Әр адам қоғамның толық мүшесі

Инклюзия – бұл тек сөз емес, ол адамдар арасындағы мейірімділік пен құрметтің белгісі. Біздің қоғамда әр адам ерекше және әрқайсысының орны бөлек. Кейбір адамдар жақсы жүгіре алады, біреулер әдемі сурет салады, ал тағы біреулер жақсы оқиды немесе музыкаға қабілетті болады. Бірақ кейбір адамдардың денсаулығында ерекшеліктер болуы мүмкін. Мысалы, біреу арбада жүруі мүмкін, біреу нашар естуі немесе көруі мүмкін. Осындай адамдарды ерекше қажеттіліктері бар адамдар деп атаймыз. Мұндай адамдарды түсіну, қолдау және қоғам өміріне бірге қатыстыру инклюзия деп аталады. Инклюзия – бұл барлық адамдардың тең құқықта өмір сүруіне мүмкіндік беретін орта құру деген сөз. Яғни әр адам қоғамның толық мүшесі бола алады.

Инклюзия – адамдардың айырмашылығына қарамастан барлығының бірге өмір сүруі, бірге оқуы, бірге жұмыс істеуі. Бұл дегеніміз әр адамға құрметпен қарау, ешкімді кемсітпеу, барлығына тең мүмкіндік беру, бір-бірімізге көмектесу. Егер қоғамда инклюзия болса, онда ерекше жандар да мектепке барып, білім алып, жұмыс істеп, қоғам өміріне белсенді қатыса алады.

Әр адам – қайталанбас тұлға. Әрқайсымыздың қабілетіміз, қызығушылығымыз және ойымыз әртүрлі. Осындай әртүрлілік қоғамды байытады. Инклюзивті қоғамда адамдар бір-бірін құрметтейді, әркім өз қабілетін көрсете алады, достық пен түсіністік артады. Бұл қоғамды мейірімді әрі әділетті етеді. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Олар да басқа адамдар сияқты қоғам өміріне қатысқысы келеді. Мектепте білім алғысы келеді, спортпен айналысқысы келеді, өнермен шұғылданғысы келеді, достар табуды қалайды. Сондықтан қоғамда ерекше адамдарға қолайлы жағдай жасау маңызды. Мысалы, пандустар орнату, арнайы оқу құралдарын дайындау, қолдау бағдарламаларын енгізу. Кейде қоғамда түсінбеушілік, стереотиптер немесе кемсітушілік кездесуі мүмкін. Кейбір адамдар ерекше жандардың мүмкіндігін дұрыс бағаламайды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін адамдардың бір-біріне деген құрметі мен түсінігі өте маңызды. Әр адам өзгенің ерекшелігін қабылдауды үйренуі керек. Инклюзивті қоғам қалыптастырудың ең маңызды жолдарының бірі – білім беру. Балаларға кішкентай кезінен бастап мейірімді болуды, өзгелерді құрметтеуді, көмектесуді, айырмашылықтарды қабылдауды үйрету керек. Бұл болашақта толерантты, яғни бір-біріне құрметпен қарайтын қоғам қалыптастыруға көмектеседі. Инклюзия қоғамды көптеген жағынан дамытады. Барлық адамдар тең құқыққа ие болады. Қоғамның бірлігі. Адамдар бір-біріне көмектесіп, достық қарым-қатынас орнатады. Мәдени байлық. Әртүрлі пікірлер мен идеялар қоғамды байытады. Жаңа мүмкіндіктер. Әр адам өз талантын көрсетіп, қоғамға үлес қоса алады. Балалар да инклюзивті қоғам құруға өз үлесін қоса алады. Балалар ерекше достарына көмектесуі қажет. Оларды ойынға қосу, мазақ етпеу, қолдау көрсету маңызды. Осындай қарапайым әрекеттер үлкен мейірімділікке жол ашады. Әр адам қоғамның толық мүшесі болып, өз қабілетін көрсете алатын орта қалыптастыру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Егер біз бір-бірімізді түсініп, қолдап жүрсек, онда қоғамымыз мейірімді, әділ және бақытты бола түседі. Өйткені бәріміз әртүрліміз, бірақ бәріміз бірдей маңыздыбыз.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ