Өнерлі бала — өрге жүзер

Ерлік пен намысқа толы тағдыр иесі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ұшқан ұя –ұлттық  тәрбие мектебі» атты әйел-аналар форумы өтті.

Бауыржан Момышұлы  жұлдызы биік Жуалының төл перзенті. Жуалының жусан иісі сіңген кең даласы батырдың туа біткен қайсар болмысын қалыптастырады. Оның ерлігі –туған жерінің мінезі секілді өр, тік.  Ал «Ұшқан ұя» кітабы батырдың балалық шағымен ананың  әлдиі, әженің  тәрбиесі, ауылдың өнегесі  арқылы ұрпаққа қалдырған рухани аманат.  Бұл  ғибратқа толы шарада  баланың бағбаны ата-ана деген ұғымның қадірін арттырып форумның  мазмұнын тереңдетіп ашу мақсатында  Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының  «Жуалы»  халықтық театрының дайындауымен батырдың «Ұшқан ұя» шығармасынан «Сәлем сөздің анасы», «Әже тағлымы», «Ана даналығы» тақырыбында қысқа  көріністер көрсетілді. Бала Бауыржанды Жуалы ауданы Талапты ауылы №22  Бауыржан Момышұлы атындағы орта  мектебтің  4 сынып оқушысы Шалқар Темірхан Абайұлы  шеберлікпен  жеткізіп  көрерменді  сүйсінтті.

Темірхан өнерді жаны сүйетінін байқатып театрдағы ағалармен тез тілтабысып бала  Бауыржанды сомдайтынын жүрегімен сезінді. Бір қызығы мінезі тік, ойын ашық айтып жалтақтауды жат санайтын Темірхан қай ортада болмасын өзін еркін ұстайды, тірлігіне өте мұқият. Сонымен қатар  салт–дәстүрге арналған бата түрлерін  жаттағанды  және атқа мініп серуендегенді жақсы көреді. Темірхан  малдың жайын түсініп, нағыз ауыл  тіршілігінің  шынайы бейнесін ерте жастан бойына сіңіріп келеді. Темірханның әдебиетке жақын болуы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі анасы Сулейменова Айжанның  ықпалы болар. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, даңқты қолбасшы   Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған бұл ауылдың жастары мен жасөспірімдері әдебиетке, өнерге жандары құмар. Тіпті бастауыш сыныптарда оқитын қай бала болсын рухты өлең оқудың шебері. Әртүрлі әдеби-сазды  кештердің бел ортасынан табылады. Асқар алаутаудың етегінде орналасқан аядай ауылдың балалары тауға қарап, сол таудың баурайынан сарқырап аққан судан сусынын қандырып аталарындай тау тұлғалы азамат болып өсіп жатыр деп мақтан  тұтамыз. Бауыржан атамыздың «Ұшқан ұя» мұрасы – отбасының тәрбие  кітабына айналса деген ниет.

 

ПІКІР ЖАЗУ