Еңбегің жансын, Айша!

Көркем гимнастика әрi спорт, әрi өнер. Өнер дейтiнiмiз, талшыбықтай бұралған қыздардың қимылдары адамның тәнiн ғана емес, жанын да сұлулыққа баулиды. Спорттағы сұлулық дегенде есімізге алдымен көркем гимнастика түседі. Әдемі қимыл, ерекше киім үлгісі, ырғақты қозғалыс осының бәрі спорттың осы бір түрінен табылады.
Бүгінгі кейіпкеріміз спорттың нәзік түрін серік еткен кішкентай ғана Бақытқан Айша Мақсатқызы. Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жасы небәрі бесте. Айша болашағынан үлкен үміт күттіретін бүлдіршіндердің бірі. Ол Алматы қаласындағы «Ертөстік» балабақшасына барады. Мінезі ашық, спортқа жақын соның ішінде көркем гимнастикаға ерекше қызығушылығы бар.
Маусым айының 14-15-і аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында «Silk road» яғни «Жібек жолы» деген атпен көркем гимнастикадан халықаралық жарыс өтті. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Жапония, Әзірбайжан, Тәжікстан, Сингапур елдерінен гимнастшылар қатысты. Халықаралық денгейде өткен жарыста қазақстандық жасөспірімдер өте жақсы көрсеткіш көрсетті. Айша осы сайыста 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер арасында бірінші орынды иеленді. Осы орайда Айша жаттығатын «Мария «спорт клубынын жаттықтырушысы Мария Еркінбекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаттықтырушының басты қасиеттері – әр балаға көзқарасты таңдай білу, оның ұшқыны мен ерекшеліктерін ажырата білу. Жаттықтырушы бала мен таңдаған спорт түрі арасындағы байланыстырушы буын болуы керек. Мария Еркінбекқызы жақсы психолог, ұстаз, тәлімгер және жолдас – барлығын бір арнаға тоғыстырған маман. Көркем гимнастика – қауiп-қатерлерге толы жаттығулардан тұратын бәсеке. Көркем гимнастикада негiзiнен дәлдiк пен ептiлiкке көңiл бөлiнедi. Мұны қас-қағым сәтте шебер орындау оңай емес. Оны үйрену үшiн қаншама жыл тер төгу керек. Мiне, сондықтан көркем гимнастикаға ерте жастан келудiң пайдасы зор. Бұл спорт түрiне Айша да 3 жасында келген. Биыл оның көркем гимнастикамен айналысқанына екі жыл болды. Осы уақыт аралығында ол көркем гимнастика сабағына үзбей қатысып келеді. Көркем гимнастика дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Айша жақындарын таңқалдырудан жалықпайды. Ол музыка сазымен лента, доп, шеңбер, тағы басқа заттарды пайдаланып гимнастикалық жаттығулар комбинациялар орындайды.
Гимнастиканың да басқа спорт түрлерi секiлдi жазылмаған заңдылықтары бар. Бұл спорт түрiмен айналысатындар ерте жатып, ерте тұрады. Өйткенi, әрдайым сергек жүруi тиiс. Жалпы «денiм сау болсын» деген адамның бәрi осылай етуi керек. Айша да кішкентай болса да осы тәртіпті сақтайды. Анасы да бұл жағынан оған көп көмектеседі. Тiптi, қонаққа барған кездерінде де Айшаның уақтылы ұйықтауы үшiн ерте қайтып кетеді екен.
Айшаны анасы Нұргүл қызының үлкен есте сақтау қабілеті, қызығушылығы және керемет тапқырлығы бар екенін айтты. Жыл санап Айша өзінің қасиеттерін дамытып, жасына сай кітаптарға қызығады екен. Қосымша көркем гимнастика үйірмесіне қатысады, ән салып би билегенді ұнатады. Айшаның тағы бір хоббиі сурет салу. Бос уақытында қол өнермен де шұғылданады. Айша өзіне қажетті ән мен биді өз бетінше үйрену үшін ата-анасының смартфонын қолданады. Бүлдіршін қызды дарындылығының алғашқы белгісі зеректігімен байқалуда. Айта кетерлігі, Айшаның тағы бір ерекшелігі ол батыр қыз. Батыр болуының себебі ол 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында Құдайбергеновтер әулетінде дүниеге келген. Үлкен әжесі Баян шөбересін ерекше күткен екен. Дәл сол уақытта әжесі тосыннан келген індетпен алысып, ауруханада жатқан еді. Әжесі өз өміріне емес, шөбересінің өміріне қатты алаңдап амандығын тілеп жатып аурухана да өмірден озды. Әжесінің ақтілеуімен дүниеге келген жас гимнастшының алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын. Кішкентайынан өнерге, білімге құмар бүлдіршіннің жақындары оның болашағыннан үлкен үміт күтеді. Болашақта Айшаға екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн көркем гимнастиканың шыңына көтерiліп, әлем чемпионы болуына тілектеспіз!
Гауһар Тұрсынқожа