Ұрпақ тәрбиесі – ұлы міндет
Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп, «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумын ұйымдастырды.
Форумының пленарлық отырысында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төраға орынбасары Ләззат Рамазанова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұл, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов сөз сөйледі. Баяндамашылар бала тәрбиесінде ата-ананың әлеуетін нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы бірауыздан өз пікірлерін білдірді.
Форумға республикамыздың түкпір-түкпірінен 700-ден астам белсенді ата-ана, білім мен тәрбие саласының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер де қатысты. «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жансая Бердімұратқызының айтуынша, қазір еліміздің 16 өңірінде бірлестіктің бөлімшелері жұмыс істейді. Бірлестіктің негізгі мақсаты – «Ой айту емес, ой ояту» және саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Ал Cаналы ата-ана деген кім? Ол қалай қалыптасады? деген сұраққа, Жансая Бердімұратқызы: – Саналы ата-ана, ол мінсіз ата-ана емес. Бәріміздің де 7/24 cағат жұмысымыз бар. Баланың жанында күні бойы бола бермейміз. Бірақ саналы ата-ана мәдениеті дегенде, біз, сезімтал және жауапкершілігі мол ата-ана деген екі қағиданы айтамыз, — деді. Республикалық бірлестік ұйымдастырып отырған биылғы үшінші форумның мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптарды талқылау, шешімін ұсыну.
Пленарлы отырыстың күн тәртібі қонақтарға «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» атты театрландырылған қойылым ұсынумен басталды. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төраға орынбасары Ләззат Рамазанова: – Қойылым өзекті тақырыпты көтерді. Расында да, еліміздің бәсекеге қосылуы ең бірінші кезекте көпке дейін еленбей келе жатқан отбасы институтына байланысты. Неге еленбей келе жатыр дейміз? Себебі, өкінішке қарай, ел бәсекеге түскеннен кейін, нарықтық экономиканың қайнап отырғаннан кейін екінші орынға көшті. Соның қатарында тәрбие сұрақтары, отбасы құндылықтары алдыңғы шеңберден кетті десек артық болмайды, -деді.
Қазір кез келген ата-анамен пікірлесе қалсаңыз, баласының телефонға телміріп, әлеуметтік желіге байланған тірлігін айтып, бұл мәселеден қалай құтылуға болатынын сөз қылады. Өскелең ұрпақты әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқаны шындық. Ұрпағымыздың бойына ұлттық, отбасылық құндылықты қаншалықты сіңіре алдық. Тәрбие мәселесінде қай жерде ағаттық кетті деген сұрақтар әрбір ата-ананы, тіпті мемлекетті «мазалайтын» мәселеге айналып келеді. Белгілі болғандай, биыл жасөспірімге қарсы жасалған қылмыстардың саны соңғы 6 айдың ішінде өскен. Мысалы, 2022 жылы бұл көрсеткіш 450-ге жетпесе, биыл оның көрсеткіші 456-дан асып кеткен. Ал жасөспірімдердің арасында жасалатын қылмыстар саны да артып, былтыр 6 айда 723 қылмыс жасалған болса, биыл 6 айда 785-тен астам қылмыс жасалған. Себебі неде? Жиында ұрпақ тәрбиесі мен бала құқығы мәселелері жан-жақты талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылды.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан:
– Ұрпақ тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Мемлекет бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөліп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз балаларымызды біліммен ғана емес, олардың адами құндылықтарға негізделген берік ділін, заманауи дүниетанымын келешек елдің мүддесіне адал қызмет ететіндей азаматтық мінезінің қалыптасуына атсалысуымыз керек, — деді.
Вице-министр ҚР Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік басқа да органдармен бірлесіп құндылықтарға негізделген тәрбие мен білім беру саясатын іске асыру мақсатында біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін, ол бағдарлама биылғы 1 қыркүйектен бастап оқу-тәрбие процесіне енгізілетінін айтты. Сонымен қатар вице-министр бағдарламаның аясында бүгінгі күні өзекті болып отырған «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасатынын мәлімдеді.
Ал өз кезегінде «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жансая Бердімұратқызы «Заманауи қазақстандық ата-ана» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін жариялады.
– Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан 33 пен 55 жас аралығындағы 32 755 ата-ана, оның ішінде әкелер – 37,3%, ал аналар – 62,7% құрайды және 13 пен 17 жас аралығындағы 24 613 жасөспірімдер, оның 48,6 % – ұл балалар болса, 51,4 % – қыз балаларды қамтып отырмыз. Қатысушы ата-аналардың көпшілігі – әйел адамдар, яғни аналар. Сауалнама нәтижесі қазақстандық ата-ана бүгінде бұл – әйелдер екендігін дәлелдеп отыр, — деді Жансая Бедімұратқызы. Оның айтуынша, қазіргі отбасында шешімін күткен мәселе көп. Соның бірі отбасындағы зорлық-зомбылық. – Бізге дейін, біздің қоғамда никулярлы отбасылық қарым-қатынас болды. Никулярлы отбасы – бұл баланы қайда оқытады, қалай оқытады, қалай тамақтандырады – ата-ананың міндеті. Бірақ қазір әр бала индивид болуға ұмтылады. Оларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Қазіргі бала ата-ананы емес, ата-ана баланы тыңдауы керек. Яғни заман өзгерді, қазір баланы ата-ана естуі керек. Баланы тыңдай білу заман сұранысына айналып келеді. Сондықтан балалармен тең дәрежеде сөйлесу, пікірлесу, арман-мақсаттарына құлақ асу маңызды болып отыр, — деді Жансая Бердімұратқызы. Сондай-ақ бүгінгі қыз бала тәрбиесі, ұл балаға қатысты көзқарас мәселесі, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың туындау себептері, психикалық денсаулық, баланың ақпараттық және цифрлық қауіпсіздігі мәселелерін талқылаған форумда бүгінгі күні ата-анаға қойылатын негізгі үш талап қандай деген сұраққа жауап берді. Бірінші саналы ата-ананың бала тәрбиесіндегі құзыретті қандай, екінші баламен уақытты сапалы өткізу және саналы ұрпақ тәрбиелеу мен оның ақыл-парасаты, қарым-қабілеті мен өміріне қызығушылық таныту.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі әрбір бала индивид, яғни жеке тұлға екенін дәлелдеуге ұмтылады. Егер баланың тұлғалық ерекшелігі мен белсенділігіне баса көңіл бөліп, назар аударсақ, мейілінше тең құқылы саналы азамат ретінде пікір алмасу мәдениетін ата-ана, қоғам тарапынан қалыптастыра алсақ, қоғамдағы бүгінге дейін қордаланған проблемалардың күрмеуін шешу жолдары айқындала түсер ме еді?! Қалай десек те бала тәрбиесіндегі кейбір әдіс-тәсілдерді өзгерту заман талабы болып отыр.
Алаштың арда ұлы Әлихан Бөкейханның «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне дейін апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деп айтқанын ескерсек, бүгінгі күні қайта-қайта айтылып жүрген саналы ата-ана қалыптастыру, сапалы ұрпақ тәрбиелеу мәселесін ертеңге қалдыруға болмайды. Ғаламды біртұтас идея уысында ұйытқысы келетін жаҺандық даму үрдістерін ұлттық болмыс, ұлттық құндылық негіздерімен үндестіре, үйлестіре ұрпақ бойына сіңіру – бәрімізге жүктелген ұлы міндет. Ал бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп өсиет етті емес пе…
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ