Бес жасында би әлемін бағындырған бүлдіршін

Қазіргі таңда қазақ қоғамында жас таланттарды ерте жастан анықтап, олардың қабілетін дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Өнер мен мәдениет саласында бала бойындағы дарынын дер кезінде байқап, дұрыс бағыт беру – болашақта ел абыройын асқақтататын үлкен жетістіктердің бастауы. Осындай үміт күттірер жас таланттардың бірі – Жұмаділ Алтынай Қуанышқызы.

Алтынай небәрі 5 жасында халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып үлгерген. Оның би өнеріндегі алғашқы қадамдары, табандылығы мен жетістіктері көпке үлгі боларлық. Алтынай Тараз қаласындағы «Balaville» балабақшасына 2 жасынан бастап барады. Ерте жастан балабақша ортасына бейімделуі оның әлеуметтік, шығармашылық және танымдық қабілеттерінің дамуына оң әсерін тигізді. Алтынайдың бойындағы өнерге деген ерекше қызығушылықты тәрбиешілер мен ата-анасы ерте байқаған. 3 жасынан бастап балабақша ішіндегі би үйірмесіне қатыса бастайды. Бұл – оның өнер жолындағы алғашқы маңызды қадамы болды. Үйірме жетекшісі Аруна Ахунова Алтынайдың би қимылдарын тез меңгеретінін, сахнада өзін еркін ұстайтынын және ерекше еңбекқорлығын бірден аңғарған. Жас өнерпаздың бойындағы табиғи талант кәсіби бағыт-бағдармен ұштасып, қысқа уақыт ішінде жақсы нәтиже бере бастады.

Сахнаға шыққан сәттен – жеңіске дейін

Алтынай үшін би – тек қимыл ғана емес, ол өз сезімін, ішкі әлемін сахна арқылы жеткізе біледі. Оның әрбір орындауында балалық тазалықпен қатар, үлкен жауапкершілік пен сахналық мәдениет байқалады. Осындай қасиеттері оны түрлі байқауларда алдыңғы қатардан көрсетті. Жас биші қатысқан алғашқы ірі дода – Халықаралық шығармашылық «Дарындар әлемі» байқауы (Тараз қаласы). Бұл байқауда Алтынай қазылар алқасын таңғалдырып, Бас жүлде – Гран-при иегері атанды. Бұл жеңіс оның өнер жолындағы сенімін нығайтып, алдағы биіктерге жетеледі. I Халықаралық көпжанрлы «Nurai Art Fest» байқауында (Тараз қаласы) – 1 орын, лауреат. Халықаралық балалар мен жасөспірімдер байқауы «Бала шабыты» (Алматы қаласы) – 1 орын, лауреат. «Erke Art» халықаралық байқау-фестивалі (Астана қаласы) – 1 орын иеленді. Әр байқау – Алтынай үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Әр сахнада ол жаңа қырынан ашылып, орындау шеберлігін шыңдай түсті.

 

Екі би – екі Гран-при

Алтынайдың өнер жолындағы ең жарқын жетістіктерінің бірі – II Халықаралық көпжанрлы «Nurai Art Fest» байқауы. Бұл байқауда жас биші екі түрлі би орындап, екеуінде де Гран-при жеңіп алды. Сонымен қатар, байқау нәтижесінде ол Стамбул, Дубай және Ташкент қалаларына жолдама иеленді. Бұл – бес жасар бала үшін үлкен жетістік әрі халықаралық деңгейдегі өнер сапарының бастауы. Мұндай мүмкіндік әр балаға бұйыра бермейді. Бұл жетістік Алтынайдың талантымен қатар, жетекшісі мен ата-анасының еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

 

Өнерге демеу болған отбасы

Алтынайдың жетістігінің артында оны әрдайым қолдап отырған үлгілі отбасы тұр. Әкесі – Бекмуратов Қуаныш, «Казфосфат» компаниясында еңбек етеді. Анасы – Рахымбаева Ажар, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде қызмет атқарады. Атасы Жұмаділ мен апасы Сейсегүл, Алтынайдың ата-анасы  балаларының тәрбиесіне, білімі мен өнеріне ерекше көңіл бөліп, жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді.  Алтынайдың ағасы Жұмаділ Алинұр – №49 мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы. Інісі Ақәділ – 2 жаста, балабақша тәрбиеленушісі. Бұл – бірлігі бекем, тәрбиені бірінші орынға қоятын өнегелі отбасы. Үлкені – оқуда, ортаншысы – өнерде, кішісі – балалық шағында өсіп келеді.

Болашаққа нық қадам

Алтынайдың бүгінгі жетістігі – оның болашағына жасалған берік негіз. Өнер жолы – үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін сала. Алтынайдың бойынан осы қасиеттердің барлығы байқалады. Ол жас болса да, мақсатқа ұмтылуды, тәртіп пен жауапкершілікті ерте меңгеріп келеді. Жас өнерпаздың жетістіктері Тараз қаласының ғана емес, тұтас еліміздің мәдени әлеуетін көрсетеді. Осындай талантты балалар – ел болашағының жарқын көрінісі.

Жұмаділ Алтынай Қуанышқызы – балғын жаста-ақ би өнерінде өзін дәлелдей білген, халықаралық деңгейде жеңіске жеткен дарынды өнерпаз. Оның әрбір жетістігі – табандылықтың, дұрыс бағыт-бағдардың және ата-ана мен ұстаз еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта Алтынайдың есімі үлкен сахналарда, халықаралық фестивальдерде жиі аталып, қазақ өнерін әлемге таныта берсін деген тілек білдіреміз.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ