Гендерлік саясат: Қазақстандағы әйел теңдігі және бала құқығы

Гендерлік теңдік саясаты дегенде алдымен біздің ойымызға 70 жыл советтік социалистік қоғам санамызға сіңірген еркек пен әйел, бай мен кедей тең деп үйреткен түсінік оралады. Бірақ совет одағы әйел теңдігі идеясын еңбек мәселесіне тіреді де ауыр жұмысты әйелдердің де атқаруына саналы түрде мәжбүр етті. Тарихтан белгілі советтік социалистік еңбек ерлерінің қатарында комбайыншы, тракторшы, дихан, малшы, сақманшы, құрылысшы әйелдердің аттары көбірек аталатын. Жұмысшы табын қалыптастыру, құрылысшы отрядын құру басты саясаты болған коммунистік идеология әйел теңдігі деген желеумен аналарымызды, қыздарымызды ауыр жұмысқа жекті. Сөйтіп ғасырлар бойы «оттың басы, ошақтың қасында» баласын бағып, ерін күтіп келген қазақ әйелінің арасында өзінің нәзіктігін жоғалта бастаған әйелдер көбейді. Бұл өз кезегінде халқымыздың ұлттық болмысына қаншалықты пайдалы немесе зиянды болғаны туралы нақты тұжырым әлі жасалған жоқ. Бірақ қазақ қоғамында әйел теңдігін жақтайтын көзқарас қалыптасты. Тек «Еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы, әйел жерден шыққан жоқ ол да еркектің баласы» (А.Тұрмағанбетов) деген тұжырымдамасы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік философиясының темірқазығы екенін көмескілейтін көзқарастар бар. Егер сау ақылға салып таразылайтын болсақ, қазақтың дүниетанымында ер мен әйелдің өзінің табиғат жаратылысына сай өз орны бар екенін көруге болады. Советтік жүйе біздің қазақтың түсінігіне әйел теңдігі деген ұғымды тықпаласа, жаһандық үрдіс ал гендерлік теңдік ұғымын тықпалап әлек болып жатыр. Десек те, кейбір пікірлер советтік әйел теңдігі түсінігін қолдап, гендерлік теңдік түсінігін күстәналап жатады.
Дегенмен, аздап ізденіп, оқысақ, гендерлік теңдік деген адам құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, отбасы институтын қалпына келтіру, бала тәрбиесі мен үй шаруасына ерлердің де араласуын қамтамасыз ету, еңбек бөлінісінде әйел мен еркектің шығармашылық мүмкіндіктері мен қабілет-қарымын, дарыны мен талантын тең дәрежеде дамыту, бірдей мүмкіндіктер бере отырып, ешқандай кемсітушілікке жол бермеу, екеуінің де барлық потенциалын отбасы және мемлекет игілігіне жарату деген анықтамадан тұратынын көреміз. Яғни мәселе гендерлік теңдіктің қағаздағы анықтамасы мен шын өмірде жүзеге асуының қаншалықты сәйкестігінде сияқты. Өйткені дүниежүзінде және елімізде әйелдердің де ерлердің де қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық, саяси, мәдени, экономикалық, құқықтық проблемалары бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті соңғы жылдары отбасында зәбір көрген ана, қадірі қашқан әке, қамқорлықсыз қалған бала туралы жиі еститін болдық. Ал мұндай келеңсіздіктерді кейбір ұйымдар заң шеңберінде әділ шешкеннен гөрі әйелге немесе еркекке құқықтық басымдық беру арқылы шешкілері келетінін байқаймыз.

Отбасындағы тепе-теңдік:
Әкеге – құрмет, анаға – ізет, балаға – мейірім

Алайда Қазақстанның Конституциясында адамды жынысына қарай кемсітуге немесе артықшылық беруге тыйым салынғанын естен шығармаған дұрыс. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «БҰҰ – әйелдер» құрылымының Франция және Мексика бірлесіп ұйымдастырған «Ұрпақ теңдігі атты» жаһандық форумда әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі толық қолдайтынын айтты. Гендерлік саясаттағы мемлекетіміздің басты бағыты Президент айтқандай, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін, отбасы және демографиялық, әлеуметтік дамуы негіздерін жаһандық үрдістермен қабыстыра отырып, дамытуды көздейді. Сондай-ақ егер қазақтың ата дәстүрінен, әдет-ғұрпы мен салт-санасынан, ана мен балаға қамқорлығынан хабардар адам болса, гендерлік теңдік идеясының анау айтқандай қорқынышты емес екенін аңғаруына болады. Егер «Қазақ жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған» деген тәмсілдің тереңіне бойлай алған адам да қазақтың жалғызбасты ана мен қамқорлықсыз балаға деген көзқарасындағы ұлттық қағидалар мен құндылықтардың қандай болғанын түсіне алар еді. Алайда саясаттағы ең нәзік мәселе – гендерлік теңдік мәселесін көбіне еркек пен әйелді бір-біріне қарсы қойып, қазақтың ұлттық ұғымымен тайталастырғысы келетін көзқарасқа тойтарыс бере отырып, қазіргі отбасында өршіп тұрған зорлық-зомбылық, ажырасу мәселесін реттеудегі негізгі құрал ретінде жүзеге асырудың маңызы зор. Жоғарыда айтқанымыздай, отбасында зәбір көрген ана, қадірі қашқан әке, қамқорлықсыз қалған бала мәселесі бар және оған көз жұма қарауға болмайды.
Отбасындағы тепе-теңдікті сақтау, бала тәрбиесіне әке мен ананың тең жауапкершілігін қамтамасыз ету, өзара түсіністік пен сыйластықты үйлестіру – бәрі де халқымыздың отбасы шырқын бұзбау, шаңырақты шайқалтпау деген ізгі ниетімен қабысып жатқан өмірдің өз заңы. Сондықтан тепе-теңдік балансын бұзбаудың заманауи формасы гендерлік саясат мәселесімен үндесе, отбасындағы үйлесімділікті сақтау күн тәртібінде шығып отыр. Биыл сәуірдегі статистикаға сәйкес елімізде 19 832 737 адам болса, олардың 48,8 пайызы ерлерді, 51,2 пайызы әйелдерді құрап отыр. Бұл көрсеткіш еліміздегі еңбек бөлінісі, отбасын құру және басқа да көптеген факторлардың өзгеруіне өз әсерін тигізетіні анық. Статистикаға сенсек, елімізде жылына 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4 пайызын құрайды. Бұл бір жылда неке қиған әрбір үшінші отбасының ажырасып кететінін көрсетеді. Сондықтан ажырасудың алдын алу, отбасы институтын нығайту саясатын сауатты жүргізу де мемлекет үшін өзекті болып отыр. Сәйкесінше мемлекет отбасына қолдау көрсетудің әлеуметтік кепілдіктерін одан әрі жетілдіруге де мүдделі. Ол үшін мемлекетіміз гендерлік саясат аясында дәстүрлі отбасы институтын нығайтуға, адамзаттық және ұлттық, гуманистік негіздерге сүйеніп, адамдардың зорлық-зомбылықсыз, жынысына қарай алалаусыз лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету, балалар құқықтарының негізгі қағидаттарын насиқаттау арқылы, әлеуметтік салаларда, қоғамда, отбасында тең құқылы, сыйластық пен құрмет түсінігін қалыптастыруды көздейді. Бұл үрдіс халқымыздың ұлттық отбасы құндылығында ойып орын алған «Әкеге – құрмет, Анаға – ізет, Балаға – мейірім» қағидасымен үндес, негізгі бағыт екенін мойындауымыз керек.

 

Бала – саналы адам

Қоғам дамып, әлем өзгеріп, төрткүл дүние алақандағы смартфонның экранында жақындай түскен сайын, біз, қызылды-жасылды ғажайып ғаламда ұрыс-керіс, жанжал, зорлық-зомбылық, әлімжеттік секілді адамзаттық, жаһандық проблемаларға да куә болып отырмыз. Әлдінің әлсізге күш көрсетуі, тіпті отбасындағы әлімжеттік мәселелерінің күрделілігінен де хабардармыз. Әйелдің, баланың, тіпті кейде ер адамның да зорлық-зомбылықтың құрбаны болатынын көріп, естіп жүрміз. Бірақ… «Зорлық-зомбылық мәселесі ойдан шығарылған, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер отбасының жеке шаруасы. Оған ешкімнің қолсұғуына болмайды. Біз де таяқ жегенбіз. Баланы әке тәрбиелемесе немесе әйел ерін сыйламаса, ер адамның үстемдігі болмаса» деген секілді қасаң көзқарас та бар. Алайда статистика еліміздегі қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан екенін растайды. ҚР Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау:
– Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының орташа жасы 33-ті құрайды. Олардың басым бөлігі – экономикалық жағынан тәуелді әйелдер. Ал Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің дерегіне сенсек, біздің елімізде күн сайын 5-6 бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2021 жылы балаларға қатысты 2088 қылмыс тіркелсе, оның 913-і жыныстық сипатта болған, — дейді. Қолымыздағы зорлық-зомбылыққа қатысты нақты дерек бола тұра, бұл отбасының мәселесі деп қарап отыруға бола ма? Әрине болмайды. Отбасы – мемлекеттің, қоғамның негізгі құрамдас бөлшегі. Мемлекет, қоғам отбасындағы мұндай проблеманы шешуі керек. Отбасындағы зорлық-зомбылық біздің айналамызда, жақындарымыздың бірінде, отбасында болып жатыр. Көз алдымызда анаға, әйелге, балаға, тіпті ер адамдарға да қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасалып жатыр. Оны шешудің жолын қарастыру керек.
1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Бала құқықтары» жөніндегі конвенциясының 3-бабына және «Бала құқықтары туралы» заңның 6-бабына сәйкес, балаларды қорғау міндеттемесін мойнына алды. Қазір барлық жағынан адам құқығын қорғау бойынша заңдар қабылданып, жұмыс жасалып жатыр. Әсіресе бала құқығын қорғау бағытында заңдар, бала құқығы жөніндегі уәкіл, мемлекеттік және қоғамдық институттар бар. «Дағдарыс орталықтары одағының» сенім телефоны жұмыс істеп тұр, Балалар кез келген телефоннан хабарласып, тәулік бойы кеңес ала алады. «111» – отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жедел қызмет нөмірі жұмыс істейді. Дегенмен, мәселе күрделі күйінде, шешімін таппай отыр. «Бала – болашағымыз, еліміздің ертеңі» деп жиі айтамыз. Бірақ күнделікті құлақты жауыр қылып, жүректі ауыртқан оқиғалардың азаюына қарсы қазіргі жасап жатқан әрекеттер, қамқорлық, зерттеу, қолдау нәтижелері көңіл көншітпейді. Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу, алдын алуды жетілдіру керек шығар.
Ұлт ұстазы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген ел болмаса, елім деген бала болмайды» десе, ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Сондықтан біз әлемнен бөлектеніп, жаһаннан жырақтап өз проблемамызды шеше алмаймыз. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған дәуір – жаһандық үрдістер бүкіл адамзат қоғамын шарпыған біртұтас әлем. Жұмыр жердегі адамзат баласы өзінің негізі ұлттық тамырынан ажырап қалмаудың, жаһандық біртектілікке жұтылып кетпеудің амалын қарастыра отырып, ортақ адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға мүдделі. Қазақта «Адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасайды» деген аталы сөз бар. Яғни ұлтымыздың жарқын болашағы, кемел келешегі – бүгінгі ұрпақ, балаларымыз. Олардың дәуірі біздің дәуірімізден мүлдем бөлек, мұлдем басқа өркениеттер дәуірі болмақ. Поляк ұстазы Януш Корчак «Жүз бала – жүз түрлі тұлға, оларға болашақта адам болады деп емес, қазірдің өзінде – дәл бүгін адам деп қарау керек» деген екен. «Балаға дәл қазір адам деп қарау» түсінігіне мән бермейтініміз, көбіне «Ертең өскенде, адам болады» деп үміттенетінімізді мойындауымыз керек. Заман балаға қазірден адам деп қарап, баланы тәрбиелеуді емес, баламен сырласуды, баламен кеңесуді, баламен санасуды өмір салтымызға енгізуді талап етеді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ