ЕРЛІКТЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Осыдан тура 79 жыл бұрын, яғни 1941 жылдың 22 маусымы күні шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Германия әскері КСРО-ның батыс шекарасында орналасқан Брест қамалына (Беларусь) басып кірді. Осылайша тарихта Екінші Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы – Ұлы Отан соғысы басталды. Екінші Дүниежүзілік соғысқа әлемнің 72 мемлекеті қатысып, 62 миллионнан астам адам ажал құшты. Соңғы деректер бойынша Қазақстанның 6,2 миллион тұрғынынан 1 миллион 200 мың жауынгер майданға аттанды. Яғни, әрбір бесінші қазақстандық майдан шебінде ерлікпен соғысты. Оның 601 мыңы соғыстан туған жеріне қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағынан 27 миллионға жуық адам елді азат ету жолында мерт болды. Осынау орасан жойқын соғыста қазақстандықтардың қосқан үлесі орасан зор.

 

Қазақстанның соғысқа қосқан үлесі

Қазақстаннан соғысқа аттанған жауынгерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жүз жылда бір туатын 4 ұшқыш: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі мәрте “Кеңес Одағының батыры” деген құрметті атаққа ие болды. Ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз – пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Днепр үшін болған шайқаста 18 жастағы Жәнібек Елеусізов қазақтар арасындағы ең жас «Кеңес Одағының батыры» атанды. Бұл данқты атақ соңғы рет 1991 жылы панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлына да берілді. Одан соң бұл атақ ешкімге берілген жоқ. Соғыс жылдарында Қазақстанда 20-ден астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді. Соғыс жылдарында ерлігімен есте қалған қазақстандықтар өте көп болды. Солардың кейбіреуіне тоқтала кетсек.

Бауыржан Момышұлы

Қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі ұста, етікшілік пен зергерлікті кәсіп етіп қана қоймай, кирилл әліпбиін өз бетінше меңгерген адамдардың бірі болған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өткендіктен, Бауыржан 3 жасынан бастап әжесі Қызтумастың қолында тәрбиеленеді. 1921 жылы Бауыржан Момышұлы Аса интернатына оқуға түсіп, кейін 1924 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жеті жылдық мектепке ауысады. Ол Құрманбек Сағындықов және Әбділда Тәжібаевпен мектеп қабырғасында бірге білім алған. 1928 жылы мектепті үздік бітіргеннен кейін Орынбор қаласындағы қазақ педагогикалық институтында білім алуды жалғастырады. Алайда көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты ауылына қайтып кетеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, жауға қарсы шайқасады. Соғыста жүріп өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, 5 рет жау қоршауын бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен дивизиясына аман-есен қосылады. Бауыржан Момышұлының тактик және стратег қасиеттерінің арқасында «ошақты», «икемді қорғаныс» деген жаңа ұғымдар қалыптасты. Ол әскери психология мен педагогиканы байытуда баға жетпес мұралар қалдырды. Оның көптің бойынан табыла бермейтін бірегей қасиеттерін еврей, неміс, чех, француз және ағылшын тілдеріне аударылған Александр Бектің «Волоколам тасжолы» атты кітабынан көруге болады.

Қасым Қайсенов

Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1941 жылы қараша айында Оңтүстік-Батыс майданының штабына аттандырылып, басқыншылар қолында қалған Украина жерін азат ету үшін жау тылына түсіріледі. Қасым Қайсенов атамыз сол жерде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядының басқарушысы болады. Бұдан кейін 1944 жылдың соңына дейін Чехославкия (қазіргі Чехия), Румыния, Молдавия елдеріндегі партизан қозғалыстарына қатысты. Соғыс аяқталған соң бейбіт еңбекке араласады. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында» секілді көптеген шығармалардың авторы.

Мәлік Ғабдуллин

Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданы, Қойсалған ауылында дүниеге келді. Көпбалалы отбасынан шыққан. Жастайынан кітап оқуға құмар болып өседі. Бала арманмен он төрт жасында Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсына түседі. Кейін Сәбит Мұқановтың кеңесімен қазақ педагогикалық институты филология факультетіне ауысады. Институтта оқи жүріп Бейімбет Майлиннің баспаханасында жұмыс істейді. 1935 жылдан 1937 жылдың қарашасына дейін Мәлік Ғабдуллин Өзбек КСР Ферғана қаласында отан алдындағы борышын өтейді. Әскерлік борышын өтегеннен кейін 1937-38 жылдары “Қазақстан”, “Қазақстан пионері” газеттерінде қызмет етті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік Ғабдуллин алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Майданда И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда жауға қарсы шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған соғыста Мәлік солдаттардың бір бөлігіне басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен соғыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Соғыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мәлікке 1943 жылдың 30-қаңтарында Кеңес Одағының батыры атағын береді. Бұл атақпен қоса Ленин ордені және «Золотая Звезда» медалі де қоса берілген.

Сұлтан Баймағамбетов

Сұлтан Баймағамбетов 1920 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Қояндыағаш ауылына дүниеге келген. 1920 жылдардағы ашаршылық салдарынан ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалды. Содан кейін әпкесі Зейнептің қолында тәрбиеленді. 1940 жылдың қазан айында Сұлтан Баймағамбетов әскер қатарына шақырылды. Сөйтіп, полктік мектепті бітіреді. Ал, 1941 жылдың маусымнан бастап Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград маңында шайқасады. Өзінің табандылығы, өжеттігімен көзге түскен Сұлтан 147-атқыштар полкінде батальон комсоргі болады. 23 жастағы қыршын жас 1943 жылы Ленинград майданындағы шайқаста амбразураны өз кеудесімен жауып, Отан үшін қаза тапты. Осы ерлігі үшін оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ұлы Отан соғысы 1945 жылы 8 мамырда Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңес Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция алдында фашистік Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қоюымен аяқталды. 9 мамыр жеңіс күні ретінде тойланды. Ал екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Кеңес Одағының жапониялық Квантун армиясын жеңуімен аяқталды.

Есбол Мухамметханұлы

ПІКІР ЖАЗУ