Туған жер тақырыбы

Іңгәләп дүние есігін ашқан сәттен нәрестенің кіндік қаны тамған жері, ауылы, өзен-көлі, тау-тасына дейін көзге ыстық көрінеді, жанға қуат береді. Ақиық ақын Қасым Аманжолов өз туған жері Қарқаралы өңірі туралы жазған өлеңінде:
«Көкейімде қасиетті туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кешіре гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай тасың болсам мен егер», — деп тебіренген. Журналға соңғы кезде жолданған хаттардың дені туған жер тақырыбына арналыпты. Кәне, хаттарды ашып оқып көрелік. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Өтес ауылынан 7 «А» сынып оқушысы Біләлов Өтеміс «Туған жерім» өлеңінде:
«Бұл менің туған жерім туып өскен,
Атамекен ошағын кіндік кескен,
Жап-жасыл шалғыны мен жусан иісі
Шалғайға кетсең-дағы шықпас естен», — деп өзінің өскен жеріне деген ыстық махаббатын тәп-тәуір жыр жолдарымен жеткізе алған. Осы өңірде туған Қашаған ақынға арнаған өлеңі де көңіл аударарлық. Өтеміс көп оқып, білімін жетілдіре берсе, жақсы жырлар жазуы күмәнсіз. Алматы облысына қарасты К.Әзірбаев атындағы орта мектептің 9 «Б» сынып оқушысы С.Ардабек «Қазақстаным» өлеңінде өз ойын біршама орайлы етіп көркем жазуға тырысқан.
…Өкінішке орай, бүлдіршін талапкерлердің біразы өлең жазуға қатаң талап қойылатынын ескермей, қарадүрсін, жалпылама жаза салады. Ұйқас, ырғақ, ұтымды ой айту жағын ескере бермейді. Сол себепті жазғандары оқырман көкейінен шықпайды. Бұған Қарасай ауданы, Шалқар ауылынан жазған Талшын Саяшова, 9«В» сынып оқушысы Әкімқожа Нұрлыгүл, Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 гимназияның 6 «Б» сынып оқушысы Әлішер Құлкеев, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Мөлдір Тұрсын-бекқызы, Мақтаарал ауданында тұратын Жүсіп Мәдина («Туған жер»), Қордай ауданы № 26 Жамбыл атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы Сарқыт Жанай, тағы басқалардың өлеңдерін атауға болады.
Әкімқожа Нұрлыгүл 9 «В» сынып оқушысы «Дос-тарыма» деген төрт шумақ өлеңінде «Күндер» сөзін бес рет қайталап ұйқастырмақ болады. Бір сөзді қайталай беру оқырманды мезі етеді. Өлең жазғанда, ойланып-толғанып, сөздерді сұрыптап өз орнымен қолдану қажет. Әйтпесе шөп те өлең, шөңге де өлең секілді болып кетеді.
«Туған жер» — таусылмайтын тақырып. Әр жазушы, әр ақын өзінің туған жеріне деген махаббатын мағыналы ойға құрып, өрнектеп, көркем сөзбен жеткізу шарт. Әйтпесе, ой-талабымыз ақталмауы ақиқат.

ПІКІР ЖАЗУ