Заң мен тәртіп – даму және әділеттіліктің кепілі

Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Өкінішке орай кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта қоғамға саналы адам қалыптастыру -мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болса, ол міндетті іске асыруға басты мақсат жасөспірімдерді жаңа рухта, жаңа көзқараста тəрбиелеуден айқын көрінеді. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында  құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру  өте маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен келеді. Кәмелетке толмағандардың қылмысын ерте алдын алудың негізгі құралы құқықтық сананы дұрыс тәрбиелеу және қолайсыз отбасын декриминализациялау, бұған құқықтық нормаларды жетілдіру және балаларды тәрбиелеудегі азаматтардың жауапкершілігін арттыру шаралары енеді. Қиын шешімдер қабылдайтын және көмекке мұқтаж адамдардың жанынан табылуға әзір тұратын тұлғалардың бірі Талғар аудандық ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Ханым Тасыбаевамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
«Менің жұмысым – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оларға көмектесу және олармен тәрбиелік жұмыстар жүргізу», дейді ханым Тасыбаева. Ол өмірін қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге қызмет етуге арнады. Балалармен жұмыс – жүрекпен сезінуді қажет ететін ерекше міндет. Қызмет барысында ол кең жүректі, жоғары жауапкершілігі бар кәсіби маман ретінде танылды. Бүгінде оның басшылығында 22 қызметкер жұмыс істейді.

– Балалар арасында қандай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі?

– Соңғы жылдары біз кәмелетке толмағандар арасында ұрлық, төбелес, мектеп ішіндегі тәртіпсіздік, интернет арқылы жасалатын бұзушылықтар, тіпті кейде бұзақылық сынды жағдайларға жиі кезігеміз. Сонымен қатар, түнгі уақытта ата-анасының рұқсатынсыз жүретін балалар да бар.

– Бұл жағдайлардың басты себептері қандай деп ойлайсыз?

– Көп жағдайда бұл – отбасындағы бақылаудың әлсіздігі, тәрбиенің жеткіліксіздігі, достардың ықпалы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі және бос уақытты дұрыс ұйымдастырмау салдарынан болады. Кейде ата-аналар балаларымен ашық сөйлеспейді, ал бұл өз кезегінде баланың дұрыс емес жолға түсуіне себеп болуы мүмкін.

– Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданасыздар?

– Біз мектептермен тығыз жұмыс істейміз, оқушылармен кездесулер өткіземіз, ата-аналармен әңгімелер жүргіземіз. Сонымен қатар, балаларды спорттық және мәдени үйірмелерге тартуға тырысамыз. Профилактикалық тексерулер мен түсіндіру жұмыстары да үлкен рөл атқарады.

 

– Құқық бұзушылық жасаған балаға қандай шаралар қолданылады?

– Әр жағдай жеке қаралады. Егер бала алғаш рет жеңіл бұзушылық жасаса, алдымен ескерту жасалып, ата-аналарымен әңгіме жүргізіледі. Бірақ егер бұзушылық ауыр болса немесе бірнеше рет қайталанса, онда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бірақ басты мақсат – жазалау емес, қайта тәрбиелеу.

 

– Қазіргі жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Уақытты пайдалы өткізуге тырысыңыздар – спортпен айналысыңыздар, кітап оқыңыздар, жақсы орта таңдаңыздар. Ең бастысы – өз болашағыңыз үшін жауапкершілікті өзіңіз алыңыз. Қателікке бой алдырмауға тырысыңыз, ал егер қиын жағдайға тап болсаңыз – ата-анаңызға немесе сенімді ересекке жүгініңіз.

–“Нөлдік төзімділік” дегеніміз не және бұл саясаттың мәні неде?

–“Нөлдік төзімділік” — бұл қандай да бір құқық бұзушылыққа, әсіресе жасөспірімдер арасында, мүлдем жол бермеуді көздейтін саясат. Яғни, ең ұсақ заң бұзушылықтың өзі назардан тыс қалмайды. Бұл балаларға кез келген әрекеттің жауапкершілігі болатынын түсіндіруге бағытталған.

 

–Бұл саясат қалай жүзеге асырылады?

–Біз мектептермен, ата-аналармен, психологтармен бірлесе отырып жұмыс істейміз. Мысалы, мектеп ішіндегі тәртіп бұзушылықтарға қатысты ескерту беру, ата-аналармен профилактикалық әңгімелер өткізу, заң түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді шаралар қарастырылады.

 

–Мұндай тәсілдің тиімділігі қандай?

Полиция қызметкері: Нөлдік төзімділік арқылы біз жасөспірімдердің бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырамыз. Олар қандай да бір әрекетінің салдары болатынын ерте бастан түсінеді. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.

 

–Бұл саясаттың кемшіліктері бар ма?

Полиция қызметкері: Әрине, кез келген саясаттың екі жағы бар. Кейде тым қатал тәртіп баланың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз әр жағдайды жеке қарап, баланың жас ерекшелігін, ниетін және жағдайын ескеруге тырысамыз. Жас ұрпақтың дұрыс жолмен жүруі – бәрімізге ортақ міндет.

–Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

–Сіздерге де рақмет! Балаларымыз аман болсын!

 

ПІКІР ЖАЗУ