«Ұлы Дала Ойындары» атты отбасылық фестиваль өтті

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне арналған «Ұлы Дала Ойындары» атты отбасылық фестиваль өтті. Шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасылық спортты дамытуға бағытталды. Фестивальге әкелер, аналар және 8–10 жас аралығындағы балалардан құралған отбасылық командалар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы жарыс отбасылық бірлікті нығайтып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық ойындарға негізделген және заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтті. Фестиваль «Жасанды интеллект жылы» аясында ұйымдастырылып, кейбір кезеңдерде инновациялық элементтер қолданылды. Бұл Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өтуге мүмкіндік берді. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұлттық спорт түрлері бойынша отбасылық эстафеталар ұйымдастырылды. Әкелер, аналар және балалар жеке-жеке сайыстарда өз шеберліктерін сынады. Әкелер эстафетасында садақ ату, қошқар көтеру, нарқұдық көтеру, ләңгі тебу және «сыйлық сандығы» сияқты ұлттық ойындарға негізделген жарыстар өтті. Ал аналар шалқұймайқ эстафетасы, лабиринт, хан арқан, бес асық және үлкен қасықпен асық жинау сынды қызықты тапсырмаларды орындады.

Балаларға арналған эстафетада асық ату, қаппен секіру, балаларға арналған көкпар ойыны, арқан үстінде скейтбордпен жүру және асық жинау сияқты көңілді әрі белсенді жарыстар ұйымдастырылды. Екінші кезеңде қатысушылар заманауи технологиялар қолданылған интерактивті жарыстарға қатысты. Бұл кезеңде жасанды интеллект элементтері қолданылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Фестивальдің финалдық кезеңінде командалар арқан тарту сайысында күш сынасты. Бұл жарыс көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, қатысушыларға үлкен қолдау көрсетілді.

Шара соңында жеңімпаз командалар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар ұлттық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуіне үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ұлттық спорт күніне арналған «Ұлы Дала Ойындары» фестивалі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Фестивальге қала тұрғындары мен қонақтары да келіп, ұлттық ойындардың қызықты сәттерін тамашалады.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ