«Мөлдір бұлақ» – балаға рухани нәр берер қайнар көз.

Бастауыш сынып білім алушыларының білім әлеміне алғаш қадам басуы – үлкен ізденіс пен қызығушылыққа толы кезең. Осы тұста баланың дүниетанымын кеңейтіп, тәрбиелік мәні зор, мазмұнды әрі қызықты ақпараттармен сусындататын басылым – «Мөлдір бұлақ» журналы.
Бұл журнал – тек оқу құралы ғана емес, бала жүрегіне жол табатын рухани серік. Әсіресе, 1-сынып білім алушысы үшін «Мөлдір бұлақ» тәрбиелік мәні зор ертегілер, өлеңдер, танымдық әңгімелер мен суретті тапсырмалары арқылы өте пайдалы.
Журналдың тілінің жеңіл әрі түсінікті болуы, түрлі-түсті суреттермен сүйемелденуі – кіші жастағы білім алушының назарын бірден аударып, қызығушылығын арттырады. «Мөлдір бұлақ» журналынан 1-сынып білім алушысы не алады?
Оқу дағдысы дамиды – қысқа әңгімелер мен өлеңдер оқуға деген құштарлықтарын арттырады, жаңа сөздер үйренеді.
Рухани құндылықтарды меңгереді – достық, адалдық, мейірімділік туралы оқиғалар баланың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады.
Тапқырлық пен ойлау қабілеті дамиды – логикалық тапсырмалар, жұмбақтар мен қызықты сұрақтар баланың ой-өрісін кеңейтеді.
Шығармашылыққа баулиды – сурет салу, әңгіме құрастыру, өлең жаттау сияқты тапсырмалар арқылы шығармашылық әлеуеті ашылады.
Туған елге, тілге деген сүйіспеншілігі оянады – мақалалар мен өлеңдер арқылы бала ұлттық тәрбиенің дәмін бойына сіңіреді.
Балаға берілген әр жақсы сөз – болашаққа салынған ізгі жол. «Мөлдір бұлақ» осы жолда бізге көмекші құрал ғана емес, бала тәрбиесінде сенімді серік. Журнал арқылы бала тек оқып қана қоймайды, ойлайды, сезінеді, түсінеді, үлгі алады.
Сондықтан да ата-аналар мен ұстаздарға айтарым – баланың бос уақытын пайдалы өткізуге ықпал ететін осындай тәрбиелік мәні зор басылымдарға көбірек көңіл бөлейік. «Мөлдір бұлақ» – баланың жан дүниесін байытар мөлдір кәусар бұлақ.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Абай ауылы,
Абай атындағы орта мектебі.
1-сынып білім алушылары мен
бастауыш сынып мұғалімі Алпысбаева Алима Алмасбекқызы




