Тұлғатануға қосылған үш кітап

Алматыдағы Жамбыл балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар ақыны, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасанның үш кітабының таныстырылымы өтті. Қаламгердің «Қаныш Сәтбаев кім?», «Қажымұқан Мұңайтпасұлы кім?», «Әлихан Бөкейхан кім?» кітаптары «Mazmundama» баспасынан оқырманға жол тартты.

«Mazmundama» қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқан басқосуды жүргізіп, баспаның «Ол кім?» сериясы бойынша жарық көрген кітаптары туралы баяндады. Одан ары балалар ақыны Серікбол Хасан бұл кітаптардың қалай жазылғаны туралы мәлімет берсе, кітаптардың жарыққа шығуына демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат Қайрат Реимов «Ол кім?» сериясы бойынша шыққан жинақтардың жас оқырманға берері мол екенін атап өтті. Сондай-ақ жазушы Сәуле Досжанова, тарихшы Айшуақ Дәрменұлы, журналист Алғадай Әбілғазыұлы сөз алып Серікбол Хасанның шығармашылығы мен «Mazmundama» қорының бастамалары туралы ой бөлісті.

 

 

Бұл кітаптар несімен құнды? Кеңес заманында «Ол кім? Бұл не?» деген бірнеше томдық энциклопедия болатын. Кеңес балалары бүкіл мәліметті осы энциклопедиядан алатын. Кейін «Уикипедия» онлайн энциклопедиясы өмірге келді. Қазіргі заман балалары бар керегін көбіне осы «Уикипедиядан» алады. Алайда бұл платформада тұлғаларға қатысты мәліметтер жұтаң. Осы олқылықты «Mazmundama» баспасы толтыруды қолға алды.
Баспа «Ол кім?» сериясы бойынша қазақтың ірі тұлғаларын жеке суретті жинақ етіп шығарып, кішкентай оқырмандарға базарлық жасап отыр. «Ол кім?» сериясы бойынша жарық көрген Серікбол Хасанның үш кітабы да қазақ үшін құнды. Мәселен, «Қажымұқан Мұңайтпасұлы кім?» кітабында күш атасы Қажымұқанның өмір жолы сипатталады. Ғұмырын күреске арнап, 54 мемлекетте өткен чемпионатқа қатысып, 48 медаль олжалаған даңқты балуанның спортқа сіңірген ерен еңбегі дәріптеледі. «Қаныш Сәтбаев кім?» кітабында Қазақ Ғылым академиясын құрған, еліміздегі көптеген кен орындарын ашқан атақты геолог-ғалым Қаныш Имантайұлының тағдырлы өмір жолы мен ел үшін істеген ерен еңбегі баяндалады. Балалар бұл кітаптан Қаныштың балалық шағынан бастап дүние салған кезге дейінгі басып өткен даңғыл жолы, дара келбеті жайлы толық мәлімет ала алады.
Ал «Әлихан Бөкейхан кім?» кітабында Алаш ардақтысының өнегелі өмір жолы қамтылған. Кітапта Әлиханның балалық шағынан бастап, саяси белсенділігі, журналистік жолы, өлкетануға қосқан үлесі, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құру жолындағы қажырлы еңбегі қамтылған. Сондай-ақ жинақта ұлт қайраткерінің Омбы, Петербор, Самара, Орынбор, Семей, Мәскеу кезеңдері жан-жақты түсіндірілген.
Үш кітап та адамның бала кезінен өмірлік көзқарасын қалыптас-тыруға, таным көкжиегін кеңейтуге, тұлға ретінде дұрыс бағытта өсуіне үлкен ықпал етеді. Сондықтан бұл кітаптар тұлғатану саласына, балалардың танымдық әдебиетіне қосылған үлкен олжа деп білеміз.

Айдана Байтұрсын, арнайы «Мөлдір бұлақ» үшін

ПІКІР ЖАЗУ