Тау көтерген Толағай (аңыз әңгіме)

Мауқараұлы Абай Хамзатегі, Моңғолиядағы Баянөлгей аймағы Бұлғын өлкесінде 1955 жылы туған. Жоғары санатты дәрігер-хирург, жазушы, журналист, аудармашы. Моңғолия Қазақ жазушылар бірлестігінің және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ерте, ерте, ертеде қазақтың байтақ жеріне, көшпенді деген еліне жеті жұт келген кез еді. Бірінші жұт «мезгілсіз жауған қалың қар», екінші жұт «үздіксіз соққан қарлы боран», үшінші жұт «малға келген жұқпалы індет», төртінші жұт «аң-құсқа келген апат», төртінші жұт «адамға келген індет», бесінші жұт «құрғақшылық», алтыншы жұт «шегіртке», жетінші жұт «жаппай келген аштық».
Сол бір жылан жылы алғашқы жұт болды. Қоңыр күздің аяғында ауыл күзеуде отырған кезде, бір кеште шығыс жақтан будақ-будақ ақ бұлт жөңкіліп көшіп келе жатты. Күн бата қапалақтап қар жауа бастады. Осы жауған қалың қар бір аптаға жалғасты. Аспанда күн көзі көрінбей қалды. Айналаны тек қана көлемі көбелектей қалқыған қапалақ қар ұшқыны қаптап тұрды. Бұрқырап жауған қардан ат құлағы көрінбейтін еді. Сөйтіп, адамдар үйінен шыға алмай, мал өріске жете алмай қалды.
Күн ашылған кезде қараса, жауған қар балалардың бойынан асыпты, үлкендердің иығынан келді. Қойлар қардың астында қалды, қардан сиырдың мүйізі, жылқының құлағы, түйенің өркеші мен басы көрініп тұрды. Әр ауылдың ақсақалы ай есебінің бұзылып, ауа-райын болжайтын амалдың бұлай өзгеріп өзгеше болғанына қатты таңқалды. Оның шешімін таба алмады. Ең үлкен Абыз ғана: «Құдайдың есебі басқа болды» деді. Бұл құпия сөзді ешкім ұқпады. Ақыры бүкіл ауылдың ақсақалдары бір шешімге келді. Соғымға соятын малды ғана қалдырып, басқа малды өте алыс отарға айдап кететін болды. Бүкіл жылқылар құрыштай қатты жұмыр тұяғымен қарды тарпып, бірін-бірі шақыра кісінеп, құлындарын оқырана іздеп қарды бұзып жол салды. Барлық үлкен-кіші түйелер «бө-ө-ө, бө-ө-ө» деп боздап, азық-түлік пен қос артылған атандар жылқының артынан ерді. Қора-қора сиырлар табыны үйренген мекенін қимағандай «мө-ө-ө, мө-ө-ө» деп, мөңірей жүріп салған жолды аршып, қар астындағы қалың шөпті мал біткен азық қылып жүре жайылып отырды. Қора-қора қой-ешкі ең соңында табыннан қалмай «мә, мә, мә!..» деп, үздіксіз маңырап жолға түсті. Солай қарлы жұттан қашқан елдің ер азаматтарының көбі отарға кетіп, артта қалған елге бас-көз болатын бозбала жігіттер мен шал-кемпір, әйелдер мен жас бойжеткен, бала-шаға ғана қалды.
Қыс ұзаққа созылды. Абыздың айтқанындай қалың қардан кейін үздіксіз қарлы боран ақбұрқақ соғумен талай күндер өтті. Сахарада қалған қалың ел мол сойылған семіз соғымның еті мен жаздай жинаған құрт-май, ірімшікті ауқат қылып ұзақ қыстан аман шығып келе жатты. Наурыздың аяғында ғана қалың қар азайып сахара дала кең тыныс алғандай самал жел соға бастады. Жылы қоңыр жел қасат қарды ерітіп қыстай жатқан қар астынан алғашқы көк те көрінді. Ала қыстай қардан қамалып қарға адым жерге шығуға зар болған ел-жұрт көсілген кең далаға жаяу-жалпы болса да ұзап шығып отарға кеткендердің жолын тосты. Олар кеткен шығыс жақ көкжиектен көзді алдаған бұлдыр сағымнан басқа ештеңе көзге шалынбайды.
Бұрындары ауылдан ат шаптырым ұзап шыққанда-ақ көз ұшынан үйір-үйірімен жосып жүретін құла құландар да, кең даланың сәні болып тізбектеле өрістеп көзге түсетін ақ бөкендер мен қара құйрықтар тобы да зым-зия жоқ болған. Желден жүйрік осы аңдарға сахарада үстемдік ететін асқан ақылды көкбөрілер үйірі де көзге түспейді. Бәрі де жұт басталардан бұрын сонау алыстағы таулы өңірлерге ауып кеткенге ұқсайды. Ұзақ сапарға ілесе алмайтын кәрі-құртаңдары, ауру-сырқаулары жолда қалған болу керек әр жерде аңның қадау-қадау ырсиған қаңқа сүйектері кезігеді.
Бәлкім, інге жасырынатын суыр, тараққұйрық пен сұр тышқандар ғана мына жұттан аман қалған шығар. Тіпті, түз құсы аталған құзғын мен қарғалар, жазық далада аңдармен қатар жайылып жүретін аққұр мен кекіліктер де көк жүзінен ғайып болған. Осы құстарды садақ жебесі секілді зулап жүріп аңдитын сұңқар мен қаршыға да ұшты-күйлі жоғалған. Тек қана, ауыл-үйді айналшықтап шықпайтын топ-топ сұр торғайлар мен анда-санда қотан маңын шолып шықылықтап өтетін санаулы сауысқандар көзге түседі. Осылайша, жалғыз қыста сахара иен қалып сары сағымның астында құлазып жатты. Жол тосқан жүдеу жұрттың екі көзі төрт болып отарға кеткендердің жолына көз сүзумен ұзақ күнді өткізумен болды.
Наурыз бен сәуір айы да жылжып өтіп мамырдың ортасы болды, осы үш айда бір тамшы жауын жаумады. Күні-түні үздіксіз соққан қара жел топыраққа сіңген қар суын кептіріп, көкжиектен будақтап келген жауын бұлттарын тоқтатпай алысқа айдап кете барады. Жер бетінде ескі сары шөптен өзге жаңа жас шөп көзге еш шалынбай құрғақшылық басталды. Алыс-жақыннан ашаршылықтан әлсіреген, көз жұмған адамдардың да қарасы көбейді. Ел-жұртты уайым торлаған осындай қиын күндердің бірінде шығыс көкжиектен қараңдап бері қарай келе жатқан шағын көш көрінді. Жол тосқан ел-жұрт үркердей боп үрпиіп түгел үйлерінен шығып, таяп қалған көшке телмірді. Осы көшпен ілесіп жақсылық келе жатқандай көңілдері қобалжып көздерінде үміт оттары ұшқындады. Көз көрім жерге келгенде көш танылды. Нардай биік, есік пен төрдей тұрықты, жалы жер сызып жүретін арда-күрең деген айғырға мінген Жанкешті батыр келеді. Батырдың ат үстіндегі биік еңсесі қосын артып жетекке алған шудасы шұбатылған алып қара бурадан да жоғары көрінеді. Көш соңында бір үйір құла бие еріп келеді. Көштің оң жағында жеті іңген, сол жағында бес ала сиыр.
Жанкешті батыр ауылға таяғанда атынан түсіп өзін қарсы алып тұрғандарға жаяулап аяңдады. Үстінде отарға киіп кеткен етегі жер сызған, жеңі шұбатылған сеңсең тоны жоқ, басында екі құлағы иекті орап, артқы шалғысы арқаға дейін түсіп тұратын түлкі тымағы да көрінбейді. Басында жау шапқанда майданға киетін биік төбелі дулығасы жарқырап, кеудесінде шынжыр сауыты көз тартып қанша шаршаса да, сыр бермейтін күрең жүзі терши жымиып таяп келді.
Құрт, ірімшігін табаққа салып күтіп тұрған ақ жаулықты кәрі әжелер: «Уа, жаратқаным, тілеген тілекті бердің! Ақ жолтай! Ақ жолтай!» деп, көздерінен жастары аға шашуларын шашты. Үлкен-кіші бүкіл балалар шашу талап у-шу болып кетті. Жанкешті батырдың хабары елді бір жұбантты, бір қуантты. Отарға шыққандар екі ай бойы қалың қар кешкен тынымсыз жүріспен күйлі малдың күшімен күнгейі қарсыз, сай-саласы ықтасын таулы мекенге аман-есен жетіпті. Қалың мал иен мекенде жақсы қыстап шығады.
Наурыз туа отаршылар қайтар жолға қамданады. Сағынған сахараға қарай қарасы мол малды айдап жылжиды. Дәл осы кезді аңдып тұрғандай мал ішінде індет білінген. Ұсақ мал іш тастап, жолда жүруден қалған. Ірі қара ауызы көбіктеніп жайыла алмай, жылқы тынысы тарылып пысқырумен есі шыққан, ал түйелер бақырып шөккен орнынан тұрмайды, жігіттер түйенің астынан екі бақанды қатар өткізіп зорлап тұрғызса да аяғы денесін көтере алмай бүктетіле құлай берген.
Отарда жүрген емкөс көпті көрген адамдар мұның жұқпалы індет екенін танып, жолай емдеудің еш жолы жоқ екенін білген соң, аман тұрған малды бөліп жедел қаша көшкеннен басқа амалы қалмайды. Сөйтіп, аман қалған біршама малмен індет таралған өлкеден ұзап шыққан кезде қар кетіп, жер қараяды. Жан-жақтағы жол ашылған соң бөтен өлкенің жат жұрттары да жолай ара-тұра ұшыраса бастайды. Олар мына көштің өте алыс аймақтан отарлап келген адамдар екенін киім киіс, жүріс-тұрысынан білгені анық. Жерімізге өзі келген тегін олжа деп санаған болу керек. Әлдебір түні таң алдында тым-тырыс тыныштықты бұзған у-шумен бірге қалың қарулы жаудың қоршап келіп қалғанын отар қосында жатқан жігіттер сол замат сезген.
Онсыз да әрқашан сақ, сергек жататын құс ұйқылы сахара сайыпқырандыры көзді-ашып жұмғанша сауыт-саймандарын қолға алып қорғанысқа кіріскен. Қоршап келген қисапсыз жау мен сахаралық жауынгерлер арасында таңнан кешке дейін қан бұлақ болып аққан, өлік аяқ алып жүргісіз кескілескен шайқас толастамайды. Бес қаруы сай, әбден дайындалып, төрт тараптан қоршай тиіскен адуын жау, мына бейбіт жатқан мал айдаушыларды әп-сәтте тас-талқан етіп жеңіп, адамдарын қолға түсіріп құл етіп, түрі бөлек сарабдал малдарын олжа қыламыз деп дәмеленіп еді.
Жеме-жемге келгенде олай болмай шықты. Күндіз келіп-кетіп тыңшылық жасағандардың айтқанындай жүн күпі киген, түлкі тымақты малшылар емес, жалт-жұлт еткен сауытты, шошақ төбелі дулығалы, қылышын үйіргенде найзағай отындай сұмдық жылдам жауынгерлер алдарынан шыққанда олар қатты састы. Алғашқы шабуылда-ақ қарсы кезіккен қайқы қылыштар жаудың талай әскерінің басын ұшырып кетті. Әлгі, қойшы-малшылардың қылышы жоқтары жыландай ысқырған дойыр қамшыны айналдыра ұрғанда шоқпардан да қиын тиіп бетбе-бет келгендерді талдырып түсіріп жатты. Кейбірі шолақтау найзаларын шыр айналдыра үйіргенде қатарынан бірнешеуді ұшымен түйреп өтіп маңайына жолатпады. «Сақетер» дейтін жақыннан жебе ататын қару ұстағандары да бар екен, жылдам ататыны сонша көзді ашып-жұмғанша көздегенін оңдырмай ұшырып түсіруде.
Қоршап келген жаудың саны өте мол еді. Бір адамға он-жиырмадан келіп қаумалай таяп, жан-жағынан найза кезеп қолға түсірмекші болса да, көшпенді малшылар беліндегі қанжарын суырып алып таяп келгеніне бойлата сұғып, ақырғы демінде де жастығын ала кетіп жатты. Осыдан-ақ, олардың өліспей берісбейтіні белгілі болды. Келесі кезекте бұлай қолма-қол шайқаспен оларды ала алмайтынын, алса да өздері сұмдық шығынға ұшырайтынын басқыншылар түсінген болар. Олар кенет шегініп біршама алыстап кетті.
Жаушылық кезде бас қолбасшы болған, бейбіт кезде бас ақылшы болып жүретін Жойқын батыр шалт ойланып әлденені сезе қойды. Ол тау жаңғыртатын алапат дауысымен тай шаптырым аумақты алып жатқан жол серіктеріне естірте айқай салды: «Жанкешті батыр, сен өзің таңдаған біраз малды алып қоршауды жарып шығып артыңа қарамай алыстай бер! Қалғанымыз жаумен шайқасты жалғастырамыз, аман қалсақ артыңнан жетеміз, бізге қарайлама! Егер артыңнан жетпесек шәйт болды дерсің, ел-жұртқа сәлем айт!» деп, қысқа қайырды.
Жанкешті батыр қолбасшының сөзін ести сала өте жедел қимылдап, оның бұйрығын қаз-қалпында орындады. Өзі ұзақ күнгі шайқаста бағдарлап жүрген қамысты көл жақта қоршаудың жоқ екенін байқаған. Жау да оны әдейі тұзақ ретінде солай иесіз қалдырғанын білген, егер бұлар түгелдей топтанып сол жермен қоршауды бұзып шықпақшы болса, көлге қамап ұстауды ойластырған болса керек. Ал, қазір жау жақ бір сәт бұлардан сол қимылды күтуде. Егер, бұлар тұрған орындарынан қозғалмаса онда, басқаша шешім. Жан-жағынан жебені жаңбырша жаудырып түгел қыру! Кешкі апақ-сапақта қоршауда қалғандарды қалт жібермей бағып отырған жау олардың еш қозғалмағанын көрді. Енді, сәл күтсе қараңғы түсіп, мына жаужүрек сахара малшылары қоршауды жан-жағынан бұзып құтылып кетуі әбден ықтимал. Қоршаған жаудың отты жебесі жарқ ете түскені сол еді. Төрт тараптан атылған садақ жебелері қоршауда қалғандардың үстінен жаңбырша жауды. Бұл кезде Жанкешті батыр қамысты көлдің жиегіне де жетіп қойған еді. Атының басын тартып, артта қалғандарға қарап тұра қалды. Жебенің астында қалған достарын ойлағанда іші удай ашып, көзінен жас парлап кетті. Бірақ, осы сәтте Жойқын батырдың «Бізге еш қарайлама!» деген бұйрығы құлақ түбінен жаңғырып, қайта ес жиып алға асыға ұмтылды.
Жойқын батырдың қоршаған жаудың не ойлағанын алдын ала білген жауынгерлік алғырлығына тәнті болса да, жолдастарының тірі қалу-қалмасын ойлағанда ащы өкініш өзегін өртеді. Жойқын батырдың қоршаудан шығуға өзін таңдағанына да таңқалды, қоршаудың бос жерін бір білсе Жанкешті білуі керек дегенді айнытпай тап басқан ғой. Алда-жалда қиын кезең туа қалса жаудан алып шығатын ең қымбат малды да алдын ала іріктеп жүргенінің арқасында Жанкешті батыр ішік киіп, белбеу буғандай ғана аз уақытта жолға шығып кете алды.
Жанкешті батырдың талай жаудан қашып құтылған нардай биік, есік пен төрдей тұрықты, жалы жер сызып жүретін арда-күрең айғырды таңдап мініп, қосы тиелген шудасы шұбатылған алып қара бураны жетектей, жолай сауып сусын етіп келе жатқан мөшке ала сиырларды алдына салып айдай жөнелген. Күрең айғыр арқырай бір кісінегенде құла биенің үйірі соңынан желдей еріп, жеті іңген де қара бураны баран тарта тайраңдай жөңкілген-ді. Жанкешті батыр үш күн бойы ұйқы-күлкісіз батыс бағытқа тынымсыз жортқанда жетектеген, айдаған жануарлар да иесінің ниетін нақ танығандай бір бөгелмей келе жатты. Өйткені, жау өкшелеп қуа қалса, қарасын көрсетпей ұзап кету керек қой.
Сөйтіп, үшінші күні кешке Жанкешті өзінің ыстық мекені сахараның шетіне жетіп жығылған-ды. Қуған жау болса, сахараға аяқ басудан қорқады. Ал, жаудан аман қалған достары болса өздері-ақ қуып жететіні анық. Жанкешті жеткен жерінде үш күн қозғалмай тынықты. Әрі аман қалған адамдары бар болса келіп қалар деп күтті. Бірақ, олардан еш хабар болмаған соң төртінші күні жолға шығып, содан бері ауылға жеткен беті осы еді.
Сахара шетіне іліне құрғақшылықтан шытынап кеткен қу медиенді көріп Жанкештінің көңілі құлазып, көкейін үрей кернесе де, үміті үзілмеген. Келесі күні таңертең өз көзіне өзі сенбей қатты таңданды. Айнала ат шаптырым аумақ көгалданып, одан арғы жерлер сол қуарған қалпы жатыр еді. Содан бері айдаған малымен қайда келіп қонса сол жер табанда жап-жасыл боп көктеп, шалғынға айналып кететін болды.
Жұртта қалған ауылдың жүдеу-жадау ел-жұрты отарға кеткен ерлерінен бір адам болса да аман жеткеніне жүректері жарыла қуанды. Жеті жұттан жұрнағы қалған қамкөңіл ел қайта желпінді. Жанкешті батыр келген күннің ертеңінде таңнан тұрған ел, таңданыстан өз көздеріне өздері сенбей айналаға телміре қарап тұрды. Кеше ғана құрғақшылықтан топырағы бұрқырап жатқан ауыл маңы көз көрім жерге дейін жап-жасыл шалғынға оранып жайқалып тұрды. Одан да ғажабы шалғынның ортасында күрең биенің үйіріндегі биелер түгел құлындап кіл құла құлындар енесіне еріп құлдыраңдап шауып жүр екен. Сонау ауыл шетіне барып жеті інген де боталаған, қос өркеш жәудір көз ботақандар ойнап тайраңдап қояды. Туар туғанша сүт беретін мөшке, берекетті ала сиырлар да бұзаулаған. Жеті жұттан жүдеген аш-арық елдің қуанышында шек болмады. Одан да ғажабы, бүкіл еркек отарға кеткен кезде іште үш айлық болып қалған Жанкешті батырдың келіншегі Күнсұлу осы жұма күнгі бүкіл мал төлдеген таңда тұңғышын босанып қуанышқа қуаныш қосты.
Шығыста таң бозарған кезде дүние есігін ашқан ұлдың туған сәттегі «іңга» шырылы сахараның шегіне жеткендей таңғы тымық ауаны сілкіндіріп бүкіл елді оятты. Сәбидің кіндігін Еланасы атанған Ақ әже кесті. Шілдехана тойына сахара елі түгел жиналды. Күрең айғырдың үйріндегі биелердің бұлақ болып аққан саумалынан ашытқан қымыз көл-көсір болып тойға келгендердің сусынын қандырды. Жас туған мөшке сиырлардың сауған сүтінен тегеш-тегеш сары уыз қатырып ет орнына уыз толы той-дастарханы жайылды. Қартаң адамдар мен балалар жеті інгеннің ботасы тауыса алмаған қою шұбатына тойды.
Туманың атын Абыз ата «Толағай» деп қойды. Той-думан жалғасты. Баяғы кездері таулы өңірдің ақ қайың безінен бітеу ойып жасаған, қой ішегі тағылған қоңыр домбырадан қуаныш күйі сар даланың желімен жарысып шар-тарапқа жайылды. Қоңыр домбыра жеті жұттан бұрынғы шад-шадыман жырғаулы кезді толғады, төрт түлік малдың бүкіл үні күмбірлеп көңілді желпінтсе, сахараның сәні болған дала аңдарының жүйрік жүрісі ішек бойлап тебірентті, дала құстарының неше алуан дыбыстары да перне бойында сыңсыды. Даланың тылсым тынысы бүкіл болмысына сіңген кәрі-жастың бәрі домбыра күйін айтылған сөзден де артық ұғатын еді. Өткен шақтың қызығынан жүздері күлімдеп көңілдері тасыды. Домбырашы бозбала бұл күйдің аты «Сардала» деді.
Келесі кезекте басталған күйдің сазы мүлде өзгеріп шыңғыра шыққан ащы үн, одан күйшінің саусағы перненің аяғында тұрып басына сыр етіп жетіп барғанда кілт өзгеріп тыңдарманның делебесін қоздыратын дүбірлі дыбыс, селк еткізетін шалт иірімді өткір әуен жаужүрек жігіттердің жаумен алысқан қанды шайқасының дабылы құлақтан кіріп көзге елестеп тұрды. Артта қалған ел-жұрты үшін жандарын пида еткен ерлерін еске түсіргенде тойға жиналғандардың көзінен жас сорғалады. Күйші бозбала бұл күйді «Жау шапқан» деп атады. Дала қурайынан жасаған сыбызғыға да кезек келді. Өйткені, сахара елінің сүйіп тыңдайтын бір әуені осы сыбызғы сазы еді. Сыбызғы сазы домбырадан да нәзік сардаланың сырлы тылсымдарын жеткізе алатын-ды.
Сондықтан, еркек атаулы кең далада қой баққанда, балалар қозы жайғанда, қариялар бұйраттардан түйе көздеп жүргенде, сахараның шегінде жас жігіттер қанша күндер жылқы күзетіп жалғызсырағанда түгелдей қойындарына тығып алып жүретін қурай сыбызғыларын ермек қылатын. Өзі сезген даланың сырлы үні мен көкейіндегі ешкімге айтпайтын ғашықтығын, сағынышын сыбызғы күйімен сызылта салатын. Адамның арқасын шымырлатып, жүрегін дірілдете сызылған сыбызғы үнін тілмен айтып жеткізуге болмайтын еді. Оны тек далалықтар құлағымен ғана емес бүкіл өн-бойымен сезініп егіліп отырды. Сыбызғының сызылтқан сырлы сазы ұзақ жалғасты. Сыбызғышы бір кезде кең тыныс алып күрсіне күйін аяқтады да «Жеті жұт» деп күй атын атады.
Толағай бөбекті Ақ әже бесікке салатын болды. Бұрындары ақ талдан басын иіп, қара талмен кергіштеп тастаған, жабдықтары түгелдей түйенің жұмсақ жүні мен қойдың иленген түлеме терісімен жабдықталған, талай бала аяқтанған бесік Ақ әженің алдына әкелінді. Содан кейін Жанкешті батырдың жылқы күзетіне киетін сеңсең тонына оралған Толағайды Ақ әженің алдына әкеліп тосты. Талай баланы бөлеп батасын берген әулие әже Толағайды бесікке бөлемек болып тонды ашып алды да бір сәтте таңданыстан мейірімге толы, даналық нұрын шашқан көзі шарасынан шыға отырып қалды. Толағай мына бесікке сиятындай емес! Таңда туған Толағай бір кеште сонша өсіп кеткені адам сенерлік емес еді. Таңда туған нәресте кеште алты жасар баладай болыпты. Ақ әже өзінің ешкімді ілестірмейтін дана ақылымен лезде бәрін сезді де Толдағай оралған тонды қайта айқара жапты.
Содан жылаған елге естірте: «Толағайға бесіктен гөрі тон лайық екен» деді. Шілдеханаға жиылғандардың «қалайша олай?» дегендей сұраулы жүзіне қарап отырып: «Ей, апалар енді тыштымасын тарата беріңдер! Неге бесікке бөлемегенімді біраз күннен соң өздерің де білесіңдер!» деп, көңілдене күліп қойды. Расында, ертеңінде-ақ Толағай құрдастарымен жүгіріп ойнайтындай болып үйден шыға келді.
Балалар оны қоршап алды, бойы өзінен он жас үлкен ұлдардан да биік, көздері тостақтай мөлдірейді, күлгенде жарқырап тұрған тістері жылқының тісіндей сом екені айнала тұрғандардың назарын аударып, көзін тартып тұрды. Жұдырығы сахарада өсетін сексеуілдің томарындай көрінді. Аяғының жіліктері қара бураның аяғынан да жуанырақ екен. Ауыл балаларының бәрі оның ағасы болса да, бәрі бірден Толағайдың артынан еріп ол не айтса соған бағынды. Толағай көп сөйлемейді, жалғыз сөз айтады. «Мергендікті үйренеміз!» деді. Бәрі ауылдан ұзап шығып нысана етіп тас тікті. Содан алыстау барып кезек-кезек домалақ тас лақтырып нысана дәлдеді. Толағайдың әрбір лақтырған тасы мүлт кетпеді. Сөйтіп, мергендік үйренген нысанашы балалар нысанадан біртіндеп алыстай түсіп күні бойы тас лақтырып ойнаумен болды. Соңына қарай бәрі де мүлт жібермейтін мерген бола бастады. Ең соңғы алыс нысанаға тек Толағайдың тасы ғана жетіп басқасының тасы жетпей қойды.
Келесі күндердің бірінде Толағай: «Жүйрік болып үйренеміз!» деді. Толағай ауыл балаларын жасына сай төртке бөлді, ең кіші деген үш бөлікті ауылдан біраз ұзақтау апарып тізілтіп тұрып, «Ал, бәйге!» деп, жарыстырып жіберіп отырды. Ең соңында үлкен аттар бәйгеге шабатындай қашықтағы Сексеуіл сайға ең ересек балалар келіп жетті. Бәрі жалаң аяқтарының табандары жалтылдап жазық даланың төсінде құстай ұшып зымырады, Толағайдың бір аттағаны басқа балалардың он аттағанындай болса да ол достарын артына қалдырмай ертіп отыру үшін баяу жүгірді. Ауыл шеті көрінгенде Толағай жүрісін тіпті баяулатты алдына үш-төртеуі түсті, соңында қалғандар өзін қуып жетті. Осылай қанша күн жүйріктікке үйренген балалар енді жылқыға жеткізбейтін желаяққа айналды. Тағы бір күні Толағай: «Балуандыққа үйренеміз!» деді. Балаларды тағы да жасына сай төртке бөліп, ауыл шетіндегі жұмсақ құмдаққа әкеліп күрестіре бастады. Жыққандарын келесі жыққандармен күрестіре отырып ең соңында қалып жеңіске жеткен екеудің біріне «Сайыпқыран» деген атақ беріп, екіншісін «Саңлақ» деп атайтын болды. Сөйтіп, балалардың ішінде Сайыпқырандар мен Саңлақтар көбейді, күресудің неше түрлі әдістерін ойлап тапты. «Асау жамбасқа салу», «Іштен шалу», «Қырқай шалу», «Үйіріп жығу», «Сүріндіру», «Өкшеден ілу», «Қоян қолтық ұстасу» деген сияқты талай атау сол кезден қалған-ды.
Ең соңғы балуан жарысы Толағай мен ересек балалардың арасында болды. Олардан шыққан сайыпқырандар мен саңлақтарды Толағай таңдап алып түгел өзіне жабылып күресуді бұйырды. Толағайға әйдік он-жиырмасы қаптап оның бір аяғын да қозғалта алмады. Содан, Толағай шалқалай жатып алып тек бір аяғын не бір қолын жығуды бұйырды, бірақ өздерін түйе балуан санайтын бозбалалардың оған да шамасы жетпеді. Сондай ойынға толы қызықты жаз өтіп, күз де жетіп қалған мезгіл еді. Толағай туғандағысындай күн емес, мезет сайын өскендіктен бірге ойнаған балалар оның бойының күн сайын биіктеп бара жатқанын көздерімен көрді.
Күнсұлу анасы ұлына екі омырауын да емізетін, Толағай сорғанда сүті тоқтамай ағылып ұлының шөлі қанғанда ғана тоқтайтын. Ал күні бойы ойнап келгенде күрең биенің саумалын жұтқызып, ала сиырлардың қатық айранын жегізетін-ді. Жеті жұтқа ұшыраған сахара елін Жанкешті батырдың айдап әкелген малының айран сүті мен одан дайындаған саба-саба іркіттен пісіп алған сары майы, қайнатқан құрты асырап тұрды.
Бұл жазда жер көктесе де ауып кеткен аң-құс қайта келмегендіктен, баяғыдай төрт түлік қыруар мал болмағандықтан сахара құлазып жатты. Күздің ең соңғы айы туғанда Толағай достарын жиып: «Мен өте алыс жерге кетіп аң-құс әкелемін!» деді. Достары: «Ондай көп аң-құсты қалай әкелмексің?» деп таңдана сұрағанда: «Оны қайта келгенде көресіңдер ғой…» деді. Содан өзін қоршап тұрған бүкіл балаларға: «Сендер түгел мерген болдыңдар әрі жылқыдан да жылдам желаяқ жүйріксіңдер әрі жамбасы жерге тимес түйе балуансыңдар. Енді, осы елді қорғайтын, асырайтын батырлары сендерсіңдер!» деді. Достары бірауыздан: «Толағай! Толағай! Толағай!» деп, ұрандатты. Бұл олардың сенің айтқаныңды орындаймыз, деген анттары еді.
Алыс жолға шығатын күні таңертең Толағай әке-шешесі және Абыз ата мен Ақ әжеден бата сұрады: «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші? Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» деді. Олар да: «Қарғам-ау, сонша аң-құсты жалғыз өзің қалай әкелмексің?!» деп таңданды. Толағай достарына айтқан жауабын ғана қайталады. Әке-шешесі мен Абыз ата, Ақ әже: «Жаратушы жар болсын! Қызыр баба жолдас болсын!» деп бата берді.Толағай таңсәрі де жолға шыққан кезде бойының биіктегені сонша, қолы бұлтқа жетіп тұрған-ды, ол таяп келген жауын бұлтынан оң алақанымен бір көсіп жаңбыр суын сусын ғып жұтты. Найзағай оты сіңген жауын бұлты оның күшіне күш қосқандай қарыштай адымдап бір сәтте сахара көкжиегінен асып көрінбей кетті.
Толағай сапарға кеткеннен кейін бір апта уақыт өткен шамада әлдебір күні таң алдында аспан-жер гүр етіп, ауыл-үйдің кереге-уығы, шаңырағы қатты сықырлап, жер солқылдай дірілдеп кетті. Ауыл адамдары жер сілкініп, зілзала болған шығар деп, жанұшыра қорқып үйлерінен жүгіре шықты. Таң саз беріп арайлаған шығыс жақтан бастап, түстік өңірді шаң басып кеткен екен. Үрей билеген қалың көпшілік сол шаң тұманы басқан жақтан көз алмай сілейіп тұрып қалды. Сүт пісірім уақыт өткен кезде шаң-тұманы сейілді. Адамдар өз көздеріне өздері сенбеді. Сағым ғана бұлдырап тұратын сардаланың төсінде асқар тау көз тартып тұрды.
Бұл таңғажайыпты адамдар түсіне алмады. Толағайдың сайыпқыран достары тауға қарай желаяқтарына жел беріп зымырай жөнелді. Ауылдағылар сол таңда сыртқа шыққан қалпы таудан көз айырмай тұрды. Өйткені, олар туғалы тау деген нәрсені көрмеген еді. Аспанға бой созған түйенің өркешіне ұқсас шың-құздың ұшар басы жылқының тіге қалған үшкіл құлағындай сұсты, таудың қойнаулары жап-жасыл ағаштар көмкерген сай-сала. Сол сайлардан сарқырап бұлақтар жазыққа қарай ағып түсуде. Әлгі жылқы құлағындай шынар шыңдардың ұшар басын ақбудақ бұлттар орап алыпты. Сол маңдағы шырқау биікте қанаты турылықтай бір құстардың қалықтап ұшып жүргенін де көздері шалды. Неткен ғажап!
Түске қарай тауға кеткен сайыпқырандар арқаларына бір-бір аңды көтеріп ауылға келіп жетті. Бәрін Абыз атаның алдына әкеліп үйіп тастады. Абыз ата мүйізі қайқы қылыштай ешкіге ұқсас аңға қарап тұрып: «Бұл тауешкі деп аталсын!» деді. Ал, мүйізі түскиіздегі иір оюларға ұқсаған қой текті аңға көз салып: «Бұл арқар болсын!» деді. Әкелінген аңның бәрі бауыздалған екен. Абыз ата ет көрмегелі жыл болған ауыл-үйдің адамдарына: «Бір-бірден алып таза сойып, етін жақсылап бұзып-боршалап сүрлеп алыңдар!» деді.
Толағайдың ең сенімді досы алып пішінді Сайхан атты сайыпқыран өте үлкен бір аңды көтеріп келген екен. Мүйізі сахарадағы кәрі сексеуілдің бұтағы секілді сала-сала, тұрпаты сиырға келіңкірейді. Абыз ата: «О, бұл жануарды бұғы дейік!» деді. Екі алақанын жайып: «Е, Жаратушы Ием бергеніңе құлдық! Толағайымның «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші! Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» дегені осы екен ғой!» дегенде кәрі көзінен төгілген жасы ақ сақалына тамып-тамып кетті. Содан кейін көңілін демдеп алып жарқын дауыспен: «Бұл алып аңды сойып жер ошақтағы қазандарға асып Толағайдың аман-есен келгеніне тілеу-той жасаңдар!» деді. Сайхан сайыпқыранға көз салып: «Ей, ұлым бұл аңдарды қалай ұстадыңдар?» деп сұрады. Сайхан пәс дауыспен: «Ата, біз тауға барсақ қойнауы құт сайлар үйір-үйір осындай аңдарға толы екен. Біз таяп қасына барғанда тіпті, үріккен де жоқ, бізге құлақтарын тігіп таңдана қарап тұра берді. Сөйтіп, ақырындап бәріміз бір-бір аңға жақындап барып артқы сирақтарынан шап беріп ұстай алып, алып соғып, қынымыздағы селебе пышақтарымызбен бауыздап алдық. Осы кезде ғана аңдар селт етіп үркіп қаша жөнелді» деді.
Дәл осы әңгіменің тұсында Сайыпқыраннан кейінгі Саңлақ аталған бір топ бала көз ұшынан көрінді. Тұрғандар енді соларға көз салды. Таяп келгенде байқаса құшақтарында аңның бір-бір төлін тірідей құшақтап алып келіпті. Бүкіл бала көздері жаутаңдаған жас төлдердің құлағын ұстап, сирағынан сипап шулап мәз болысып кетті. Мұны көрген Абыз ата жайдарылана күлді: «Бәрекелі! Құлыншақтарым! Бұларың мына әкелген аңдардың төлі ғой оны қалай ұстадыңдар?» деді, таңдана. Саңлақтарды бастап жүрген Айхан деген ұл: «Ата-ау, біздің бәріміз Толағай үйреткен шалмашылармыз ғой. Белімізден қыл арқан түспейді, сонымен мына төлдерді қуып жүріп шалмалап ұстадық!» деді, қуанышты үнмен. Абыз ата жүндері жылтыраған тап-таза, құлақтары тікірейген сергек, көздері жаутаңдаған сүйкімді тауешкі мен арқардың жас төлдеріне көз салып тұрып: «Бұларды енді, әкелген әркім өзі асырап сиырдың сүтін емізіп бақсын, содан бәрің бірігіп жайыңдар, бұл тағы төлдер біртіндеп қолға үйреніп қой-ешкі секілді малға айналады…» деп, кеңк-кеңк күліп қойды.
Ауыл Толағайды күтті. Ата-анасы Жанкешті мен Күнсұлу «Ұлымыз қашан келеді?» дегендей, тау жаққа қарайлаумен болды. Бірақ, Толағай оралмады. Екеуі Ақ әжеге барды, ол кісі осындай алмағайып кезде түс көруші еді. Өткенде ерлердің бәрі жаумен шайқаста шәйт болып, жалғыз Жанкешті қайтып келетінін аян көріп айтып еді. «Көп сұңқар құстар бұлт секілді қалың құзғынмен таласып аспаннан жерге түспей қойды, бір сұңқар солардан бөлініп шығып тұмсығына үйрек тістеп, аяғына бір қазды қысып алып, ауылымыздың үстін келіп айналып жүр екен» деген. Жанкешті мен Күнсұлудың өзінің алдына келгенін көрген Ақ әже терең күрсінді: «Толағай қарғамды қашан қайтады деп жүрсіңдер ғой. Бәріміз де сағынып отырмыз. «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші! Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» деген, сөзін орындады. Өткен күні жер сілкінгенде анау бауыры аң-құсқа толы тауды арқалап келіп қу медиен болып қалған айдалаға әкеліп тастаған еді.
Содан, бұлтты сусын етіп жұта сала асығып қайта кеткендей болды. Тағы бір тау арақалап келіп бірақ оралмақшы шығар. Бірақ, түнде түсімде Толағайым өзі тауға айналып кеткенін көрдім, «Ақ әже, ата-анама менен сәлем айт!» деген үні тау жаңғыртып құлағыма саңқ еткенде ояна келсем, таң саз беріпті» деді. Содан бері тағы бір апта уақыт өткен еді. Тағы да өткендегідей жұма күні таң алдында аспан-жер гүр етіп, ауыл-үйдің кереге-уығы, шаңырағы қатты сықырлап, жер солқылдай дірілдеп кетті. Ауыл адамдары шынында зілзала болған шығар деп, үйлерінен жүгіре шықты.
Таң саз беріп арайдың ақшыл нұры шағылып тұрған сонау солтүстік өңірді шаң басып кеткен екен. Үлкен-кіші көпшілік сол шаң тұманы басқан жақтан көз алмай сілейіп тұрып қалды. Сүт пісірім уақыт өткен кезде шаң-тұманы сейілді. Тұрғандар тағы таң-тамаша қалды. Сары сағым ғана жайлаған теріскей беттегі сахара төсінде асқар тау көз тартып тұрды. Сайыпқыран мен саңлақ балалар: «Толағайды ертіп келеміз!» деп, шулай ұрандап солай қарай құйындай құйғытып жөнелді. Үлкендер жағы күмән мен қуаныш аралас көздерін бұлдыратып теріскей жаққа келіп орныққан тауға телмірді.
Бұл тау түстікке әкелінген таудан гөрі жатаған, доңғыл-доңғыл, түгел жасыл орман бүркенген, бел-белестер екен. Шығыс шеті мен батыс шеті бұлдырап көрінсе де таудан түскен кең аңғардың жетеу екенін көзқарақты үлкендер күбірлей санап тұрды. Осы аңғардан ақ көбік шашқан өзендер арқырап ағып түстіктегі кең ойпатқа қарай жөңкіле ағып бара жатты. Сайыпқырандар мен Саңлақтар түске қарай ауылға қарай сылбыр аяңдап бастары салбырап келе жатқаны көрінді. Олар ауылдың алдына келгенде еңірей жылап: «Толағайды тау басып қалыпты! Оң аяғы мен оң қолы ғана тау шетінен шығып қалыпты!» деген қаралы хабар жеткізді.
Ауыл түгел азалана өксіді. Абыз ата ауылдың ақсақалдары бастаған бір топ адамды тауға қайта жіберді. «Толағайдың неден болып жығылғанын анықтап қайтыңдар!» деп тапсырды. Кеткендер әбден кеште көздерінде қимастық жасы шыланып оралды. Абыз атаның алдына келіп: «Оң аяғына қара құзғын секілді қалың жау жабысып алып осы жерге дейін келіпті де балтырын найзалапты, сол кезде Толағай аяғымды қышытқан не нәрсе дегендей тау көтерген оң қолын босатып әкеліп оларды бір тырнап түгел шашып жіберген екен. Осы кезде оң қол жағы тіреп тұрған тау теңселіп кетіп, қышынғанда көтеріп қалған оң аяғын қайтадан тіреймін дегенше, Тау ауып құлаған секілді» деп, түсіндірді. Абыз Ата терең күрсінді: «Қайран Толағайым! Елің үшін жаныңды қидың! Бірақ, ұрпақтан ұрпаққа жететін Жаратушының қазынасын жеткізіп беріп өшпейтін ерлік жасадың!» деді.
Сол заманнан бері мыңдаған жыл бойы бұл тауды елі «Толағай тау» деп атаған еді. Алайда, Толағай елін жүздеген жылдар бойы аңдыған қара құзғындай көп ата жаулар бұл мекеннің ел-жұрын өз жерінен қуып жарты ғасырдай иеленіп жатты. Сол уақытта «Толағай тау» атауы бөтен аталып кейінгі ұрпағы Толағайды ұмытқан еді. Асылында, Толағай тауынан аққан жеті өзеннен Балқаш атты шығыстан батысқа дейін жүздеген шақырымға созылған үлкен теңіз пайда болған-ды. Бұл Толағайдың елін жерін сағынғандағы аққан көз жасы болатын». Сәл сәттен кейін таудан сарқырай аққан сансыз бұлақтың үніне қосылып естілген Абыз Атаның күңгірлеген зор дыбысы ақырындап аяқталды. Түнгі ақ тұман Абыз Атаның бетін тұмшалап ештеңе көрінбей қалды. Осы кезде ғана тыныс алмай әңгіме тыңдаған үш ұлан селт етіп естерін жиып мына дүниеге қайта оралғандай бір-біріне танымайтын адамдай сәл қарасып тұрып қалды. Одан кейін өздері жұлдыз самсаған түнгі аспан астында тұрғандарын аңғарды. Білімпаз: «Ал, кәне мен бағана айтқан Жетіқарақшыны тауып, баратын бағытымызды анықтаңдар!» деді.
Көреген мен Сезімтал екеуі қатар: «О, сен бізге жұлдыз туралы ғажап нәрсе үйреттің ғой. Түгел есімізде әне шөміш сияқты Жетіқарақшы жұлдызы. Енді, шөміш басындағы екі жұлдызды бес рет тіке жоғары түзу сызықпен тартқанда міне Темірқазыққа келіп тірелді емес пе! Біз Темірқазықты желкемізге алып түстіктегі Абыз Атаға келдік қой. Енді, Темірқазықты тура маңдайға ұстап жүрсек ауылға жетеміз!» Білімпаз: «Өте дұрыс айттыңдар! Жарайсыңдар! Ал, кеттік!» деп, қылыш таяғын бір жалт еткізіп еңіске қарай жүгіре жөнелді. Үшеуі ауыл шетіне таяғанда шам ұстаған қараңдаған біреулердің өздерін іздеп келе жатқан ағалары екенін білді. Келгендер: «Түн ортасында қайда қаңғып жүрсіңдер!» деп, бірден дауыс көтерді. Бұл Білімпаздың ағасы Ойлан еді. Үшеуі қатар: «Біз Абыз Атаға барып аңыз тыңдап қайттық!» деді, батылдана. Абыз Ата дегенді естігенде жаңа ғана реніш айтып тұрған ағаларының дауыстары жұмсарып:
«О, ол неткен тамаша жаңалық! Бізге де айтып берерсіңдер!» деді, қуана.
(соңы)

ПІКІР ЖАЗУ