Жыр алыбы – Жамбыл
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай, былтыр Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектебімізде кітапхана меңгерушісі Тоқсанбаева Дәмет Шәлібекқызы және оқу ісінің меңгерушісі Тогузбаева Айман Ұябайқызының ұйымдастыруымен «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында байқау болып өтті.
Шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысты. Аталған іс-шараның басты мақсаты – Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақынның туындыларының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, Жамбылдың шығармаларының көмегімен жастардың бойына елге деген сүйіспеншілікті ояту.
Шара барысында оқырмандар жыр-шының шығармашылығымен жақы-нырақ таныса алды. Оқушыларымыз ақынның өлеңдерін нақышына кел-тіріп, мәнерлеп оқып, көпшіліктің назарына ұсынды. Топты жарып тыңдаушыларының көзайымына ай-налған оқушылар жүлделі орындарға ие болып, марапатталды. Мұстафа Алихан, Жамбыл Жанель Абдразакова, Т.Ш.Қожахмет, А.Садықбек, А.Әлиева, М.Бекен, Опабекова Фарида Калиевна, Бекен Әділет сынды оқушылар үздіктер қатарынан көрінді.
Ақынның өмір жолынан естеліктер айтылып, шығармалары насихатталды. Кеш аясында құрметті қонағымыз Дәулетбек Байтұрсынұлы жыр алыбы Жамбылдың шығармаларына тоқталып, жырларының өміршеңдігі туралы әңгімеледі.
Ғасыр жасап, екі заманның бірдей куәсі болып, өмір бойы жырлаған ақынның шығармалары өзінің туған халқының өмірімен үндесіп, елінің биік мұратын, мұң-мүддесін жырына арқау еткені жайлы сыр шертті. Жиын соңында оқушылардың бойындағы рухани құндылықтарға, кітап оқуға, баспасөзге деген сүйіспеншіліктері мен қызығушылықтарын дамыту бағытында іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін кітапхана меңгерушісі Тоқсанбаева Дәмет Шәлібекқызы Кұрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қа-тар мектебіміздің директоры Әлия Сбанқұлқызы келген қонағымызға алғысын білдіріп, өнерлерін ортаға салып, белсенділік танытқан оқушыларға ризашылығын білдіріп, жылы лебізін айтты.
Ерлікті, елдікті дәріптеген халықтың жоғын жоқтап, әлсіздерді әлділердің зорлығынан арашалаған, әділдікті бостандықты жырына арқау еткен қазақтың Жамбылы халқымен бірге жасай бермек!.. Халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл ақынның өлеңдері мен шығармалары өскелең ұрпақты ізгілік, татулық, достық рухымен сусындатып, ғибрат-тәлім берері сөзсіз…
Жүсен Шұғыла Шарапатқызы, жас тілші. Алматы қаласы,
Д.Бабаев атындағы
№115 ЖББМ, КММ
11 «Ә» сынып оқушысы