«САРҒАЙҒАН ПАРАҚ ПЕН МӨЛДІР АРНА»

Міне, сол бір сарғайған
беттерден самал ескендей…
Мен шет аймақта өстім. Ұстаздың баласы едім. Үйімізде кітаптың, газет-журналдың иісі үзілмейтін. Әр әріп – тәрбие, әр сөйлем – үнсіз ұстаз болатын. Терезе түбінде, партаның үстінде, қолымыздан түспей жүретін бір мейірімді дос бар еді. Ол – «Балдырған».
«Балдырған» – 1958 жылдан бастап қазақ баласының рухани әлемін тәрбиелеп келе жатқан журнал. Ол бір ғана кезеңнің емес, тұтас бір дәуірдің келбетін арқалап шықты. Кеңестік уақыттың қатаң идеологиясы арасында да бала жанына лайық мейірім мен тазалықты жоғалтпай, ұлттық сөзді, қазақы мінезді сақтап қалды. Сол дәуірдің баласы бола тұра, біз ертегімен өстік, өлеңмен ойладық.
Мен білемін: әр дәуірдің өз айтары, өз тақырыбы болады. Заман өзгереді, уақыт алмасады. Бірақ жүректен өшпейтін, ешқашан ескірмейтін бір ғана ортақ тақырып бар екен. Ол – ел мен жер. Ата-ана. Бауырлар. Достар. Мектеп. Қиял мен арман.
Осы қасиетті ұғымдардың бәрі менің бала жүрегіме ең алғаш «Балдырғанның» парақтары арқылы қонып еді.
«Балдырған» мен үшін жай ғана журнал болған жоқ. Ол – балалықтың өз үні, алғашқы күлкім, алғаш жаттаған өлеңім, алғаш шешкен жұмбағым. Оның беттерінде бал күндерім қалды, үкілі үмітімнің қанаты қатайды. Сол журнал беттерінде қазақтың талай көрнекті ақын-жазушылары балаға арнап сөз сөйледі, балаға арнап ой түзді.
Әр санын ашқанда, әлем мейірімге толып кететін. Ол бізді асықтырмай өсірді, жұбатты, жетеледі. Сарғайған парақтарында тұтас бір ұрпақтың балалығы сақталып қалды.
Уақыт өтті. Мен өстім. Бірақ бала көңіл жүрегімнің бір түкпірінде қалып қойды. Ол жоғалған жоқ. Ол тек көшіп жүр екен. Бір парақтан екінші параққа, бір буынның жүрегінен келесі буынның қиялына…
Бүгін сол рухты мен «Мөлдір бұлақтан» көремін. Заман басқа, тәуелсіз елдің баласы басқа уақыттың тынысын сезінеді. Бірақ баланың жаны сол қалпы – мөлдір. Ел мен жерге деген алғашқы махаббат, ата-анаға деген құрмет, достық пен адалдық – бәрі сол бұлақтың суындай таза күйінде ағып жатыр.
Балалық сезімдер жоғалмайды екен.
Олар сағыныштың қауырсынындай үлпілдеп, уақыт көгінде қалықтап жүре береді.
Менің балалығым – «Балдырғанның» сарғайған парақтарында қалды.
Бүгінгі баланың балалығы – «Мөлдір бұлақта» мөлдіреп ағып жатыр.
Оқыңдар, балалар.
Журнал – сенің рухыңның серігі,
жаныңның жазирасы,
ертеңгі өзіңе апарар ең мейірімді жол.
Сабыр Адай
Ақтау қаласы
ҚР Еңбек сіңірген қайраткер.
2026ж.


