Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл

Мұқағали мұрасы – ұлт рухының мәңгілік жыры
Өмірін өлеңмен өрген Мұқағали Мақатаев мұрасы – жыр сүйер қауым үшін мәңгілік таусылмайтын тақырып. Қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, қас — қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады.
Алғашқы өлеңдерін он-он бір жасынан бастап жаза бастаған. Қаламгер көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Қаламгердің өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. Қаламгердің әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады. Ақынның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі тағы басқа тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ұлт руханиятының мәңгілік жыршысы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай мазмұнды әрі тағылымы терең мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Ақын мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл бастамалар өскелең ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рух пен отансүйгіштік сезімді нығайтуға ықпал етті. Іс-шаралар білім беру ұйымдары мен мәдениет ошақтарының белсенді қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Әдеби кештер, поэзия сағаттары, шығармашылық байқаулар мен еске алу шаралары арқылы Мұқағали поэзиясының терең философиясы, адамгершілік пен азаматтық болмысы кеңінен насихатталады.
Мұқағали Мақатаев – қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен қолтаңбасы бар, поэзияны халықтың жүрегіне жақындатқан дара тұлға. Оның шығармалары – өмір, адам, Отан, махаббат пен тағдыр туралы терең ойға толы. Мектептерде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кештер мен поэзия сағаттары ұйымдастырылады. Оқушылар ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған сахналық қойылымдар көрсетіп, өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Мұндай әдеби кештер оқушылардың көркем сөзге деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дүниесінің қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Мұқағали Мақатаевтың туған күні аясында аудан көлемінде мәнерлеп оқу, эссе жазу, поэзия оқу байқаулары ұйымдастырылады. Бұл байқаулар жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың әдеби талғамын қалыптастыруға бағытталған.
Мұқағали Мақатаев шығармашылығы уақытпен өлшенбейді. Ақын жырлары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпай, әр буынның жүрегінен орын табуда. Оның поэзиясы – ұлттың рухани қазынасы, мәңгілік мұра. Ұлы ақынның туған күніне арналған шаралар қоғамда әдебиетке, руханиятқа деген қызығушылықты арттырып, ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мұқағали жыры – халықпен бірге жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік мұра. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлы ақынның рухы мен сөзі ел жадында жаңғыра беретіні анық. Мұқағали Мақатаев — өмірінің соңына дейін қолынан жүйрік қаламы түспеген, қазақтың қара өлеңінің құдіретіне, терең сырына қаныққан ақын. Қаламгер мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді.
Г.Тұрлыбекова


