ЕРТЕГІ ‐‐ МЕНІҢ ДОСЫМ

(Жақсы адам болуды үйрететін қазақ ертегілері туралы түсінік.)

Ертеде емес, дәл қазір біздің жанымызда ертегілер өмір сүріп жатыр. Олар тек кітаптың ішінде ғана емес, біздің ойымызда, жүрегімізде, күн сайынғы ісімізде бар. Қазақ ертегілері – ата-бабамыздан бізге жеткен алтын сандық. Ол сандықтың ішінде батырлық та, адалдық та, мейірім де, әділдік те бірге сақталған. Бұл мақаланы оқыған әрбір бала сол сандықтың қақпағын ашып, ішіндегі асыл қазынаны сезіне алады.
Ертегі – жай ғана қиял емес. Ол өмірді үйрететін жұмсақ ұстаз секілді. Ертегіде батыр әрдайым жеңеді, себебі ол шыншыл, үлкенді сыйлайды, әлсізге көмектеседі, қорықса да, дұрыс жолдан таймайды. Ал жауыз кейіпкерлер неге жеңіледі? Өйткені олар өтірік айтады, ашкөз болады, өзімшіл келеді. Ертегі бізге үнсіз ғана жақсы болу әрқашан жеңіс екенін үйретеді.
Қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлер – баланың алғашқы достары. Ер Төстік батыл болуды көрсетсе, Керқұла атты Кендебай еңбек етуден қорықпауға үйретеді, ал Күнікей қыз ақыл мен сұлулықтың бірге жүретінін дәлелдейді. Жауыз кейіпкерлер де бекер пайда болмайды, олар арқылы бала ненің жаман, ненің дұрыс емес екенін жүрегімен сезінеді.
Бүгінгі бала – ақылды, зерек, қиялы кең. Бірақ ақпарат көп заманда кейде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату қиын. Сол сәтте ертегі балаға жол көрсететін шамшырақтай болады. Ол қорқытпайды, ұрыспайды, тек жылы сөзбен дұрыс жолға жетелейді. Ертегі оқыған бала мейірімді болады, әділдікті жақсы көреді, елін, жерін құрметтеуді үйренеді.
Ертегіні оқу – міндет емес, ол қуаныш. Оны бірге оқу – тіпті керемет. Ата-ана баласымен бірге ертегі оқыса, мұғалім оқушысымен бірге талқыласа, жүректер бір-біріне жақындай түседі. Ертегі балаға сыбырлап жақсылық жаса, қорықпа, сен жалғыз емессің деп тұрғандай әсер қалдырады.
Сен бұл журналды қолыңа алдың ба? Демек, сен ертегілер әлеміне қадам бастың. Осы беттерден сен батырлықты да, достықты да, адалдықты да табасың. Ертегімен дос бол. Өйткені ертегі сені жақсы адам болуға үйретеді. Ал жақсы адам – әлемді әдемі етеді.

Сабыр Адай
ҚР Еңбек сіңірген қайраткер,ақын.
Ақтау қаласы
2026ж.

ПІКІР ЖАЗУ