ТҮКШ деген не?

Күн сайын біз жарық жағып, жылы үйде тұрып, таза су ішеміз. Ауладағы жолдар мен жарық шамдары да біздің өмірімізді ыңғайлы етеді. Осындай қызметтердің барлығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қысқаша ТҮКШ деп аталады. ТҮКШ – бұл қалалар мен ауылдардағы үйлердің, көшелердің, су жүйелерінің, жылу мен жарық жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін үлкен сала. Егер су құбыры, электр жүйесі немесе жылу жүйесі істен шықса, адамдарға қиын болады. Сондықтан бұл саланың қызметкерлері күн сайын үйлеріміздің жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін еңбек етеді. Түкш саласының басты ерекшеліктері:

  • Қызметтер көрсету: Су, жарық, жылу және газбен қамтамасыз ету.
  • Инфрақұрылым: Тұрғын үйлердің жағдайын бақылау, жөндеу және жаңа құрылыстардың қауіпсіздігін сақтау.
  • Әлеуметтік маңыздылық: Халыққа тазалық пен қолайлы жағдай жасау.
  • Жұмыс орындары: Техникалық қызмет көрсету және жөндеу арқылы жұмыс орындарын құрады.

Қысқаша айтқанда, бұл — үйіміздің жылы, жарық және таза болуын қамтамасыз ететін коммуналдық жүйе.

Үйіміздегі жарық пен жылу арнайы энергия көздерінен келеді. Электр станциялары электр қуатын өндіреді, ал жылу орталықтары үйлерге жылу береді.

Энергияның бірнеше түрі бар:

электр энергиясы – жарық пен техника үшін;

жылу энергиясы – үйлерді жылыту үшін;

Су жүйесі – таза ауыз су жеткізу үшін. Энергия болмаса, теледидар, телефон, компьютер сияқты құрылғылар жұмыс істемейді. Сондықтан энергия – қазіргі өмірдің маңызды бөлігі.

Кейбір су құбырлары мен жылу жүйелері өте ескі болуы мүмкін. Уақыт өте келе олар тозып, жиі бұзылады. Сондықтан мемлекет пен мамандар бұл жүйелерді жаңғырту, яғни жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Жаңғырту дегеніміз ескі құбырларды жаңа құбырларға ауыстыру, электр желілерін жақсарту, үйлердің жылуын үнемдейтін жаңа технологияларды қолдану. Бұл жұмыстардың арқасында адамдарға қызмет көрсету сапасы жақсарады. Қазіргі кезде коммуналдық салада заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Мысалы ақылды есептегіштер (счетчиктер) су мен электр энергиясын нақты есептейді, жаңа шамдар аз энергия жұмсап, ұзақ уақыт жанады, арнайы бағдарламалар жүйелердің жұмысын бақылауға көмектеседі. Осындай жаңалықтар энергияны үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.

Энергия – кез келген мемлекеттің басты экономиканы алға жылжытушы дөңгелегі саналады. Әлемдегі қақтығыстардың басым көпшілігі энергия көздеріне таласудан туындайды дейді сарапшылар. Бұл ХІХ ғасырда пайда болып, әлі күнге дейін жалғасуда. Оның ішінде көмір, мұнай, газ, уранға таласу ірі әскери қақтығыстарға әкелген сәттері аз емес. Экономиканы дамыту үшін энергияның қолжетімді болуы және тұрақты негізде берілуі аса маңызды. Бұл зауыттар мен цехтардың үздіксіз жұмыс істеуіне ықпал етеді. Өнеркәсіп кешендерінің үлкеюіне және санының артуына көмектеседі, жұмыссыздықтың жойылуына өз септігін тигізеді.

 

Қазақстан энергия тапшылығын түбегейлі шешуді ойластыруда. Оның ішінде энергияның жаңа көздеріне мән береді. АЭС салу, жел және күн энергиясын қолдану тағы басқа жолдарды іздестіруде.

Жас ұрпақ пен тұтынушыға энергияны үнемдеуді үйрету де маңызды саналады. Ол жарықты мақсатсыз пайдаланбау, энергияны көп қажет ететін өнімдерден бас тарту, балабақшада энергияны үнемдеуді үйрету насихаттарын күшейтуден тұрады.

Энергияны үнемдеу – табиғатты қорғаудың маңызды жолы. Егер біз электр қуатын немесе суды босқа жұмсамасақ, табиғи ресурстар да ұзақ уақыт сақталады. Бөлмеден шыққанда жарықты өшіру, суды босқа ағызбау, энергия үнемдейтін шамдарды пайдалану. Осындай қарапайым әдеттер табиғатты қорғауға үлкен үлес қосады. Коммуналдық қызметкерлердің еңбегі. ТҮКШ саласында көптеген мамандар жұмыс істейді. Олар электриктер, сантехниктер, инженерлер, жылу жүйесінің мамандары. Бұл адамдар кейде күндіз де, түнде де жұмыс істеп, апаттарды жөндейді. Қыстың суығында немесе жаздың ыстығында олар үйлерімізде жарық пен жылу болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан олардың еңбегін бағалап, құрметтеу өте маңызды. Болашақта қалаларымыз одан да ақылды әрі экологиялық таза болуы мүмкін. Жаңа үйлер энергияны аз тұтынатын болады, көшелерде үнемді шамдар орнатылады, ал күн мен жел энергиясы кеңінен пайдаланылады. Осындай жаңғыртулардың арқасында адамдар жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүреді. Бәлкім, бүгінгі балалардың арасынан ертеңгі күні инженерлер, ғалымдар немесе энергетиктер шығып, қалаларды одан әрі дамытады. Өйткені болашақ – білімді әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында!

 

ПІКІР ЖАЗУ