Елдіктің еркін тынысы

Республика күні – Ұлттық мереке, тарихи күн. Еліміздің барлық азаматы үшін ортақ мейрам. Бірлік пен ынтымағы жарасқан Қазақстан халқы бейбітшілік пен тыныштықтың, достық пен татуллықтың қадірін әркез бағалай біледі. Қасиетті қазақ даласында, қазақтың туған топырағында тағдыр тоғыстырған барша халықтың еркіндігі, тең құқықтығы еркіндігі мен бостандығы бәрінен қымбат. Сондықтан да болар еліміздің әрбір азаматы 25 қазанды мерекелік көңіл-күйде ерекше атап өтті десек болады.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұ-тастығының мызғымастығы, халқымыздың жал-пыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бос-тандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген.
Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз.
Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады.
Біз бірге мақсатымызға жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз.

Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! — деп, барша халыққа ақ тілегін арнады Президент.

Елорда тұрғындары да Егемендік Декларациясын қабылданған, еліміздің іргетасы қаланған, көпэтносты мемлекетіміздің жалпыұлттық бірегейлігі мен бейбіт достығына тіреу болған тарихи күнді ерекше көңіл-күйде атап өтті. Астананың бес ауданындағы елді-мекенде халық үшін интерактивті концерттік бағдарламалар, спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, ба-лаларға арналған анимациялық қойылымдар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шараның мақсаты – қайта жаңғырған Республика күні мерекесінің мәні мен мазмүнын, маңызын өскелең ұрпақтың жадына сіңіру арқылы, жас ұрпақты Отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау дейді. Сонымен қатар мерекелік іс-шара аясында қаламыздың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік корзинкаларын тарту етіп, сый-сияпат та жасалды. Өз кезегінде «Астана жастары» еріктілері концертті тамашалауға келген адамдарды құшақтап, ыстық ықыласын білдіріп, «Әр құшақта – Отанға деген махабат» деген жазуы бар тақтайшаларымен мерекелік құттықтау жолдап, белсенділік танытты.
Бүгінгідей бейбіт, берекелі күнде халқымыз да мерекені қуанышпен атап өтіп, өздері де жүрекжарды тілектерін арнады. Байқоңыр ауданы Өндіріс кентінде мерекені атап өтуге халық өте көп жиналды. Сахнада ән шырқалып, биден «шашу төгіліп», күй күмбірледі. Балалар көкпар тартып, халық дән риза болды. Мерекемен құттықтап, өзіміз сөзге тартқан Арман Алдаберген деген ата концертті тамашалау үшін келгенін айтып:
«– Республика күні құтты болсын. Ел іргесі бүтін, аспанымыз ашық бейбіт заман болсын. Қазақ халқы қашаннан «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп ынтымақ-ырысты бағалай білген халық. Сондықтан елміздің әрбір азаматына денсаулық, бақыт, тілеймін. Халқымыз аман болсын» — деп бата берді.

Ал өзін Юрий Дмитриев деп таныстырған азамат:
– Мен үшін Республика күні ерекше мереке. Мен Қзақстан – Отанымды жақсы көремін. Барлық халқымызға береке-бірлік тілеймін. Жастарға оқыңдар, өсіңдер, еңбек етіңдер дегім келеді, — деп ақ пейілін арнады.

Иә, Ата Заңымыз – ҚР Конституциясында «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып,.. деп жазылғанындай, бүгінде мемлекет тарапынан әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, зайырлы орта құру мақсатында стратегиялық бағдарламалар қабылданып, түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Халқымыздың арман-тілегі де этносаралық татулық пен халықтың бірегейлігі, біртастығымен үндес. Қасиетті қазақ даласында, қазақтың туған топырағында тағдыр тоғыстырған барша халықтың еркіндігі, тең құқылылығы бәрінен қымбат. Біздің мемлекетіміз – ортақ идеалар мен құндылықтар біріктірген адал ниетті, ақ тілекті, абзал жүректі адамдардың мекені. Сондықтан «Бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай» ымыраластық, түсіністікпен ортақ Отанымыз – Қазақтанды мекен еткен әрбір азаматтың тілегі біз үшін құнды. Татулық пен бірлік бар жерде қоғам өркендейді, әл-ауқаты артады. Мейірім мен қайырым, достық, ынтымақтастық ел іргесінің бүтіндігінің кепілі.
Мемлекет басшысының «Көп мәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді» деген сөзі де бар. Береке-бірлігі жарасқан бір шаңырақ астында өзге этнос өкілдерін жатсынбай, туғанындай бауырына басып, «бір нанды бөліп берген» қазақ халқының даладай дархан, құзар шыңдарындай асқақ, өзен-көлдеріндей тұңғиық, көгілдір аспанындай мөп-мөлдір ақ пейілі, жылы құшағы қазақ топырағын басқан әрбір адамға, әрбір ұлтқа әрқашан ашық. Сондықтан халықтың ыстық пейілі де бейбітшілік пен бірлікті тілге тиек етуінің өзіндік мәні бар.
Ал Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуменсалтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара барысында Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, – Республика күні – бұл жай гана мереке емес, оның терең идеологиялық, мазмұны мен практикалық манызы бар. Мемлекетімізде азаматтық қоғамды қалыптастыру, оны дұрыс бағытта дамыту әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі. Себебі азаматтық қоғамның белсенділігі адами капиталдың, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі алғышарттарының бірі болып саналады, -деп атап өтті. Н. Әлмұхановтың айтуынша, биыл Астана әкімдігінің қолдауымен Республика күнін мерекелеу аясында 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылды. Астананың орталық алаңдары мен ірі аудандарда сондай-ақ тұрғын алаптар аумағында, білім беру ұйымдарында, ашық аспан астында мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандарға экскурсиялар, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер, халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттерін тарату және басқа да іс-шаралар мерекенің көрігін қыздырды.
«Астана жастары» ерік-тілерінің бастамасымен «Менің елім – менің туым» челенджі ұйымдастырылып, тұрғын үйлердің терезелері мен болкондарына, көше бойына 1000-нан астам ту ілінді. «Мейірімді қала» акциясы аясында еріктілер автобустарда жолаушыларға бірлік пен Отансүйгіштік патриотизмді насихаттап, Қазақстан жалауын және Қазақстан шоколадын сыйлады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ