Атасы мен әжесінің ақылды баласы
Ерте, ерте, ертеде емес, бүгінгі біздің заманда Айбар деген ақылды да зерек бала өмір сүріпті. Айбар қалада емес, ауылда — атасы мен әжесінің қолында өсіп жатқан еді. Оның ата-анасы жұмыс бабымен алыста болғандықтан, Айбардың бар уақыты атасы Қасым мен әжесі Күләштің қасында өтетін. Айбар атасы мен әжесін ерекше жақсы көретін. Таңертең ерте тұрып, әжесіне су әкеліп беретін, ауладағы тауықтарға жем шашатын. Ал атасы таңғы шайдан кейін немересін қасына отырғызып алып, ескі әңгімелерін, батырлар туралы жырларды айтып беретін.
— Балам, ақыл деген — кітапта ғана емес, өмірде де болады, — дейтін атасы.
Айбар атасының әр сөзін көңіліне түйіп алатын.
Бір күні ауылда қатты жел тұрып, жаңбыр жауды. Көп адамдар қора-қопсысын бекітіп үлгермей қалды. Сол кезде Айбар атасына көмектесіп, қораның есігін мықтап байлады, әжесінің гүлдерін үйге кіргізді. Жел басылған соң, көршілердің бірі Айбарға қарап:
— Мына бала нағыз ақылды екен, үлкендердей ойлайды ғой, — деді таңғалып.
Айбар бұған мақтанған жоқ, тек:
— Атама көмектесу — менің міндетім, — деп жауап берді.
Күндердің күнінде Айбар мектептен көңілсіз келді. Бір досы оны мазақтап, ренжітіп қойыпты. Мұны көрген әжесі Айбарды қасына шақырып алып:
— Балам, ақылды адам ашумен емес, сабырмен жеңеді. Жаман сөзге жаман сөзбен жауап берсең, өзің де соған ұқсап кетесің, — деді.
Айбар әжесінің сөзін тыңдап, ертеңіне досымен сабырлы сөйлесті. Соңында әлгі бала өзі кешірім сұрады. Айбар сонда әжесінің ақылының шын екенін түсінді.
Бірде атасы Айбарды қасына алып:
— Балам, бүгін сенің ақылыңды сынаймын, — деді де, бақтағы екі ағашты көрсетті.
— Бірі түзу, бірі қисық өсіп тұр. Қайсысы мықты деп ойлайсың?
Айбар ойланып тұрып:
— Қисық өскені. Өйткені ол желге, тасқа төтеп беріп өсіпті, — деді.
Атасы күлімсіреп:
— Дұрыс айтасың, балам. Өмір де сондай. Қиындық көрген адам ақылды, төзімді болады, — деді.
Айбар күн өткен сайын атасы мен әжесінен көп нәрсе үйренді: үлкенді сыйлауды, еңбекті қадірлеуді, сөздің мәнін түсінуді. Мектепте де ол алғырлығымен, тәрбиелі мінезімен көзге түсті. Мұғалімдері оны жиі мақтайтын.
— Мен өскенде атам сияқты ақылды, әжем сияқты мейірімді боламын, — деп ойлайтын Айбар.
Атасы мен әжесі немересіне қарап қуанып:
— Біз көрген жақсылықты осы бала жалғастырады, — деп ризашылықпен отыратын.
Сөйтіп, Айбар атасы мен әжесінің ақылын бойына сіңірген, елге үлгі болар ақылды бала болып өсіп келе жатты.
Гауһар Тұрсынқожа


