Сапалы білім – саналы тәрбие негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» дейді. Яғни қазіргі ақпараттық технология өркениетінің қарқынына сай білім мен ғылым бәсекелестік деңгейге көтерілуі керек екенін көріп отырмыз. Білім-ғылым ең алдымен халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу зияткерлік зердесін дамыту үшін қажет. Елімізде өндіріске ғылыми техниканы қосып, өнеркәсіпті дамытудың маңызы зор.

 

ХVIII ғасырда-ақ қазақтың ұлы қолбасшысы, дипломат, Абылай хан:
Білекке сенген заманда,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда,
Қапы қалып жүрмелік, — деп, алаң болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан да еліміздің білім саласына түрлі реформа жасалып, дамыған елдердің озық тәжрибиелерін енгізудің маңызы зор. 2021 жылы қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы негізінде «Оқуға құштар мектеп», «Жайлы мектеп» секілді стратегиялық бағдарламалар жұмыс істеп жатыр.
Қазақта бала тәрбиесін құрсақта шақалақ пайда болған сәттен бастап қолға алу керек деген түсінік бар. Яғни қазіргі білім беру бағдарламасында ерекше ескеріле бастаған балабақшадағы тәрбиелеу мен оқытудың маңыздылығының өзегі қазақтың ұлттық философиясында бұрыннан бар мәселе екенін аңғаруға болады. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: – Үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоционалдық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілді. Оқу бағдарламалары, жоспарлары және оқыту әдістері қайта қаралды. Осыған дейін бағдарлама тым академиялық болып келді, ол 3-4 жасар балаларды отырғызып, 20 минуттан сабақ беру болса, ендігі кезекте халықаралық тәжірибе ескеріліп, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, балабақша табалдырығын аттасымен басталатын болды. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Сондықтан баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс, — дейді. Министрдің айтуынша, жаңа модельдегі ұстаным – балаларды коммуникативті, өз өзіне сенімді, төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығуды көздейді.
Бастауыш сыныптарда «Әліппе», «Ана тілі» секілді оқулықтардың қайта оқытыла бастауы білім саласындағы сабақтастық негізі десек қателеспейміз. «Ұлттық тәрбие ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар көзі» деген ұстаныммен балабақшадан ЖОО оқу орындарына дейін ұлтымыздың рухани-мәдени құндылықтарын бала бойына сіңіру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Білім мен тәрбиенің қайнар бұлағы – кітап және оқулық. Бүгінгі күні шетелдік көптеген таңдаулы туындылар қазақ тіліне аударылып, оқырманға үлкен олжа салып жатса, отандық ақын-жазушыларымыздың да заман сұранысына сай жаңа еңбектері жарық көріп, оқуға құштар барлық оқырманның сұранысын өтеуге жарап қалды. Ал оқулықтың сауатты, сапалы болуы үшін Оқу-ағарту министрлігі біршама талаптарды күшейтті. Көптен бері айтылып жүрген оқулық мәселесіндегі олқылықтарды түзету мақсатында оқулықтарды әзірлегені үшін авторлар мен баспалардың жауапкершілігі белгіленді. Баспада оқулықтың мемлекеттік стандартқа сәйкестігіне сараптама жүргізу, полиграфиялық қателік анықталған кезде оқулықтарды ауыстыру, баспалар есебінен авторларды арнайы курстарда оқыту міндеттемелері бекітілді.
Орта білім беру мен ЖОО-да білім беру сапасын арттырумен қатар, оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығын қорғау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытында да мақсатты жоспарлар әзірленіп жатыр. Мәселен: былтырдан бастап заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді, студенттердің стипендиясын арттыру, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға ұлғайту, студенттік жатақханамен қамтамасыз ету, жатақханаларды қайта жөндеу, ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу бағыты бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Сонымен қатар білім саласын ғылымға бұру мақсатында ғалымдардың жалақысын өсіру, Ғылыми зерттеу институтын тікелей қаржыландыру және елімізде шетелдің танымал 5 университетінің филалын ашу жұмыстары атқарылып жатыр. Министрліктің ақпаратына сәйкес биыл отандық жоғары оқу орындарының бірінің базасында британдық Heriot-Watt University және түріктің Hacettepe University филиалдарын ашуды қарау жоспарланып отыр. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген бабалар өсиетін ескерсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру бағытындағы жұмыстар елімізде білімді, зейінді-зерделі, интеллектуал жастардың қатарын арттыру, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық мәселелерінің ғылыми тұжырымдамасы арқылы сауатты, салауатты ұлт болуға деген үлкен мақсат-мүддені көруге болады.

Қазақтың біртуар ұлы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің ХІХ ғасыр басында:
«Өнер білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды» — деп, ғылым-білімге ұмтылған елдерді тамсана жырлап, қазақ баласын оқуға, білім алып, ғылымға бетбұруына үміттене үндеген жарқын үні үнемі жадымызда жаңғырып, Қазақ елі өнер-білімі дамыған өркениетті елдермен иық тіресуі тиіс. Сондықтан ел ертеңі өскелең ұрпақ мемлекетіміздің білім-ғылым саласындағы өздеріне жасалған қамқорлығын сезініп, алдарына ұлы мақсаттар қоюы керек. Ал білім-ғылымға бетбұрған әрбір жас «Білім жоқ жерде арман – ада, қиял – қысыр» екенін естен шығармаса екен дейміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ