Ұрпақ тәрбиесі – болашақ кепілі

Қай кезеңде де елдің ең асыл қазынасы – саналы ұрпақ деп білемін. Ұрпақ тәрбиесі дұрыс бағыт алса, ұлттың болашағын айқын қалыптастыратын қадамы нық ұрпақ болары сөзсіз. Ол жас ұрпақтың тек білім алуымен қатар, адамгершілік, мәдениет, жауапкершілік және ұлттық құндылықтарды бойына сңіруімен тығыз байланысты. Осы ойымды тереңдете түскен тағылымды кездесу 18 желтоқсан күні қазыналы Талас өңірінде өтті. Балалар өнер мектебінде ұйымдастырылған «Ұрпақ тәрбиесі – болашақ кепілі» атты жастар форумы ел мен ертеңді ойлаған жүректерді бір арнаға тоғыстырды.
Аталған форумның құрметті қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист, бала жанының жарық сәулесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы болды. Ел үшін аянбай еңбек етіп, күндіз-түні тыным таппай, ұлт мүддесін биік қоятын тұлғаның Талас жұртшылығымен кездесуі менің және барша жастарымыз үшін үлкен рухани күш пен серпіліс сыйлады.
Бұл форум «Qazaqstan dauiri» газетінің бастамасымен, «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі, «ЕлАна» сайты мен «Мөлдір бұлақ» журналы бірлесіп ұйымдастырған «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедиция аясында өтті. Бұл экспедиция ауылдың тыныс-тіршілігін танытып, елдің ең өзекті мәселелерін көтеруге бағытталған маңызды қоғамдық жоба екенін сезіндім.
Форумның басты мақсаты – жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты сіңіру, азаматтық көзқарасын қалыптастыру, ел болашағына деген сенімді нығайту. Мен үшін бұл ойлар аса маңызды болды. Себебі ұлттың ертеңі – бүгінгі сәулелі жастардың қолында екенін терең ұғындым.
Іс-шара барысында Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова сөз сөйлеп, мұндай рухани кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды. Ал Талас ауданының құрметті азаматы, Әкелер кеңесінің төрағасы Ілес Нұрұлы елге айтары бар, жастарға берері мол Сәуле Мешітбайқызы секілді аналарымыздың осындай кездесулерге жиі келуі – біз үшін үлкен мектеп екенін атап өтті. Бұл сөздер менің ойыммен толық үндесті.
Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі – Сәуле Мешітбайқызының жастарға арнаған жүрекжарды сөзі болды. Ол өз сөзінде Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген ұлағатты сөзін келтіріп, бүгінгі жас буынға деген сенімін білдірді. Бұл сөз менің ғана емес, залда отырған әрбір жастың жүрегіне жетіп, үлкен жауапкершілік пен үміт сезімін оятты.
Бұл форум менің жүрегімде ерекше із қалдырды. Сәуле Мешітбайқызының әр сөзі, өмірлік жолы мен елге сіңірген еңбегі маған терең ой салады. Ол өз кәсібіне адалдықпен қараудың, шындықты қорғап, халықтың үнін жеткізудің нағыз үлгісін көрсетті.
Осы кездесуден кейін мен өз болашағымды журналистикамен байланыстыруға нық шешім қабылдадым. Сәуле Мешітбайқызы секілді ел мүддесін биік қоятын, шындықты тайсалмай айтатын, елім деп еміренетін журналист болу – менің арманым. Оның жүріп өткен жолы мен үшін болашағыма жарық беретін бағдаршам іспетті.
Форум барысында айтылған ойлар мені жігерлендіріп, өзіме және өзгеге деген сенімімді, жауапкершілікті сезінуімді арттырды. Ұлтқа, Отаныма қызмет ету тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетінін түсіндім. Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еттік» деген асыл сөзді берік ұстап, туған еліме деген сүйіспеншілігім арта түсті. Жастарға артылған сенім – біз үшін аманат. Сол аманатты ақтау үшін білім алып, еңбектеніп, өз саламда адал болуға өзіме серт бердім.
Сондай-ақ осы форумды өткізуге қолдау көрсетіп, жастарға мотивация беріп, сенім білдіргені үшін Сәуле Мешітбайқызына ерекше алғыс айтамын. Оның қолдауы мен үшін үлкен жауапкершілік әрі болашаққа деген сенімді күшейте түседі.
«Ұрпақ тәрбиесі – болашақ кепілі» атты бұл басқосу менің жадымда ұзақ сақталары анық. Себебі мұнда айтылған әр ой, әр сөз – елдің ертеңіне арналған аманат. Осындай ой бөлісетін, адамгершілік құндылықтарды талқылайтын рухани кездесулер жас ұрпақтың жолын ашып, арманын айқындайтынына кәміл сенемін.
Салиханқызы Еркеназ,
«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Талас ауданының білім бөлімі Мектеп-Лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
10 «А» сынып оқушысы
Жетекшісі: Жамбосынова Индира Абдрахманова


