ЗІЛЗАЛАНЫҢ ЗАРДАБЫ

ЗІЛЗАЛАНЫҢ ЗАРДАБЫ

Апат айтып келмейді екен расында,

Аямады кәрісін де, жасын да.

Жылы үйінде шырт ұйқыға кеткендер,

Қапы қалды құлаған үй астында.

 

«Балам қайда?» деп, шарқ ұрды аналар,

«Анам қайда?» деп, жылауда балалар.

Бүгін үйсіз қалып отыр далада,

Кеше үйінде қамсыз жатқан адамдар.

 

Үйінділер жалмап жатқан талайды,

Күндер қайда еш уайымсыз арайлы?

«Анам аман оралар деп жаныма»,

Бала көңіл елеңдеумен қарайды.

 

Бастарына қайғы бұлты төнген бе?

Маңдайдағы бұл сынаққа көнген бе?

Жоғын іздеп жүрген жанның уайымы,

Жақындары тірі ме, әлде өлген бе?

 

ІЛИЯСҚА АРНАУ

Топтан озған Құлагер ақын едің,

Өзгеге емес, өз халқыңа жақын едің.

Өнегеңмен егіз болған өнеріңді,

Қастерлеп, құрметтейді байтақ елің.

 

Ұлтың үшін төктің жырдың шашуын,

Қиналмай-ақ жеңдің заңғар асуын.

Саясаттың сортаңдығын ойласам,

Заңды дермін көңілімнің жасуын.

 

Асқақ ақын өнер отын маздатқан,

Жырларымен көкіректі сыздатқан.

Тағылым алып ұлылардан алдыңғы,

Тұлпар болдың қатарыңнан ерте озған.

 

Жалықпай ұлт, ұрпақ қамын ойлаған,

Өмірді де, терең сүзіп бойлаған.

Намыс пенен арды бірге түйіндеп.

Барма сірә, бұл заманда ойлы адам?

 

Айта берсем,толғаныс көп сіз жайлы,

Атыңызды қалың қауым сыйлайды.

Ұлт қамы деп, бел буғандар өлмейді,

Өзі үшін өмір сүрсе, қирайды.

 

 

ҚАЗАҚ СӨЗІ ЕСТІЛГЕН

Жүрек – дәптер, парақтай бер үңіл де,

Әлем куә, әрбір тау-тас, гүлім де.

Көңілімде перзент жыры лаулаған,

«Кім біледі не боларын түбінде»?

 

Туған жерімтамылжыған гүл бағым,

Мен жырласам, елім үшін жырладым.

Сезім оты адамдықтан басталса,

Ақыл емес, жүрек қана тыңдар үн.

 

Өте берер мынау қысқа құм тірлік,

Жарға итерер, қанағатсыз құлқын жүк.

Сүю керек адамдықпен Отанды,

Қадірі жоқ жалған ұран бір күндік.

 

Өмір, сірә, орныңнан тұра алғанша,

Бір жапырақ үзіліп, қона алғанша.

Қиянатсыз дүние болар еді,

«Адамдардың бәрі де адам болса».

 

Тұрса өмір таласы жоқ бес күннен,

Таң не болар?

Бітер сосын кеш кіммен?

Бір-ақ тілек: қазақ болып күн кешу,

Қазақ атын асқақтату биіктен.

 

Осы ойдан бір жүк түсер үстімнен

Артық па екен, кем бе екен, күш кімнен?

«Тарих қымбат қандай болса, сол күйде, —

Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен»!

Нұғман Бекбол

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы, Ақшұқыр мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы

Жетекшісі: Конебаева Балзия Асановна

 

ПІКІР ЖАЗУ