Рахмет саған, Қазақстан!

1 наурыз – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай талғар қаласыдағы Абай Құнанбайұлы атында № 3  жалпы білім беретін орта мектепте  «Рахмет саған, Қазақстан!» атты салтанатты әдеби-музыкалық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шара – еліміздің көпұлтты халқының бірлігі мен ынтымағын, кеңпейілділігі мен бауырмалдығын дәріптеуге бағытталған ерекше мереке болды. Кеш шымылдығы ашылған сәттен бастап сахна төріне қос қапталдан шыққан оқушылар мерекелік көңіл күй сыйлады. Фондық бейнеролик арқылы кең-байтақ қазақ даласының көріністері, көк туымыз бен бейбіт өмір бейнеленді. Жүргізушілер жиналған қауымды Алғыс айту күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнімен құттықтап, бұл күннің мән-мағынасына тоқталды. Оқушылардың орындауындағы жүрекке жылы тиетін өлең жолдары мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні кештің айбынын арттыра түсті. «1 наурыз – мейірім, достық пен бірлік мерекесі» екені ерекше атап өтіліп, қазақ жерінің түрлі этнос өкілдеріне құтты мекен болғаны сөз болды.

Сахна төрінде қазақтың төл өнері – «Қара жорға» биі орындалды. Бұл би – халықтың жігері мен өміршеңдігін, ұлттық болмысын айқындайтын ерекше туынды. Көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алған би кештің мазмұнын тереңдете түсті. Мектеп басшысы Руфат Матниязов құттықтау сөз сөйлеп, бірлік пен татулық – еліміздің басты байлығы екенін атап өтті.

Кеш барысында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы тарихи кезеңдерге шолу жасалды. Қиын-қыстау заманда Қытай жерінен қоныс аударған ұйғыр және дүнген халықтарының қазақ жерінен пана тапқаны сахналық көрініс арқылы әсерлі бейнеленді. Қазақ халқының дархандығы мен бауырмалдығы, жаңа қоныстанушыларға көрсеткен көмегі көрермен көңілін тебірентті. Ұйғыр биі шығыс мәдениетінің нәзіктігі мен сұлулығын паш етті. Ұйғыр дастарханының молшылығы мен хош иісті тағамдары – еңбексүйгіш халықтың дәстүрі мен мәдениетінің көрінісі екені айтылды.

1937, 1941, 1944 жылдардағы депортация тақырыбы да кештің маңызды бөлігі болды. Корей, неміс, шешен, ингуш және басқа да халықтардың тағдыры сахналық көрініс арқылы көрсетілді. Суық желдің гуілі, үмітсіздік пен қорқыныш сәттері – бәрі де оқушылардың шынайы ойыны арқылы жеткізілді.

Қазақ отбасының өзге ұлт өкілдеріне ыстық шай мен бауырсақ ұсынып, пана беруі – адамгершіліктің жарқын үлгісі болды. «Курт» көрінісі ерекше әсер қалдырды. Ақ тастардай лақтырылған құрттың шын мәнінде тіршілікке деген үміт екенін түсінген сәт – көрермен жүрегіне жол тапты. Бұл көрініс мейірімнің кез келген қатал бұйрықтан биік тұратынын айқын көрсетті.

Корей биі нәзіктік пен төзімділіктің символына айналса, кавказ лезгинкасы қайсар рух пен алғыс сезімін бейнеледі. Кавказ асханасының тағамдары мен ұлттық нақыштағы көріністер мәдени әралуандылықтың байлығын танытты.

1950-жылдардағы тың игеру кезеңі де назардан тыс қалмады. Қазақстанға келген мыңдаған украин, орыс, белорус және басқа да ұлт өкілдерінің адал еңбегі сахнада көрініс тапты. «Скоро здесь зашумят золотые моря…» деген жалынды өлең жолдары арқылы жас ұрпақтың үміті мен сенімі бейнеленді. Қазақ даласының талай тарихи кезеңдерді бастан өткергені, әр уақытта да ынтымақ пен еңбек арқылы дамуға ұмтылғаны көрсетілді. Славян халықтарының хоровод және перепляс билері достықтың, кеңпейілділіктің белгісіндей әсер қалдырды. Орыс асханасының кең дастарханы да ұлттық ерекшелікті айшықтады.

Кеш соңында заманауи Қазақстан туралы бейнеролик көрсетіліп, бүгінгі бейбіт өмір, дамыған қалалар мен бақытты балалар бейнесі ұсынылды.  «Бүгін біз кімнің қашан келгенін есептемейміз. Бүгін біз – бір халықпыз!» деген жүргізушілер сөзі кештің түйініне айналды. Барлық қатысушылардың хормен айтқан «Рахмет саған, Қазақстан!» сөзі залға ерекше рух берді. Шара соңында «Атамекен» әні орындалып, көрермендер зор қошемет көрсетті. Бұл ән туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің, ризашылықтың белгісі болды.

«Рахмет саған, Қазақстан!» атты мерекелік кеш – жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік сезім ұялатқан, ел тарихын құрметтеуге үндеген, бірлік пен татулықты дәріптеген тағылымды іс-шара болды. Қазақстан – сан түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағы. Біздің басты құндылығымыз – ынтымақ пен өзара сыйластық. Осындай тәрбиелік мәні зор кештер оқушылардың ел тарихын терең түсінуіне, достық пен алғыс сезімін қадірлеуіне зор ықпал етеді.

ПІКІР ЖАЗУ