. Жоба аясында 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Олар 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Олардың 15-і Есіл мен Нұра аудандарында орналасады. Дәл қазір бұл аудандарда мектептерге деген аса қажеттілік бар.
2027 жылға дейін бас-аяғы 180 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 65 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар мектептерге шамадан тыс түсетін жүктеменің қазіргі қиындығын ғана емес, болашақта орын тапшылығы мәселелсін толықтай шешеді. Оқу орындары қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды», — деп жазды қала әкімі.
Астанамызда соңғы үш жылдың көлемінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілген екен. Бұл жағымды жаңалық дер едік. Дегенмен шешуге тиісті проблемалардың әлі де бар екендігін қала басшылығы жасырмай айтып келе жатыр.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

ПІКІР ЖАЗУ