Ырыс алды – ынтымақ

30 – тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күні 

 

Еліміздің Ата Заңында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазылған.

 

Яғни мемлекетіміз Қазақстан Республикасы байырғы қазақ жерінде Тәуелсіздік туын тіккен, еркін, дербес мемлекет. Сондай-ақ Ата Заңымызда жазылғандай, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан да мемлекетіміз қазақ жерін мекен етіп отырған түрлі этнос өкілдерін жатсынбай, бауырына басып, бейбітшілік пен татулық принциптеріне сүйене отырып, зайырлы, демократиялық, тең құқылы, азаматтық қоғам құруды мақсат етеді. Иә, еліміздің экономикалық тұрақты, әлеуметтік-тұрмыстық игіліктерге бай болуы ең алдымен халқымыздың ынтымақ пен бірлігіне байланысты.
Қазақ халқында «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» деген әдемі тәмсіл бар. Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Бірлік түбі – береке» деп өсиет етіп, үнемі ел ішін алауыздық пен араздықтан сақтандырып отырады. Көреген көнекөз қарияларымыздың өсиеті мен тілегі, қанымызға сіңірген асыл қағидасымен, санамызға сіңіріп, көкейімізге қондырған, жетемізге жеткізіп ұқтырған киелі ұғымдардың, тәрбие мен тәлімнің арқасы шығар, еліміз қазір әлем мойындаған ең бір бейбітшілік сүйгіш мемлекеттер қатарында. Татулықты тіршілік тірегі ете отырып, еліміз халықаралық қатынаста да өзіндік моделін қалыптастырды.
«Өткенсіз бүгін жоқ, ал бүгін – біздің болашағымыз» деп білген халқымызға тән ұлттық мінез, бабадан балаға жалғасқан қасиет – өзгеге қамқор, мейірімді, досқа адал, дұшпанға әділ, сертке беріктігімен өлшенеді. Сондықтан өткенге тас атпай, бүгінін жарқын ете отырып, келешегін кемел етуді өмірлік мақсат тұтады.
Қазақтың ұлттық философиясы, психологиясы «Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі» деген ар ісіне жүгінеді. Сондықтан да қазақ «Жаным – арымның садағасы» деп серт еткен халық. Тарлан тарих беттерін парақтай бастасақ, қазақтай дархан, қазақтай еркін, қазақтай пейілі кең, жаны таза халық жер бетінде сирек екеніне куә боламыз. Жерімізді мекендеген кез келген этнос өкілін сөзге тартсақ, халқымыздың даладай дархан, баладай аңғал, ақкөңіл, бауырмал, уәдесіне берік болғанын айтады. Алайда «Қазақ халқы туралы пікірі әуел бастан жоғары, қара қазақ өз болмыс-бітімінен «айрылып қалмаса екен» деп алаңдаған жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің «Бірінші тірегім – ата-анам. Екінші рухани тірегім – қазақтың ауылы. Жақсылықтың бәрін мен қазақ ауылынан алдым. Ол кездегі қазақтар бүгінгіден өзгешелеу болатын. Әлдеқайда мәдениеттілеу, бауырластық жағынан әлдеқайда кең пейілді болатын. Жүрегі алтын адамдар еді. Қазір мен ондай қазақ көрмеймін. Қазақтар қазір құлдырап төмендеп, өзінің бар қасиетінен біртіндеп айырылып келе жатқан сияқты…» деп жазғанын еске алсақ, «Шынымен солай ма?» деп, ойланып қаламыз. Иә, қазір ар-ождан, намыс, парасат, ұят ұғымдарының орны ауысып барады. Арамызда өз қағынан жеріп, өзінің ана тілін, ділін, дінін, табиғи болмыс-бітімін, ұлттық менталитетін, рухани құндылығы мен әдеби-мәдени мұрасын жатырқап, жатсынып, адасып жүргендер бар екені рас.
– Адасқандар қазақ тілі мен ділінен өзі ажырағанымен қоймай, ұрпағын дүбара етіп, өз қолымен ұлтының тамырына балта шауып жатыр. Алдымен патшалық Ресей, кейіннен кеңестік үкімет жүргізген, мақсаты орыстандыру болған, отаршылдық саясаты өз мақсатына жетті. Дін де адасты, тілден бездік, қазақ қазақ болудан ұялатын болды, ат төбеліндей қазақ жік-жік болдық. Біреу араптың дүниесін тықпалап жатса, енді біреу тәңіршілміз дейді. Енді біреулер қазақтың қасиетті «ҰЯТ» сөзін «Ұятмен», «Долбанный ұят» деп кемсітіп, адамгершіліктің өлшемі болған, ұлтымыздың ұстанымы болған ұлы ұғымымыздың қадір-қасиетін түсірді», — дейді «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тұрар Сәттарқызы. Бұл шындық. Байқап отырсақ, қазақ жастарының өз түптегі ұлттық менталитеттен, дара мінезінен ажырауы оның ішкі жандүниесінің туындысы емес, қайта сыртқы әлемнің, отарлық мәжбүрлеудің, ғаламдық жат идиялогияның тасқыны екенін анық аңғарамыз.
Қазақтың ұлттық ұғымындағы ұят, ар-ождан өлшемі – халқымыздың ең биік парасат өлшемі болатын. Айтып айтпай, ар-ождан принципі алға озбайынша, қоғам ізгіленбейді. Қазір ақша емес, ар-ождан, намыс, ұят, мейірім, қайырым секілді адами құндылықтар негізгі деңгей болуы керек еді. Бірақ заман өзгерді. Алайда адам өзгеруі керек пе? Ұлт ше? Меніңше кез келген халық, кез гелген ұлт, кез келген адам өзінің жаратылысынан алшақтап, өзгеруге асықпағаны дұрыс. Өзгеру керек болса, санадағы еліктеушілік, әсіре қызылға құмарлық, қызғаныш секілді жағымсыз қылықтар өзгеруі керек. Ал ұлттық болмыс, адами қасиет, халықтық бірегейлікке сызат түсіруге болмайды. Адам түп тамырынан ажырап қалғанда ғана, тамырсыз қаңбақтай қалбалақтап, көрінгеннің қаңсығын таңсық көретіні дәлелденген. Сондықтан қазақ баласы қоғам дамып, ақпараттық-технология өркендеген сайын әлем өзгеріп, төрткүл дүние алақандағы смартфонның экранында жақындай түскен сайын, біз, қызылды-жасылды ғажайып ғаламның жылтырағына жұтылып кетпеудің қамын жасауымыз керек.
Біз ұлттық идеология деп көп айтамыз. Бірақ әлі күнге дейін тәуелсіз қазақ елінің ұлттық идеологиясы не болуы керек екенін анық айтпаймыз. Шындығында қазақтың о бастағы ұлттық идеологиясы – ар-ождан, намыс, ұят, уәдеде тұру, обал мен сауапты білу болатын. Қазақ баласын ұят, обал, сауап деген үш-ақ қағидамен тәрбиелеген деп жиі айтамыз, жиі естиміз. Осы ұят болады деп – ар сақтау, обал болады деп – қиянатқа бармау, сауап болады деп – мейірімді болу, айналып келгенде өзіңнің де өзгенің де қадірін білу, құрметтеу, ізгілікпен бірлікке ұюды білдіреді емес пе. Қазақтың қанында бар бұл қасиет, ұлттың бірегейлілігі, бір тұтастығы, ұлттың мінезі десек, бірегейлілік, біртұтастық болған жерде береке, ырыс бар. Ал «Береке – бірліктің бастауы», «Ырыс – ынтымақтың алды». Кең байтақ қазақ даласын мекен еткен алуан түрлі этнос өкілдері де қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш пейілінің, ақ көңілінің бағасын біледі. Ұлт бірлігі, ұрпақ сабақтастығы туралы сөз болғанда, қасиетті қазақ жерінде, киелі қарашаңырағымыз – ортақ Отанымыздың келешегінің кемел болуы жолында қызмет ету, ол біздің ең бірінші борышымыз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ