Білім басы бастауышта

Мектептегі оқу әрқашан қызықты болуы қажет. Сол кезде ғана жетістікке жетесің. Қызметтік қабілеттің бірден-бір қалыптасу жолы жаңа танымдық қатынаспен апталық пәнді мазмұнды өткізуге тікелей байланысты. Мектеп оқушыларының мотивациясын (білімге құштарлығын) көтеру үшін біздің мектепте жыл сайын пәндік апталықтар өтеді.

2021-2022 оқу жылының 24 қаңтар мен 29 қаңтар аралығында әдістемелік жоспар бойынша Қарағанды облысы, Нұра ауданы «Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде» бастауыш сыныптар бірлестігінің «Математика айналамызда» тақырыбында апталық өтті. Бұл апталық оқушылардың сабақтағы және сабақтан тыс жұмыстарын ұйымдастыруға заман талабына сай жол таба білуге арналды. Бастауыш сыныптар арасындағы апталық бір аптаға созылатын мереке. Оқушылар, мұғалімдер, барлығы апталыққа белсене қатысты. Апталықты өткізу бағдарламасы оқу ісінің әртүрлі формалары мен әдістерін көрсетті. Оқушылардың ойлау қабілеттерін белсенді жетілдіру мақсатында сайыстар, ашық сабақтар және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылды.


Бастауыш сынып оқушылары мен мұғалімдері математикалық апталыққа ерекше көңілмен дайындалды. Апталық барысында өткізілетін ашық сабақтар мен іс-шаралардың жоспары құрылып, бекітілді. Бастауыш сынып оқушылары оқитын мектептің 1 қабаты тақырыпқа сай, мерекеге орай шарлармен, апталықтың түсті қағаз бетіне басылған атымен, түрлі әдемі суреттермен, қабырға газеттерімен, гүлдермен безендірілді.
Жоспары бойынша ашық сабақтар, байқаулар, математикалық ойындар, мектепішілік олимпиада, ертегі-ойын, танымдық ойын, сайыстар, сурет және аппликация көрмесі өтті. Барлық іс-шараға қонақтар, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші, пән мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
«Математика алаңында» апта бойы математикалық сөзжұмбақтар, логикалық және қызықты есептер ілінді. Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары болып, аса белсенділік танытты. Мұғалімдер ашық сабақтарында жаңа инновациялық технологиялардың әдіс-тәсілдерін тиімділігіне қарай шебер қолдана білді. Сабақтардың құрылымы жүйелі құрылды. Сабақтарға бастауыш сынып мұғалімдері, мектеп әкімшілігі қатысып, талдау жасалып, жақсы баға берілді.


Бастауыш сынып мұғалімдері: Д.К. Акимжанова, А.К. Кусаинова, А.К. Имашева, Н.Т. Ахметова, Д.Қ. Пшенбаева, М.Т. Сейткарина, С.С. Исабекова, Қ.М. Абишева сабақ өткізу барысында оқытудың белсенді түрлерін: интерактивтік дәріс, мастер-класс, тренингтерді пайдаланды.


3 «А» сыныбында А.К. Кусаинова математика пәнінен өткізген «Құрылымы күрделі теңдеулер» сабағы, Д.К. Акимжанова 2 «Ә» сыныбында өткізген «Тең топтарға санау. Тең топтарға бөлу», 4 «А» сыныбында М.Т. Сейткарина «Бір бағытта қалып қою қозғалысы» тақырыптарында командалық сабақтар өткізу әдістерінің ерекшеліктеріне мән беріп, тиімділігіне назар аударды. Ұстаздар барлық сабақтарды жаңаша, топқа бөліну арқылы, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатын көздей отырып өткізді.
Сонымен қатар, бастауыш сыныптар арасында мектепішілік математика олимпиадасы өте жоғары деңгейде өтті. Олимпиадаға әр сыныптан математикалық білімі жоғары оқушылар қатысы. Дарынды оқушылар әр сынып деңгейіне қарай логикалық, қызықты есептер шығарды. Олимпиада тапсырмалары балмен есептелді. Мұнда ең жоғары көрсеткішке жеткен оқушылар: 1 «А» Ералы Амира, Марал Амир, 1 «Ә» Даптар Зелиш, Дәлелхан Арланбек, 2 «Ә» Қалықберген Диас, Нұралы Сымбат, 3 «А» Орынтай Әлиасқар, Өмірзақ Айару, Сакенова Айсана, 3 «Ә» Байгуланова Жигер, Мансұр Даяна, 4 «А» Болатхан Бекжан, Ташев Жантуар, 4 «Ә» Дюсенов Алишер, Нұрлан Айтуар.
Апталық арасында өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан оқушылар әр түрлі сайыстардан орындар алғандары үшін салтанатты жиында марапатталды. Апталықтың бір күні «Мөлдір бұлақпен» дос болайық!» деген атаумен белгіленді. Аталған күні мектеп кітапханашысы З.Д.Жаншинаның ұйымдастыруымен оқушылар «Мөлдір бұлақ» журналынан өлең, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар оқып, тест сұрақтарының шешімін тауып, математикалық тапсырмаларды таласа да қызыға орындады. Қызықты шара оқушылардың ынтасын арттырып, журналға деген сүйіспеншілігін оятты. Биылғы оқу жылында көптеген бастауыш сынып оқушылары «Мөлдір бұлақ» журналына жеке-жеке жазылып, пайдалы дүниелермен танысып, тест тапсырмаларын орындап жүр.


Қызықты ұйымдастырылған шара барысында әрбір оқушының жүрегіне жол табу, әр оқушыға көңіл бөлу, әр оқушыға тапсырманы қызықтырып, түрлендіріп берудің жолдарын өздері жаңаша тұрғыдан ойлауының өзі бастауыш мұғалімдеріміздің жаңалыққа бет бұрғандығының айғағы деп мақтана айта аламыз. Оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін апталықтың ойдағыдай өткендігін арнайы дайындалған «сенім тақтайшасына» жазылған жағымды ойлар мен ажарлы тілектер дәлелдеді.
Жауапкершілік пен алдарында тұрған міндетті анық түсінетін Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы «Мағжан Жұмабаев атындағы ЖББМ-нің бастауыш сынып мұғалімдері «Математика айналамызда» тақырыбындағы апталықтың мазмұнды өтуіне құлшына араласып, білім-біліктерін ортаға сала білді. Әдістемелік бірлестіктің отырысында бастауыш сынып мұғалімдері өздері өткізген іс-шараға талдау жасап, математика пәні мұғалімдерінің берген ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Апталық жоғарғы әдістемелік деңгейде, ұйымдасқан түрде өтті. Мұғалімдер жақсы ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетіп, мерекелік шығармашылық көңіл-күй қалыптастырды. Оқушылар математикадан қабілеттерінің жоғары екенін дәлелдеп, білімдерін әр түрлі жағдайда қолдана білді, бір-біріне қолғабыстарын тигізді, күрделі сұрақтардың қиын жауаптарын тапты.

Күлпаш Жанқуатова, Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Мағжан Жұмабаев атындағы ЖББМ-нің директоры

ПІКІР ЖАЗУ