«Ерекше баланың анасы болу – жүрек пен күштің үлкен мектебі»

Жыл санап елімізде ерекше қажеті бар балалар көбейіп жатыр. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Алайда жетеріне жете алмай тауы шағылып, жігері үгіліп жататындар да бар.

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күніне орай кәсіпкер әрі ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана Қалидоллина Ақерке Ғалымжанқызымен сөйлесіп, ерекше баламен қарапайым өмір сүру құпиясын біліп қайттық.

– Ақерке ханым, өзіңізбен қысқаша таныстырып өтсеңіз.

– Менің есімім Ақерке. Жолдасым екеуіміз үш баланы тәрбиелеп отырмыз. Кейде қалжыңдап, «балалар бізді тәрбиелеп жатқан жоқ па?» деп те айтып қаламыз (күліп). Көпбалалы анамын, кішігірім кәсіппен айналысамын. Сонымен қатар мен ерекше баланың анасымын.

– Тұңғышыңыздың ерекшелігін алғаш қашан байқадыңыз?

– Ұлым – көптен күткен тұңғышымыз. Алғашқы үш жылда бәрі қалыпты болды: уақтылы жүрді, сөйледі, ойнады. Бірақ 3 жасқа жақындағанда мінезінде күрт өзгерістер пайда болды. Бұрын ойнап, күліп жүрген бала бір сәтте тұйықталып, үндемей қалды. Дәрігерлер 3 жасында «сөйлеу дамуының кешеуілдеуі» деген диагноз қойды. Бұл біз үшін өте ауыр соққы болды.

– Сол сәттегі ана ретіндегі сезіміңіз қандай болды?

– Оны сөзбен жеткізу қиын… Ана үшін баласының диагнозын есту – үлкен сынақ. Ішің өртенеді, не істеріңді білмейсің, себеп іздейсің. Бірақ уақыт өте келе түсінесің – бұл тағдыр. Ең бастысы – оны қабылдап, баламен бірге алға жүру.

– Қазір ұлыңыздың жағдайы қалай?

– Қазір ұлым 9 жаста, 3 сыныпта оқиды. Біз тоқтаусыз жұмыс істеп келеміз. Аптасына бірнеше рет мамандармен (дефектолог, психолог) қосымша сабақтар алады. Сонымен қатар бассейнге барады, атқа мінеді, массаж, реабилитация алады. Бұл – оның күнделікті еңбегі. Осыны көріп отырып, ана ретінде менің берілмеуге міндетім бар.

– Ерекше бала тәрбиелеудегі ең үлкен қиындық қандай?

– Біріншісі – диагнозды қабылдау. Екіншісі – қоғам мен жүйенің толық дайын болмауы. Бірақ мен бір нәрсені түсіндім: мен бүкіл әлемді өзгерте алмаймын, бірақ өзімді өзгерте аламын.

– Өзіңізді қалай қолдап жүрсіз?

– Бір кезде мен өзімді тек ана, келін, әйел ретінде жоғалта бастағанымды байқадым. Сол кезде өзіме көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Әйел адамның өзін ойлауы – эгоизм емес. Егер ана бақытты болса, отбасы да бақытты болады. Сондықтан өзімнің ішкі жан дүниеммен жұмыс істеуді үйрендім.

– Отбасыңыздың қолдауы туралы айтып өтсеңіз.

– Мен ата-енемнің жағдайын жасап отырмын деп айта алмаймын, керісінше олар мені қолдап отыр. Жолдасым, ата-енем, жақындарым әрқашан жанымнан табылады. Солардың арқасында мен алға жылжып келемін. Бұл – үлкен бақыт.

 

– Кәсіп бастауға не түрткі болды?

– Өзімді дамытуға деген ішкі қажеттілік. Әйел адам тек үймен шектеліп қалмауы керек деп ойлаймын. Кәсіп – менің өзімді табуыма, сенімділігімді арттыруыма көмектесті.

 

– Басқа аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қандай жағдай болмасын, өзіңізді жоғалтпаңыз. Өзіңізге сеніңіз. Әр әйелдің ішінде үлкен күш бар. Ең бастысы – сол күшті табу.

 

– Сұхбатымызды қорытындылай келе, қандай тілек айтасыз?

– Барлық аналарға айтарым:

бақытты ана – бақытты отбасы, ал бақытты аналар – мықты қоғам. «Тамшы тас жаратынындай», диагнозы бар баланы қоғамға бейімдеудің әр қада­мы – жемісін беретін жұмыс. Айтпа­ғым – тоқ­та­маң­ыз, баланы таныңыз, қабылдаңыз, бірге жұмыс істеңіз.

– Сұхбатымызға рақмет. Балаға ата-анасы сен­­се, қолдаса, ол нәтижеге жетпей тын­бай­­­ды. Диагнозы бар әр баланың қанаты – ана мен әке. Шарасыздық шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпас үшін ең алдымен баланы кішкентай кезінен бастап оңалту, бейімдеу орталықтарына жетелеген жөн. Елімізде ерекше қажеті бар балалар саны 230 мыңнан асқан. Диспансерлік ауруларды электронды тіркеу ақпараттық жүйесінде аутизм диагнозымен 12 мың бала тіркеуде тұр екен. Баласының диагнозы барын білген ата-ана не істеу керек? Дұрысы, психологиялықмедициналықпедагогикалық консультацияға (ПМПК) барғаны жөн. Қазір елімізде ата-анаға жол сілтеп, бағыт беретін 104 ПМПК бар.

Өмір қандай сынақ берсе де, өзіңізге сеніңіз, арманыңыздан бас тартпаңыз!

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ