«Әкеге қарап ұл өсер»
«Әке – асқар тау, Ана – бауырайындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ»
Биыл елімізде алғаш рет Халықаралық әкелер күні ресми түрде тойланды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, Әкеге құрмет арқылы еліміздегі отбасы институтын, әкелер институтын нығайту – басты мақсат болып отыр. Астанада мерекеге орай «Әке – отбасының тірегі» деп аталған мерекелік бағдарлама аясында түрлі ойын-сауық, мерекелік концерт және ұлттық бұйымдар көрмесі, әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылды.
Мереке шымылдығын ашқан министр Дархан Қыдырәлі: – Отан отбасынан басталады. Ал отбасының тірегі, шаңырақтың иесі, отағасы – әке екені белгілі. «Әкелер күні», «Аналар күні» мерекесінің болуы отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасы құндылығын дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнығуына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз, — деді.
Қазақ халқының дүниетанымында ежелден әкенің орны бөлек, абыройы асқақ. «Әке – асқар тау, Ана – бауырайындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» деп қазақ бекер айтпайды. Отбасы әкенің қамқорлығымен, ананың мейірімімен нұрланып, баланың тәтті қылығы, жарқын күлкісімен шырайланып, берекелі, бақытты болады. «Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі» деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқан болатын. Сондықтан ел іргесі тыныш, мемлекет мығым болуы үшін, шағын мемлекет – отбасының да шаңырағы шайқалмай, ынтымақты, ырысты болуы керек. Ол үшін әке өнегесі, әке үлгісі ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаруы керек.
Өкінішке орай қазір отбасында әкенің орны ойсырап, әкенің қамқорлығын көрмей, әкенің ақылына тоймай, әкесін өнеге тұтпай өсіп келе жатқан ұрпақтың бары жасырын емес. Елімізде мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6 пайызының ғана «басауыртатынын» статистика көрсетіп отыр. Ендеше 93,4 пайызы бала тәрбиесінен алыста жүр деген сөз. Демек, қазақ дүниетанымындағы әке рөлінің, әке жауапкершілігінің төмендеп кетуінің өзіндік себептерінің бары анық. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігін арттырып, ана мен бала алдындағы беделін, мәртебесін биіктету, әкеге құрмет түсінігін отбасындағы ана мен балаға деген құрмет түсінігімен үндестіре отырып, тепе-теңдікті сақтау арқылы отбасын сақтауға мән берілетін болады.
«Әкелер» одағының төрағасы Мақсұтбек Аймағанбеттің айтуынша, елімізде 80 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Олардың да өз құқығы, міндеті мен арман-мақсаттарына құрметпен қарап, отбасы құндылығын арттыру, дәстүрлі қазақ отбасы институтын дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп өсиет еткен халқымыз әкеге де ана мен балаға да зор жауапкершілік жүктейді. Мұндағы «қарап» деген сөздің мағынасы «бала көргенін істейді» дегенге саяды. Яғни ата-ана іс-әрекетімен ұл-қызын тәрбиелейді, үлгі бола алады дегенді меңзесе керек. Бала әкеден еңбек, адамгершілік, адалдық, имандылық, ақыл-парасат, ерлік қасиеттерді сіңіреді. Әке өнегесін көріп өскен ұрпақ елін, жерін, Отанын, халқын сүйеді. Сондықтан отбасындағы, қоғамдағы әкенің рөлін, мәртебесін арттыру, әке деген ұлы ұғымның мәні мен маңызын ұрпақ санасына сіңіру керек.
Әкелер мерекесі елімізде биыл алғаш рет ресми түрде бекітілгенімен, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Қытай, Жапония секілді әлемнің 80-нен астам елі ХХ ғасырдың басынан бері «Халықаралық әкелер күнін» атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл елдерде негізінен әкелерге алғыс айту, құрмет көрсету мерекесі ретінде тойланады. Отбасы құндылығын дәріптеу, әкеге құрмет, ата-ана, ата-әже институтын дамыту мақсатында қалыптасқан мейрам саналады. Идея авторы америкалық Сонора Смарт Додд. Ол анасы қайтқаннан кейін 6 баланы тәрбиелеп өсірген әкесіне көрсеткен құрметін жариялы түрде көпшілікке үлгі етеді. Сонора Смарт Доддтың әкені ұлықтаған әркеті қоғамнан қолдау тауып, 1929 жылы Вашигтондағы Спокан қаласында тұңғыш рет Әкелер күні тойланды.
Біз көбіне әлем елдері гендерлік саясатты қолдайды, насихаттайды деген жалаң ұранмен ежелден ұрпаққа мұра болған «Әкеден – ақыл, анадан – мейір», «Әке балаға сыншы» деген ұғымдарымыздан ажырауға шақ қалдық. Біз үлгі етіп жүрген дүние жүзі ананың ғана емес әкенің де, баланың да құқын қорғап, әділетті теңдікте бір-біріне деген сыйлас шеңберінде өзара түсіністіктің болғанын қолдайды. Ендеше, біз әрбір отбасында ежелден қазақтың төл ұғымында бар – әке, ана, бала арасындағы табиғи заңдылықты сақатуымыз, қолдап, қорғауымыз керек.
– Отбасында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындауда ата-ананың рөлі ерекше. Кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың бала тәрбиелеу мәселесінде өзгешеліктер бар. Мысалы біздің әке-шешеміздің кезінде бала санасында әсіресе ер баланың санасында әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі ерекше еді. Анамыз әкеміздің қабағына қарап өсуге бейімдеп бізді тәрбиелеген болатын. Мысалы: «Әкең жұмыстан келеді», «Әкеңмен ақылдас», «Әкеңнен сұра» деген секілді қарапайым ғана тәрбиені біздің санамызға аналарымыз құйып отыратын еді. Ал қазіргі кезді салыстырып қарасақ, әрине айырмашылығы көп. Қазіргі таңда әкенің рөлі төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл рухты, намысты болып ер жетуі үшін, мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанған принциптеріне қарап, бой түзейді. Туыстық жүйенің ең басты негізгі бел ортасы – отбасы. Қазақ отбасы үш ұрпақтан тұрады. Ол: ата, әке және бала. Әке әулеттің басшысы. Отбасы мүшелерінің тірегі. Мен өзімнің балаларыма әке ретінде әкемнен көрген тәлім-тәрбиені жеткізуге тырысамын, — дейді айтыскер ақын, депутат Аманжол Әлтаев.
Демек, қазақ қоғамында әке рөлінің биік болуының құпиясы қазақ әйелінің даналығына да байланысты. Үнемі отбасында әкенің абыройын асқақтатып, әкеге құрмет көрсетуді бала санасына анасы сіңіріп отырса, әкенің мысы бала тәрбиесінде таптырмас құралға айналғанын көреміз. Жүрегі жұмсақ ана мейірімі, әкенің ақыл-парасатымен, үлгі-өнегесімен толығып отырса, бала да ізетті, кішпейіл, сыйластық, ынтымақ, бірлік ұғымдарын бойына сіңіретін болады. Алайда әке болу мен әке бола алудың да өзіндік міндеттері бар екенін де ұмытпауымыз керек. Ол үшін Абай атамыздың «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деп өсиет еткеніндей, жыл сайын Әкелер күні мерекесінде өз өзімізден есеп алып отырсақ артық болмайды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ